Хадис

«Тахрим» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 115-тарау · 3 хадис · № 838–840

Хадистер

838
Кутуб ситтә, № 838 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُحِبُّ الْعَسَلَ وَالْحَلْوَ، وَكَانَ إِذَا انْصَرَفَ مِنْ صَلَاةِ الْعَصْرِ دَخَلَ عَلَى نِسَائِهِ فَيَدْنُو مِنْ إِحْدَاهُنَّ فَدَخَلَ عَلَى حَفْصَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَاحْتَبَسَ أَكْثَرَ مِمَّا كَانَ يَحْتَبِسُ. فَغِرْتُ فَسَأَلْتُ عَنْ ذَلِكَ، فَقِيلَ لِى أَهْدَتْ لَهَا امْرَأَةٌ مِنْ قَوْمِهَا عُكَّةً مِنْ عَسَلٍ، فَسَقَتِ النَّبِىَّ ﷺ مِنْهُ شَرْبَةً. فَقُلْتُ: أَمَا وَاللَّهِ لَنَحْتَالَنَّ لَهُ. فَقُلْتُ لِسَوْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا إِنَّهُ سَيَدْنُو مِنْكِ فَإِذَا دَنَا مِنْكَ فَقُولِى لَهُ يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَكَلْتَ مَغَافِيرَ؟ فَإِنَّهُ سَيَقُولُ لَكِ لَا. فَقُولِى لَهُ مَا هَذِهِ الرِّيحُ الَّتِى أَجِدُ مِنْكَ؟ وَكَانَ يَشْتَدُّ عَلَيْهِ أَنْ يُوجَدَ مِنْهُ الرِّيحُ. فَإِنَّهُ سَيَقُولُ سَقْتِنِى حَفْصَةُ شَرْبَةَ عَسَلٍ: فَقُولِى لَهُ جَرَسَتْ نَحْلُهُ الْعُرْفُطَ، وَسَأقُولُ ذَلِكَ. وَقُولِى أَنْتِ يَا صَفيَّةُ ذَلِكَ. قَالَتْ: تَقُولُ سَوْدَةُ. فَوَاللَّهُ الَّذِي لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ مَا هُوَ إِلَّا أَنْ قَامَ عَلَى الْبَابِ، فَأَرَدْتُ أَنْ أَبَادِيَهُ بِمَا أَمَرْتِنِى فَرَقًا مِنْكِ، فَلَمَّا دَنَا مِنْهَا قَالَتْ لَهُ سَوْدَةُ: يَارَسُولَ اللَّهِ أَكَلْتَ مَغَافِيرَ؟ قَالَ لَا. قَالَتْ: فَمَا هَذِهِ الرِّيحُ الَّتِى أَجِدُ مِنْكَ؟ قَالَ سَقَتْنِى حَفْصَةُ شَرْبَةَ عَسَلٍ. قَالَتْ: لَعَلَّ نَحْلَهُ جَرَسَتِ الْعُرْفُطَ. قَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: فَلَمَّا دَارَ إِلَيَّ قُلْتُ لَهُ مِثْلَ ذَلِكَ. فَلَمَّا دَارَ إِلَى صَفِيَّةَ قَالَتْ لَهُ مِثْلَ ذَلِكَ. فَلَمَّا دَارَ إِلَى حَفْصَةَ قَالَتْ يَارَسُولَ اللَّهِ: أَلَا أَسْقِيكَ مِنْهُ؟ قَالَ لَا حَاجَةَ لِى فِيهِ، قَالَتْ سَوْدَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: وَاللَّهُ لَقَدْ حَرَّمْنَاهُ. فَقُلْتُ لَهَا: اسْكُتِى». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бал мен тәтті нәрселерді жақсы көретін. Сондай-ақ екінті намазын оқығаннан кейін (күн сайын) әйелдеріне жеке-жеке кіріп шығатын, олармен әңгімелесетін. Сондай сәттердің бірінде әзірет Хафсаның (р.а.) жанына барған еді. Бұл жолы оның жанында әдеттегіден көбірек уақыт аялдады. Мен соны қызғанып, себебін (Расулалланың басқа әйелдерінен) сұрадым. Маған: «Оның жақындарынан бір әйел Хафсаға бір оққа (Таиф) бал тарту етіпті, Расулаллаға содан шәрбат жасап берген болуы мүмкін, (сол шәрбаттың құрметіне көбірек аялдаған болар)», – деді. Мен: «Аллаға ант етемін, оған айла ойластырамын», – дедім. Сәудаға (р.а.): «(Хафсадан кейін кезек сенде) Ол ішке кірген соң саған жақындайды. Сол кезде оған: «Уа, Алла елшісі! Мағафир1 жегенсіз бе?» деп айт. (Мен білемін, ол саған:) «Жоқ!» деп айтады. Сол сәтте сен: «Олай болса, сенен шығып тұрған мынау қандай иіс?» дейсің».

Бір риуаятта әзірет Айша былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінен ұнамсыз иіс шыққанын ұнатпайтын, ондай кезде мазасы кететін (сол себепті шындықты мойындап) міндетті түрде «Хафса маған бал шәрбатын берді» дейтін болады. Сол мезетте сен оған «Демек, ара балды урфут гүлінен жинаған болар» дейсің. (Сенен кейін маған келген кезде) мен де солай жасап, осылай айтамын. Сәфия, саған барған кезде, сен де солай айт!» – дедім».

Әзірет Айша сөзін жалғастырып: «Сәуда (кейінірек маған) былай деді: «Аллаға ант етейін, маған айтқандарыңды Расулалла есіктен кірісімен, сенен қорыққаным үшін (ұмытпай тұрып) бірден айтпақшы болдым». Не керек, Расулалла өзіне жақындағанда, Сәуда: «Уа, Алла елшісі, мағафир жегенсіз бе?» – дейді. Ол «Жоқ!» деп жауап береді. Сол кезде екеуара мынадай әңгіме өрбиді:

– Олай болса, бұл ненің иісі?

– Хафса маған бал шәрбатын ұсынды.

– Демек, ара урфут жеген болар.

Әзірет Айша (р.а.) әңгімесін әрі қарай жалғастырады: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған келгенде, мен де дәл сол нәрселерді айттым. Сәфия да сол нәрселерді айтты.

Расулалла келесі жолы Хафсаның жанына барғанда, Хафса: «Уа, Алла елшісі, өткендегі шәрбаттан берейін бе?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жоқ, керек емес», – деп жауап береді. (Осы жағдайды естіген кезде) Сәуда: «Аллаға ант етейін, балды оған харам қылдық!» – деді. Мен оған: «Үндеме», – дедім».2

  1. 1«Мағафир» урфут деп аталатын, еменге ұқсайтын ағаштан сүзіліп шығатын, иісі ұнамсыз шырын.
  2. 2Бұхари, Талақ 8, Неке 103, Атғима 32, Әшриба 10, 15, Тибб 4, Һиял 5; Мүслим, Талақ 20, (1474); Әбу Дәуіт, Әшриба 11, (3715); Нәсәи, Талақ 16, (6, 151, 152).
839
Кутуб ситтә, № 839 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «شَرِبْتُ عَسَلًا عِنْدَ زَيْنَبَ بِنْتِ جَحْشٍ وَلَنْ أَعُودَ إِلَيْهِ. فَنَزَلَتْ: لِمَ تُحَرِّمُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكَ. إِنْ تَتُوبَا إِلَى اللَّهِ. لِحَفْصَةَ وَعَائِشَةَ؛ وَإِذْ أَسَرَّ النَّبِىُّ إِلَى بَعْضِ أَزْوَاجِهِ حَدِيثًا. هُوَ قَوْلُهُ: بَلْ شَرِبْتُ عَسَلًا وَلَنْ أَعُودَ لَهُ، وَقَدْ حَلَفْتُ فَلَا تُخْبِرِي بِذَلِكَ أَحَدًا».

Қазақша аудармасы

Басқа риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Зейнеп бинт Жахштың жанында бал шәрбатын іштім, ендігәрі оны ішпеспін», – дейді. Кейін мына аят түсті: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ۝ قَدْ فَرَضَ ٱللَّهُ لَكُمْ تَحِلَّةَ أَيْمَٰنِكُمْ وَٱللَّهُ مَوْلَىٰكُمْ وَهُوَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْحَكِيمُ ۝ وَإِذْ أَسَرَّ ٱلنَّبِىُّ إِلَىٰ بَعْضِ أَزْوَٰجِهِۦ حَدِيثًا فَلَمَّا نَبَّأَتْ بِهِۦ وَأَظْهَرَهُ ٱللَّهُ عَلَيْهِ عَرَّفَ بَعْضَهُۥ وَأَعْرَضَ عَنۢ بَعْضٍ فَلَمَّا نَبَّأَهَا بِهِۦ قَالَتْ مَنْ أَنۢبَأَكَ هَٰذَا قَالَ نَبَّأَنِىَ ٱلْعَلِيمُ ٱلْخَبِيرُ ۝ إِن تَتُوبَآ إِلَى ٱللَّهِ فَقَدْ صَغَتْ قُلُوبُكُمَا وَإِن تَظَٰهَرَا عَلَيْهِ فَإِنَّ ٱللَّهَ هُوَ مَوْلَىٰهُ وَجِبْرِيلُ وَصَٰلِحُ ٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةُ بَعْدَ ذَٰلِكَ ظَهِيرٌ﴾ «Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?! Алла − Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)! Алла қажет кезде анттарыңды бұза аласыңдар деп үкім шығарып, сендерге оның өтемін белгілеп берді. Алла сендердің қамқор иелерің! Ол – Алим (шексіз ілім иесі), Хаким (асқан даналық иесі)! Кезінде Пайғамбар жұбайларының біріне бір сыр айтқан еді. Алайда жұбайы ол сырды ашып қойғанда, Алла оны (елшісін) ашылған сыр жайынан хабардар етті. Сонда ол жұбайына ашқан сырының бір бөлігін айтып, бір бөлігін айтпады. Осылайша ол жұбайын ашылған сыр жайынан хабардар еткенде, жұбайы таңырқап: “Мұны сізге кім айтты?!” − деп сұрады. Сонда ол: “Мені бұл жайдан Алим (шексіз ілім иесі), Хабир (бәрінен хабардар) Алла хабардар етті”, − деп жауап қатты. Егер екеуің де Аллаға тәубе етсеңдер, өздерің үшін қайырлы болмақ, өйткені жүректерің ауытқып кетті. Ал егер бір-біріңе болысып, оған қарсы келетін болсаңдар, онда біліп қойыңдар, шүбәсіз, Алла және Жәбірейіл мен ізгі мүміндер һәм содан кейін періштелер де оның қолдаушысы!».1

Аяттағы «Екеуің де тәубе етсеңдер» деген сөз Хафса мен Айшаға (р.а.) қатысты. Пайғамбардың жұбайына ашқан сыры мына сөзі еді: «Мен бал іштім. Енді оны ішпеймін. Осыған ант еттім, мұны ешкімге айтпа».

  1. 1«Тахрим» сүресі, 1–4-аяттар.
840
Кутуб ситтә, № 840 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ لَهُ أَمَةٌ يَطُؤَهَا فَلَمْ تَزَلْ بِهِ عَائِشَةُ وَحَفْصَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا حَتَّى حَرَّمَهَا عَلَى نَفْسِهِ، فَنَزَلَ: لِمَ تُحَرِّمُ مَا أَحَلَّ اللَّهُ لَكَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Расулалланың (с.а.с.) жақындық жасайтын бір күңі бар еді. Айша мен Хафса (р.а.) осы мәселені қозғап, оны өзіне харам еткенге дейін сөзін қоймады. Соңында Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл күңді өзіне харам қылды. Осыған байланысты ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ لِمَ تُحَرِّمُ مَآ أَحَلَّ ٱللَّهُ لَكَ تَبْتَغِى مَرْضَاتَ أَزْوَٰجِكَ وَٱللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ﴾ “Уа, пайғамбар! Жұбайларыңның разылығын қалап, көңілін табам деп, неліктен Алланың адал еткенін өзіңе харам қыласың?! Алла − Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!” деп басталатын «Тахрим» сүресі түсті».1

Түсіндірме

«Тахрим» сүресінің түсу себебіне қатысты үш риуаят келтірдік. Алғашқы екеуі бір оқиғаға қатысты болғанмен, үшінші риуаятта басқа оқиға баяндалған. Тәпсір кітаптарында басқа оқиғалар да жазылған. Мәселені зерттеген ғалымдар бұл сүренің түсуіне бір емес бірнеше себеп түрткі болғанын айтады. Соған байланысты, көптеген аяттар мен сүрелерде болғанындай, бұл жерде де түсу себебі емес себептері жайлы айтқан дұрысырақ болады. Тақырыпқа қатысты бірнеше мәселеге тоқталайық:

1. Бал шәрбаты мәселесі: Алғашқы екі риуаят осы оқиғамен байланысты. Оқиғаға сырттай қарағанда ардақты аналарымыз жайлы бейәдеп пікірлер туындауы мүмкін бола тұра, егжей-тегжейлі зерттей келе, Расулалланың (с.а.с.) өмірінен мүминдер дәріс алатын көптеген өнегелерді қамтығанын айтуға болады. Сондай-ақ қаншама пайдалы мағлұмат алуымызға себеп болған осы оқиғаға қарап, Алла Елшісінің көп әйелмен үйленуінің қыр-сырын, хикметін тереңірек түсінуге мүмкіндік аламыз. Тіпті басқа ешбір пайдасы да, мақсаты да жоқ дегеннің өзінде, тек қана «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болуы Расулалланың көп әйелмен үйленуіне жеткілікті дәлел болып табылады. Мұхаммед үмбеті, әсіресе әйелдер қауымы соның себепкерлігімен орасан зор мейірімге бөленген. Бұл сөзіміз шындық. Ила оқиғасының себептері мен «Тахрим» сүресінің түсу себептерін көрсеткен риуаяттарды тереңірек зерттеп көргендер осы сөзбен келісері сөзсіз.

Ила оқиғасының себептері мен «Тахрим» сүресінің түсу себептері кейбір риуаяттарда бірдей. Осы риуаяттар Расулалланың (с.а.с.) күнделікті өмірін, әйелдерімен қарым-қатынасын, отбасылық сұхбаттары мен олардың мән-мазмұнын, әйел табиғатындағы қызғаныш сезімі мен сол қызғаныштан туындаған іс-әрекеттерге қарсы Алла Елшісінің қолданған тәсілдері мен жүргізген саясатын жарыққа шығарады.

Солардың бірнешеуіне тоқтала кетейік:

1) Ила жайлы түсіндірмелерге тереңірек үңіліп қарасақ (№109–112 хадистерге қараңыз), мынаны көруге болады, ардақты Пайғамбар күнде таң намазынан кейін Күн шыққанға дейін мешітте болып сахабалармен сұхбат жүргізетін. Бұл өзгермес қағида еді. Тек Ила жасауды шешкен күні осы қағидасын бұзған. Пайғамбардың «сұхбатты тәрк еткеніне» қарап сахабалар «Ғассанилердің шабуылынан» да маңызды бір оқиға болғанын ойлап, қатты алаңдаған.

2) Аталмыш №838 хадис күнде екінті намазынан кейін Расулалланың әйелдеріне кіріп шыққанын айтады. Кейбір ғалымдар таң намазынан кейін кіріп шыққанын айтқан риуаят пен осы риуаят арасында қарама-қайшылық бар дегенмен, бір сенімді көзқарас бойынша, қарама-қайшылық жоқ. Таңертең, бәлкім, жағдайларын сұрау үшін қысқа уақытқа кіріп шыққан болар, ал екінтіден кейін әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесіп ұзағырақ отырған.

3) Осы риуаяттан Алла Елшісінің (с.а.с.) әйелдеріне кіріп-шығу уақытының шегін белгілеп қойғанын байқаймыз. Алла елшісі күнде сол уақытпен жүрген, не азайтпаған, не кемітпеген. Өйткені бір мәртесінде өзіне ұсынылған «бал шәрбатының құрметі үшін» біршама ұзартқанда, басқа әйелдері арасында «Неге кешікті екен?» деп алаңдаушылық туындап, олардың өзара ойластырып іс жасауына түрткі болған әрі сол жалғасын тапқан оқиғалар арқылы «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған.

Осы екі оқиғаны Пайғамбарымыздың «уақыт» жайлы түсінігін баяндайтын басқа риуаяттармен бірге алып қарағанда, Алла Елшісінің (с.а.с.) күнделікті өмірін жоспарлап қойғанын көреміз. Белгілі бір уақытқа жоспарлап қойған істерін уақытылы жасаған, әрбір ісін белгілі бір уақыт ішінде аяқтаған, жоспарлап қойған уақытын өзгертпеген.

4) Осы оқиғаларды баяндайтын риуаяттардан мынаны да байқауға болады: әйелдері Алла Елшісін бір-бірінен қызғанып, оған біршама қиындық тудырған: бас көтерген, қарсы шыққан, қырсықтық танытқан, өкпелеп сөйлемей қойған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйел табиғатынан туындаған осындай әрекеттерге күлімсіреп, төзіммен тамашалаған. Осы мәселенің маңыздылығына орай, Ила оқиғасы жайлы әзірет Омардың ішінде көптеген хикметтер мен пайдалар бар бір риуаятынан бірнеше тұжырымды ұсынамыз:

«Бір ансарлық көршім бар еді. Расулаллаға кезекпен баратынбыз. Бір күні ол барып, уахи т.б. жаңалықтарды маған айтып келетін. Ертеңіне мен барып, сол күнгі жаңалықтарды оған айтып беретінмін. Бір күні сол көршім маған келіп, есікті тарсылдата ұрды. Дереу сыртқа шықтым. Ол қатты алаңдап: «Маңызды бір оқиға болды!» – деді. «Ғассанилер шапты ма?!» – дедім. «Одан да үлкен, Расулалла әйелдерін талақ етіпті», – деді. Мен ішімнен: «Қап, Хафса құритын болды ғой! Өзім де соны күтіп едім», – дедім. Тіке Хафсаға бардым. Жылап отыр екен».

Әзірет Омар Расулалланың басқа әйелдерінде де, мешіттегі жамағатта да – бәрінде де бірдей мұң бар екенін аңғарып, әрі Расулалланың (с.а.с.) талақ айтпағанын түсініп, Расулаллаға мұңын шағады: «Уа, Алла елшісі, бізді білесің, біз, құрайыштықтар, әйелдерге сөзімізді тыңдататын едік. Кейін Мәдинаға келген кезімізде, бұл жерде әйелдердің еркектерге дауыс көтеретінін көрдік. Біздің әйелдер де олардан үйреніп алды. Бір күні әйеліме ашуланып едім, өзіме қарсы сөз айтты! Онысын дұрыс көрмей, ұрысып тастадым. Сол сәтте «Маған неге ұрысасың? Уаллаһи, Расулалланың әйелдері де оған қарсы жауап береді, дауыс көтереді. Тіпті керек десең, олар күндіз өкпелеп түнге дейін Расулаллаға қарамай қояды», – деді. Хафсаға: «Расулаллаға сен де қарсы сөз айтып, дауыс көтересің бе?» – дедім. «Иә, ешқайсымыз, сол күні түнге дейін қасына жоламаймыз», – деді. «Қайсыбірің солай жасайтын болсаңдар, мол зиян шегіп, үлкен қайғыға душар боласыңдар. Қайсысың Алла Елшісін өкпелетіп, Алланың ашуына ұшырамайтынына сенімдісіңдер? Бір Алла біледі, бір сәтте-ақ құритын боласыңдар», – дедім.

Әзірет Омар былай дейді: «Мен осылай деген соң, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күлімсіреді». Әзірет Омар ары қарай былай дейді: «Хафсаға: «Абай бол, Расулаллаға қарсы жауап беріп, дауыс көтерме, одан ештеңе талап етуші болма. Бірдеңе керек болса, маған айт. Абай бол, кейбір құрбыларыңның Расулаллаға сенен сүйкімдірек болып көрінуі, оның көңілін аулауы сені алдатып, қателікке ұрындырмасын», – деп айттым. Әзірет Омар Расулалланың (с.а.с.) осы сөзден кейін де күлімсірегенін айтады.

Ила оқиғасының мән-жайын анықтайтын кезде әзірет Омар тек қызы Хафсаға ғана емес, әзірет Айша, Үммі Сәләма секілді басқаларына да барып, Расулаллаға қарсы шығып ренжіткендері үшін біраз ұрыспақшы болады. Үммі Сәләма (р.а.) мен оның арасында өткен мына әңгіме назар аудартарлық:

....Омар кейін Үммі Сәләманың қасына барып: «Уа, Үммі Сәләма, сендер Пайғамбарға бір мәселені айтып, артынша оған қарсы шығасыңдар ма?» – деді. Үммі Сәләма: «Мынаған қара! Саған таңым бар! Сен қашаннан бері Расулалла мен әйелдерінің мәселесіне араласатын болғансың?!» – деп қарсылық танытады.

5) Омардың (р.а.) Ила оқиғасы жайлы айтқан сөздерінде өте құнды мәліметтер бар, оларды басқа риуаяттардан таппаймыз. Солардың біреуі Расулалланың бір ай бойы тұрған мәшруба деген бөлмесінің қарапайымдылығы: қабырғада (Зейнеп бинт Жахш өңдеген) және ұнамсыз иіс шығарған бірнеше тері, тері өңдегенде қолданылатын акасия ағашының бірнеше жемісі, денесінде із қалдырған ши төсеніш және ішінде құрма талшықтары салынған тері жастық.

Әзірет Омар осы көріністен әсерленіп, өзін ұстай алмай көзіне жас алып, былай дейді: «Уа, Алла елшісі! Алланың екі дұшпаны Иран мен Византия патшалары атлас пен жібектер үстінде жатқан кезде, бүкіл әлемдердің Раббысының Елшісі әрі сүйіктісі мына сен ши төсеніш пен құрма талшығынан жасалған жастықта жатырсың (бұл қалай болғаны?)». Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Олардың нығметі фәни дүниеде берілген, (о дүниеде мақұрым қалады, оған қызығып қайтесің)», – деп жауап береді.

6) Мәшрубағы жағымсыз иіс шығарған терілер мен тері өңдеуде қолданылатын, еменге ұқсас акасия ағашының жемісі жайлы мәліметтер Алла Елшісінің (с.а.с.) ардақты әйелі Зейнеп бинт Жахш анамыздың тері өңдейтін шебер болғаны, өз қолымен жасаған өнімдерін сатып тапқан ақшасын Алла жолында садақа етіп бергені жайлы риуаяттардың басын қосқанда, мәшруба делінген осы бөлменің тері өңдейтін кішігірім ателье қызметін атқарғанын аңғарамыз.

Олай болса, «Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған оқиғалар бізге ардақты Пайғамбардың бақытқа толы үйінде кішігірім шеберхана типтес орын бар болғанын білуімізге мүмкіндік береді. Мұндай сүннетті білу әрбір мұсылманның өз үйінде осы сүннетті орындауға тырысуы – экономикамызға үлкен үлес қосатын орасан зор нығмет, әсіресе, қазіргі уақытта.

«Тахрим» сүресінің түсуіне себеп болған бір-бірімен жалғасымды оқиғалардың және осы оқиғалардың дәл ортасында жүрген Расулалланың (с.а.с.) көп әйелмен үйленуінің бұл үмбетке әкелген бірнеше игілігін еске түсірген болдық. Риуаяттарды тереңірек зерттейтін болсақ, басқа да көптеген игіліктерін табуға болады. هَذَا مِنْ فَضْلِ رَبِّنَا الْكَرِيمِ

  1. 1Нәсәи, Ишрәтун-ниса, 4, (7, 71).