وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ النَّبِىَّ ﷺ يَقُولُ يَكْشِفُ رَبُّنَا عَنْ سَاقِهِ فَيَسْجُدُ لَهُ كُلُّ مُؤْمِنٍ وَمُؤْمِنَةٍ وَيَبْقَى مَنْ كَانَ يَسْجُدُ فِي الدُّنْيَا رِيَاءً وَسُمْعَةً فَيَذْهَبُ يَسْجُدُ فَيَعُودُ ظَهْرُهُ طَبَقًا وَاحِدًا». أَخْرَجَهُمَا الْبُخَارِىُّ. «وكَشفُ السَّاقِ» هُنَا عِبَارَةٌ عَنْ شِدَّةُ الْأَمْرِ.
Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Расулалланы (с.а.с.) естідім, ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَن سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды.»1 деген аятқа қатысты былай деген еді: «Раббымыз «балтырын» ашады да, бүкіл мүмин ер мен мүмине әйел Оған сәжде жасайды. Фәни дүниеде жүргенде Аллаға риямен, жұртқа көрсету үшін сәжде жасағандар артта қалып қояды. Олар да сәжде жасамақшы болады, алайда белдері бүгілмей, бір табаққа айналады (да, сәжде жасай алмайды)».2
Түсіндірме
«Қалам» сүресінің 42-аятында «кәшфус-сақ» тіркесі берілген, ол «балтырдың ашылуы» деген мағынаны білдіреді. Алайда аятта сөздіктегі мағынасында емес, шамасы, ауыспалы мағынада қолданылған секілді.
Хадис жоғарыдағы риуаятта «балтыр» сөзін سَاقِهِ деп есімдікпен бірге береді.
Ибн Хажар басқа нұсқада есімдіксіз سَاقٍ түрінде берілгенін және осы нұсқасының аятқа сәйкес келгені үшін дұрыс екенін айтады. Себебі есімдікпен бірге берілсе, Алла тағалаға балтыр сөзін теліп, адамға ұқсатқандықтан, жауапқа тартылатынын айтады.
Олай болса «балтырдың ашылуы» нені білдіреді? Ғалымдар бұны «барша ақиқат анық болып көрінетіндіктен, істің насырға шабуы» деп түсінген. Өйткені хадисте Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Алла тағаланың барша ақиқатты жарыққа шығарып, есеп беру ісінің алапат үрейін басқа салған кезде, фәни дүниеде шынайы құлшылық жасағандар мен риямен әрекет еткендерді ажыратып, мүминдерді алапат үрейден құтқаратынын, рия жасаған екіжүзділерді еңкейе алмайтындай жағдайға душар етіп һәм күнәларын беттеріне басып, үрей үстіне үрей беретінін айтады.
Аяттардың толық мәтіні мен аудармасы ﴿يَوْمَ يُكْشَفُ عَن سَاقٍ وَيُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ فَلَا يَسْتَطِيعُونَ خَٰشِعَةً أَبْصَٰرُهُمْ تَرْهَقُهُمْ ذِلَّةٌ وَقَدْ كَانُوا۟ يُدْعَوْنَ إِلَى ٱلسُّجُودِ وَهُمْ سَٰلِمُونَ﴾ «Балтыр ашылатын (іс насырға шабатын) күні олар сәжде етуге шақырылады, алайда сәжде жасай алмайды. Үрейге толы көздері төмен қарап, сор жеңіп, әбден қор болады. Олар дүниеде есен-сау жүргенде, сәжде етуге шақырылатын.».3