وَفِي رِوَايَةٍ: «لَمَّا نَزَلَ أَوَّلُ الْمُزَّمِّلِ كَانُوا يَقُومُونَ نَحْوًا مِنْ قِيَامِهِمْ فِي شَهْرِ رَمَضَانَ حَتَّى نَزَلَ آخِرُهَا، وَكَانَ بَيْنَ ذَلِكَ سَنَةٌ»
Басқа риуаятта былай делінген: «“Муззәммил” сүресінің алғашқы аяттары түскенде, мүміндер Рамазандағыдай түнде тұрып намаз оқитын. Бұл сүренің соңғы аяты түскенге дейін жалғасты. Осы екі кезеңнің арасында бір жыл өтті».1
Түсіндірме
«Муззаммил» сүресі – алғаш түскен сүрелердің бірі. Кейбір риуаяттар бойынша, үшінші болып түскен сүре. Алғашқы аяттары Алла Елшісіне (с.а.с.) түнде тұруды бұйырған және тұратын уақыттарды көрсеткен. Алғашында барша мүминдер түнде тұруды жалпылама бұйрық деп түсініп, барлығы тұрған. Аятта айтылған уақыттарда тұрмай қаламыз деген сақтықпен түні бойы ұйықтамай намаз оқығандар болған, тіпті содан көбісінің аяғы іскен.
Кейінірек осы сүренің 20-аяты түскен еді. Осы ұзын аят түнде тұрудың парыз емес нәпіл екенін білдірген. Осылайша мұсылмандарға үлкен жеңілдік әкелген.
Түнде тұруды бұйырған, оның парыз екендігіне себеп болған алғашқы аяттардың түсуі мен оның парыз емес нәпіл екенін білдірген соңғы аяттың арасында өткен уақыт риуаяттарда әртүрлі берілген: сегіз ай мен он жыл арасында өзгеріп отырады. Жоғарыдағы екінші риуаятта оны бір жыл деп көрсеткен.
Ибн Аббас (р.а.) аяттағы бірнеше сөзді түсіндірген: نَاشِئَةُ اللَّيْل (нәшийәтул-ләйл) тіркесін «түннің басында тұру» деп түсінген. Оның ойынша, түннің басында ояу болу – түнде оқылатын парызды орындаудың кепілі. Түннің әуелінде ұйықтап қалса, ол кезде оятар сағат секілді мүмкіндіктер жоқ болғандықтан, кейінірек тұра алмауы мүмкін.
Ибн Аббас аятта түнде тұрудың маңызын білдіру үшін أَقْوَمُ قِيلًا сөзіне сүйеніп, түнде тұрудың түннің мамыражай уақытының әсерімен Құран кәрімді жақсы түсінуге ықпал ететінін айтады.
Ибн Аббас аяттағы سَبْحًا طَوِيلًا сөзін «ұзақ бос қалу», яғни «Құранмен шұғылданудан көп уақыт қол үзіп қалу» деп түсінген. Осылайша аят: «Күндіз күйбең тірш3лікпен жүріп, көп уақыт Құраннан қол үзіп қалу қаупі бар. Олай болса түнде тұру Құранды түсінуге, үйренуге өте тиімді» деген мағынаны білдіреді.
(Түнде тұруға қатысты кейбір мәліметтер №3002–3015 хадистерде беріледі.)
- 1Әбу Дәуіт, Салат 206, (1305); (Әбу Дәуіттің кейбір нұсқаларында бұл хадистер «Қиямул-ләйл» бөлімінде жазылған.)