عَنْ عُرْوَةَ أَنَّ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أُنْزِلَتْ عَبَسَ وَتَوَلَّى فِي ابْنِ أُمِّ مَكْتُومٍ الْأَعْمَى: أَتَى رَسُولَ اللَّهِ ﷺ. فَجَعَلَ يَقُولُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَرْشِدْنِى، وَعِنْدَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ رَجُلٌ مِنْ عُظَمَاءِ الْمُشْرِكِينَ، فَجَعَلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يُعْرِضُ عَنْهُ وَيُقْبِلُ عَلَى الْآخَرِ وَيَقُولُ: أَتَرَى بِمَا أَقُولُ بَأْسًا؟ فَيَقُولُ لَا. فَفِي هَذَا أُنْزِلَتْ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِىُّ
Уруаның жеткізуінше, Айша (р.а.) былай деді: «“Абәсә” сүресі зағип Ибн Үммі Мәктумге қатысты түсті. Ол Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың Елшісі, маған тура жолды көрсетіңіз”, – деп қайта-қайта өтінді. Сол кезде Алла Елшісінің жанында мүшріктердің беделді бір адамы бар еді. Ол Ибн Үммі Мәктумнен бұрылып, әлгі кісіге: “Айтқан сөзімнен бір оғаштық көріп тұрсың ба?” – деп сұрады. Әлгі кісі: “Жоқ”, – деді. Осыған байланысты аят түсті».1
Түсіндірме
«Абәсә» сүресі алғаш қарағанда, Пайғамбарымызға жасалған ескерту не оған берілген сөгістей көрінеді. Бұл тақырыпты қозғағанда, алдымен осы сүренің түсуіне себеп болған оқиғаны жеткізейік. Сосын аяттардың мағыналарына назар аударып, Пайғамбарымыздың бейкүнәлігіне қаяу түсірген осы тақырыпқа қатысты оқиғаларды талдап, Алла Елшісінің күнәдан пәктігінің күн тәрізді айқын екендігін көрсетуге тырысайық.
Ақиық елші (с.а.с.) Утбә мен Әбу Жәһил сияқты құрайыштың үлкендеріне дінді насихаттап отырған кезде, көзі көрмейтін Абдулла ибн Үммі Мәктум (р.а.) ішке енді де, Алла расулының сөзіне килігіп: «Пайғамбарым, маған дінді үйрет», – дейді. Ол осы сөзін бірнеше мәрте қайталағанда, Хақ пайғамбар қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрады. Сөйтті де әңгімесін ары қарай жалғастыра береді. Міне, осы жағдай «Абәсә» сүресінің түсуіне себеп болды.
Егер келген адам көр болмағанда, Алла елшісі осы қылығы үшін ескерту алмайтын еді. Келген адамның көзі көр болғандықтан, Пайғамбарымыздың кеңпейілділік танытуы қажет еді. Қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрғаны ескертуге себеп болды. Жалпылай қарау арқылы кейбір адамдардың түйген тұжырымы – осы. Тереңірек талдайтын болсақ, таяқтың екі басы болатыны секілді мың-сан қыры бар ақиқаттың басқа жағын да көруге болады. Сонда әлгі тұжырымның қаншалықты асығыс берілгендігі аңғарылады.
Жоғары лауазымды кісілердің алдына барғанда, әдептілік сақтағанымыз секілді Алла Елшісінің құзырына жай бір адамның алдына кіргендей баса-көктеп кіре салуға да болмайды. Құран Кәрім көптеген аяттарында Пайғамбарымыздың алдына қалай кіріп, қалай отыру керектігін2, дауыс бәсеңдігіне дейін т.б. білдіру арқылы осы тәрізді әдептіліктерді мұсылмандарға тікелей Хақ тағаланың өзі үйреткен. Алла Елшісінің құзырына кірудің де өзіне тән ұстанымдары бар.
Пайғамбарымыз сол сәтте не істеп жатыр еді? Жүрегі тастай қатқан адамдардың сана-сезіміне өзінің жан сарайынан сарқырап аққан кәусарларды құйып жатты. Ол адамдардың тура жолға түсуі үшін жанын пида етуге бар. Құранда осыған қатысты ол жайлы айтылғанда, «өзін өлтіру» тіркесі келтірілген. Иә, ол иманнан мақұрым адамды көргенде өлердей қиналған. Ол дәл осылайша ынта-шынтасымен беріліп айтып жатқанда, біреу келіп, сөзін бөліп, көңілін алаңдатады. Негізі, оған келген адамның бір себебі болды. Өйткені оның көзі көрмейтін. Алайда Алла елшісі қабағын шытып, жүзін басқа жаққа бұрған болса, оның, ең аз дегенде, он себебі болды. Ендеше, мұндай жағдайдағы оның іс-қимылын қателікке санау (пайғамбарды жамандамақ болғандарды айтамыз) – қателіктің нағыз өзі.
Оқиға осылай болса, шешімі мен жауабы – осы. Алайда Бұхари, Мүслим, Ибн Мәжә, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи, Ахмәд ибн Ханбалдың «Муснәді», Хакимнің «Мустәдрәкі» тәрізді хадис деректерінде осы оқиға тәпсірде айтылғандай жазылмаған. Тәпсірлерде сөз болатын қаһармандардың бірі – Пайғамбарымыз, екіншісі – ибн Мәктум (р.а.) және екі адам бар: Әбу Жәһіл мен Утбә. Алайда тәпсіршілер Пайғамбарымызға келген адамның кім екендігі жайлы бірнеше адамдардың атын атаған. Тіпті келген адамның көзі көр ме әлде астарлы мағынада айтылған ба? Бұл да белгісіз. Ендеше, осы тақырыпта жан-жақты ойлану қажет.
Ибн Мәктумнен (р.а.) басқа жеті адамның аты да аталған. Ибн Мәктумнің (р.а.) бұл жерде өзгелерден басым түсетіндей қандай да бір дәлел жоқ. Тіпті осы атақты сахаба Исламға алғаш кірушілердің бірі болған. Пайғамбарымыз оны екі рет Мәдинада өз орнына уәкіл етіп қалдырған. Кейін, шамасы, Қадисияда шейіт болған. Негізі, Хадиша анамыз (р.анһа) жақтан Алла Елшісіне жақындығы да бар. Ибн Мәктум – Хадиша анамыздың (р.анһа) немере ағасының баласы. Осы тұрғыдан алғанда, оның сол жерде бөтен болатындай ешбір орны жоқ. Көзі көрмегендігіне қарамастан, Алла Елшісіне өкіл болғандығына қарағанда, жоғары парасатты адам. Сондықтан жоғарыда айтылғандардың ең соңында тұратын адам. Дегенмен Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы уахидан кейін Абдулла ибн Үммі Мәктумға ерекше ілтипат көрсеткен. Мәдинаға һижрет еткеннен кейін, жорыққа шыққан кезде, орнына өкіл етіп осы кісіні қалдырып кеткен. Онымен кездескен сайын: «Уа, сен жайлы Раббым маған ескерту жасаған кісі, қош келдің!» – деген, бір қалауы бар-жоғын сұраған, шапанын астына төсеген. Бір риуаятта бұл кісінің Биләл Хабашимен (р.а.) бірге Алла Елшісінің (с.а.с.) азаншысы болғанын да айтады.
Кім білсін, бәлкім, көзі көр адам мұнафық шығар. Алла расулы оның мұнафықтығын білген болуы мүмкін. Дінге шақырғанына немқұрайлылықпен қарап қана қоймай, сөзін бөле бергені үшін Хақ елші оған қабағын шытып, жүзін бұрған шығар. Ендеше, бұл – қалыпты жағдай. Мұнда ешқандай сөкеттік жоқ. Бірақ осылайша топшылағанымызбен, оқиғаның қалай өрбігенін нақты айта алмаймыз. Басқаша да болуы мүмкін. Бірақ оқиғаның қаһарманы болған Ибн Мәктумді (р.а.) «келген көзі көр адам – осы» дейтін көзқарас біздің мына жорамалымыздан да әлсіз қисынға құрылған. Олай болатын болса, екі көзқарасқа объективті қарау керек.
Осы жерде назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе мынау:
Кейбір тәпсіршілер «әбәсә уә тәуәллә» сөзі Пайғамбарымызды емес, Уәлид ибн Муғираға қатысты дейді. «Әбәсә» етістігі Құран Кәрімде екі жерде кездеседі. Біреуі – осы сүредегі «әбәсә» етістігі. Екіншісі – «Муддәссир» сүресінде кездескен «әбәсә» етістігі. Енді ойлап қараңыздар: Құран Кәрім осы сөзді «Муддәссир» сүресінде бір имансыз үшін пайдаланған. Мейлі ол имансыз Уәлид ибн Муғира болсын, мейлі басқасы болсын, айырмашылығы шамалы (Аққад «Муддәссир» сүресінде айтылған осы адамның Уәлид еместігін айтады). Өйткені аятта оған «Зәним» деп айтылған. Бұл «беделі төмен» деген мағынаны білдіреді. Алайда Халидтің әкесі кәпір саналғанымен, ақсүйек болатын. Сол жердегі адамды Уәлид дей қоятындай сүннетте де дерек жоқ.
«Қабағын шытты, тыржитты» тәрізді тіркестер Құранда бір жерде кәпір үшін берілген. Ендеше, басқа бір аятта Алла расулы үшін қалайша қолданылады? Алла Елшісінің қашан да жүзінен нұр арылмаған.
«Тәуәллә» етістігі үшін де жағдай осылай. Құранда осы сөз Перғауын үшін де қолданылған. Негізі, бұл етістік көбіне тек Перғауын үшін қолданылмаған. Бір анығы, Құранның осы тәсілі перғауындар үшін қолданылған.
Ендеше, Құран қалай ғана осы сөзді Хабибуллаһ (с.а.с.) үшін қолданбақ? Кәпірге кигізген қалпақты Пайғамбарымызға қалай кигізбек?
Осы көзқарасқа тоқтасақ, әдептілік шеңберінен аттаған – Пайғамбарымыз емес, көзі мән-мағынаны білмейтін көр кәпір. Көр адамдай келіп, Пайғамбарымызға қабағын шытып, артынша шығып кеткен. Ағзам пайғамбарлардың күнәдан пәктігін ескерсек, осылай да топшылауға болады. Негізінде, дерек тұрғысынан осы пікірді қуаттайтын бірде-бір риуаят (дерек) кездеспейді. Десек те, қисынға сай келетіндіктен бұл топшылауды да жоққа шығара алмаймыз.
Біздің осы талдаудағы мақсатымыз – аяттың түсуіне қатысты себептерді алға тарту арқылы аяттарға немқұрайдылықпен қарап, Пайғамбарымыздың күнәдән пәктігіне нұқсан келтірмек болғандарға нақты жауап беріп, пайғамбарлардың Алла тағаланың кепілдігінде екендігін тағы да бір паш ету. Болмаса, иман келтірген жандар Екі әлем Сардарының (с.а.с.) Алла Тағала алдындағы қадір-қасиетін өте жақсы біледі.
Алланың ризалығына кереғар әрекетке байланысты түскен уахи мынадай:
1. ﴿عَبَسَ وَتَوَلَّىٰٓ﴾ «Қабақ шытып, теріс айналды.»
2. ﴿أَن جَآءَهُ ٱلْأَعْمَىٰ﴾ «Қасына бір зағип кісі келгені үшін.»
3. ﴿وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّهُۥ يَزَّكَّىٰٓ﴾ «Қайдан білесің, бәлкім, ол күнәларынан арылар,»
4. ﴿أَوْ يَذَّكَّرُ فَتَنفَعَهُ ٱلذِّكْرَىٰٓ﴾ «я болмаса, ақыл алар, сөйтіп, айтылған ақыл-насихаттың оған пайдасы тиер?!»
5. ﴿أَمَّا مَنِ ٱسْتَغْنَىٰ﴾ «Ал дін-иманды қажетсінбейтінге келсек,»
6. ﴿فَأَنتَ لَهُۥ تَصَدَّىٰ﴾ «сен оған ерекше ықылас қойып, көңіл бөлесің.»
7. ﴿وَمَا عَلَيْكَ أَلَّا يَزَّكَّىٰ﴾ «Сен оның күнәларынан арылғысы келмегені үшін айыпты емессің.»
8. ﴿وَأَمَّا مَن جَآءَكَ يَسْعَىٰ﴾ «Ал жаныңа еміне ентелеп келген,»
9. ﴿وَهُوَ يَخْشَىٰ﴾ «Һәм Алладан шын именген жанға келсек,»
10. ﴿فَأَنتَ عَنْهُ تَلَهَّىٰ﴾ «сен оған тиісінше көңіл бөлмейсің.»
11. ﴿كَلَّآ إِنَّهَا تَذْكِرَةٌ﴾ «Жо-жоқ! Расында, ол (Құран) – тұнып тұрған насихат һәм ескерту!»
12. ﴿فَمَن شَآءَ ذَكَرَهُۥ﴾ «Енді қалаған жан оған ой жүгіртіп, ғибрат алар.»