Хадис

Кутуб ситтә, № 862

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
130. «Ағлә» сүресі
Нөмірі
№ 862 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
862
Кутуб ситтә, № 862 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Зәрр (р.а.)

عَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الْمَسْجِدَ فَقَالَ يَا أَبَا ذَرٍّ إِنَّ لِلْمَسْجِدِ تَحِيَّةً، قُلْتُ: وَمَا تَحِيَّتُهُ؟ قَالَ: رَكْعَتَانِ تَرْكَعُهُمَا. قُلْتُ: يَارَسُولَ اللَّهِ: هَلْ أُنْزِلَ عَلَيْكَ شَيْءٌ مِمَّا كَانَ فِي صُحُفِ إِبْرَاهِىمَ وَمُوسَى؟ قَالَ: يَا أَبَا ذَرٍّ قَدْ أَفْلَحَ مَنْ تَزَكَّى حَتَّى بَلَغَ إِنَّ هَذَا لَفِي الصُّحُفِ الْاُولَى صُحُفِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا كَانَتْ صُحُفُ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَى؟ قَالَ: كَانَتْ عِبَرًا كُلُّهَا: عَجِبْتُ لِمَنْ أَيْقَنَ بِالْمَوْتِ ثُمَّ يَفْرَحُ! عَجِبْتُ لِمَنْ أَيْقَنَ بِالنَّارِ كَيْفَ يَضْحَكُ! عَجِبْتُ لِمَنْ رَأَى الدُّنْيَا وَتَقَلُّبَهَا بَأَهْلِهَا ثُمَّ يَطْمَئِنُّ إِلَيْهَا! عَجِبْتُ لِمَنْ أَيْقَنَ بِالْقَدَرِ ثُمَّ يَنْصَبُ! عَجِبْتُ لِمَنْ أَيْقَنَ بِالْحِسَابِ ثُمَّ لَا يَعْمَلُ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітте болған кезде, қасына бардым. Маған: «Уа, Әбу Зәрр мешітке тахият (сәлем беру) керек», – деді. Мен: «Мешітке қалай сәлем беру керек?» – деп сұрадым. «(Кірісімен) екі рәкат намаз оқы», – деді. Мен: «Уа, Алла елшісі, әзірет Ибраһим мен әзірет Мұсаның сухуфтарынан қандай да бір нәрсе сізге түсті ме?» – деп сұрап едім, былай жауап берді: «Уа, Әбу Зәрр! (Иә, мына аяттар түсті деп, оқып берді:)

14. ﴿قَدْ أَفْلَحَ مَنْ تَزَكَّىٰ﴾ «Ал күнәдан арылған жан, шүбәсіз, азаптан құтылып, мұратына жетеді.»

15. ﴿وَذَكَرَ اسْمَ رَبِّهِ فَصَلَّىٰ﴾ «Раббысының атын еске алып, намаз оқыған жан мұратқа жетеді.»

16. ﴿بَلْ تُؤْثِرُونَ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا﴾ «Алайда сендер дүниенің қу тіршілігін қалап, оны бәрінен артық көресіңдер.»

17. ﴿وَالْآخِرَةُ خَيْرٌ وَأَبْقَىٰ﴾ «Ақырет әлдеқайда қайырлы һәм мәңгілік.»

18. ﴿إِنَّ هَٰذَا لَفِي الصُّحُفِ الْأُولَىٰ﴾ «Бұл ақиқаттар бұрынғы парақтарда да бар еді.»

19. ﴿صُحُفِ إِبْرَاهِيمَ وَمُوسَىٰ﴾ «Ибраһим мен Мұсаға берілген парақтарда!» («Ағлә», 14–19-аяттар).

Мен тағы: «Уа, Алла елшісі! Ибраһим мен Мұсаға берілген парақтарда не жазылған еді?» – деп сұрадым. Ол: «Олардың бәрі ғибратқа толы еді. Мәселен, “Өлімнің хақ екеніне кәміл сеніп тұрып, алаңсыз қуанған адамға таңғаламын. Тозаққа кәміл сеніп тұрып, күлген адамға таңғаламын. Дүниенің адамды қалай құбылтатынын көріп тұрып, оған арқа сүйеген адамға таңғаламын. Тағдырға кәміл сеніп тұрып, дүние соңында арып-ашқан адамға таңғаламын. Ақыретте есеп береріне кәміл сеніп тұрып, соған қамданбаған адамға таңғаламын”», – деді.1

Түсіндірме

1. Дініміз қандай да бір мешітке кірген кезде екі рәкат намаз оқуды мешітке кіру әдебі ретінде бекіткен. Бұл намаз тахиятул-мәсжид (мешітке сәлем беру намазы) деп аталады, ол намазды оқу – мұстахаб. Ілім үйрену-үйрету, құлшылық жасау немесе басқа қандай да бір мақсатпен мешітке кіргенде, мешіттің иесі – Алла тағалаға тағзым ету үшін оқылады. Парыз намаз немесе қандай да бір басқа намазды оқу үшін кіргенде, тахиятул-мәсжид намазын оқудың қажеті жоқ, мешітте оқылған әлгі намаз тахиятул-мәсжид намазының орнына өтеді.

Бұл намаз мәкрүһ уақыттарда оқылмайды. Қандай да бір себеппен оқылмаса, سُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ وَلَا اِلَهَ اِلَّا اللَّهُ وَاللَّهُ اَكْبَرُ деу – мұстахаб.

2. «Сухуф» сөзі – «кітап беті» деген мағынаны білдіретін «сахифа» сөзінің көпше түрі. Таурат, Зәбур, Інжіл және Құраннан басқа илаһи кітаптар сухуф деп аталады. Хадисте айтылған Мұсаға берілген сухуфтың Таурат екенін айтқандар да бар. Әбу Зәррден жеткен бір риуаятта, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алла қанша кітап түсірді?» деген сұраққа былай жауап берген: «104 кітап: Шит пайғамбарға 50 бет, Ыдырыс пайғамбарға 30 бет, Ибраһим пайғамбарға 10 бет, Таураттан бұрын Мұса пайғамбарға 10 бет түсті. Тауратты, Інжілді, Зәбурды, Фурқанды да түсірді». Осы риуаят бойынша, Мұсаға берілген сухуф Таураттан бөлек.

  1. 1Рәзин қосымшасы, «әд-Дуррул-мансурда» (6, 341) ұзағырақ жазылған.