Хадис

Кутуб ситтә, № 864

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
132. «Шәмс» сүресі
Нөмірі
№ 864 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
864
Кутуб ситтә, № 864 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِاللَّهِ بْنِ زَمْعَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ النَّبِىَّ ﷺ يَخْطُبُ وَذَكَرَ النَّاقَةَ وَالَّذِي عَقَرَهَا. فَقَالَ ﷺ: إِذِ انْبَعَثَ أَشْقَاهَا. انْبَعَثَ لَهَا رَجُلٌ عَزِيزٌ عَارِمٌ مَنِيعٌ فِي رَهْطِهِ مِثْلُ أَبِي زَمْعَةَ. وَذَكَرَ النِّسَاءَ فَوَعَظَ فِيهِنَّ فَقَالَ: يَعْمِدُ أَحَدُكُمْ فَيَجْلِدُ امْرَأَتَهُ جَلْدَ الْعَبْدِ فَلَعَلَّهُ يُضَاجِعُهَا مِنْ آخِرِ يَوْمِهِ، ثُمَّ وَعَظَهُمْ فِي ضَحِكِهِمْ مِنَ الضَّرْطَةِ. فَقَالَ: لِمَ يَضْحَكُ أَحَدُكُمْ مِمَّا يَفْعَلُ؟». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Зәмға (р.а.) былай дейді: «Бірде Расулалланың (с.а.с.) құтбасын тыңдадым. Ол “Шәмс” сүресіндегі аруана мен оны бауыздаған адам жайлы айтып, ﴿إِذِ انْبَعَثَ أَشْقَاهَا﴾ “Ақыры, араларындағы ең қаныпезер жауыз суырылып алға шықты.” деген аятты оқыды. “Оны бауыздауға Әбу Зәмға секілді ел ішінде тіреуі бар, күшті әрі дөрекі бір адам ұмтылды”, – деді».

Содан кейін Алла елшісі әйелдер жайлы сөз қозғап: «Қайсыбірің әйелін құлды сабағандай сабап, кешке онымен бір төсекте жатпақ па?» – деп насихат айтты.

Рауи сөзін жалғап: «Содан соң Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жел шығарған адамға күлгендерге “Өздерің де істейтін іске неге күлесіңдер?” – деп насихат айтты», – дейді.1

Түсіндірме

1. Салих пайғамбардың Самуд қауымы түйемен сыналған еді. Оқиға былай болған: Әзірет Салих (а.с.) өзінің пайғамбар болғанын айтқанда, қауымы мұғжиза көрсетуді сұраған, олардың сұранысына қарай, өздері сипаттап айтқан бір ұрғашы түйені Алла Тағала мұғжиза түрінде тастан шығарып: «Шүбәсіз, сендерге Раббыларыңнан айқын дәлел, анық мұғжиза келді. Міне, мынау – айқын белгі (мұғжиза) ретінде Алланың сендер үшін жаратқан аруанасы. Оны жайына қоя беріңдер, Алланың жерінде жайбарақат жайылып жүре берсін. Оған тиіспеңдер, әйтпесе жан төзгісіз азапқа тап боласыңдар»2 дейді. «Шәмс» сүресінде айтылғандай, бұл түйенің суғарылуы үшін арнайы бір күн бөлінеді. Түйе сол күні құдыққа барып, бүкіл суды тауысып ішетін. Халық ертеңге керекті суларын бір күн бұрыннан дайындап қоятын. Бұл іс оларға қиыншылық туғыза бастағанда, тоғыз кісі алға ұмтылып шығады. Олардан Кудар ибн Силаф атты бір оңбаған адам алға суырылып шығып, түйенің аяғын кесіп, жерге құлатады да, бәрі жабылып түйені өлтіреді. Самуд қауымынан ешкім Кудар мен оның жолдастарының қаныпезер әрекеттеріне тосқауыл қоймаған, сондықтан олардың ісіне ортақтасып, барлығы жаппай жазаға ұшыраған. Бастарына тілеп алған жазалары үш күннен кейін келетін еді. Сол аралықта Самуд қауымы: «(Уа, Салих) егер сен шынымен де (Алла жіберген) елші болсаң, бізге сес қылып, келтірем деген азабыңды, қане, келтірші»3 деп мазақ қылады. Аят кәрима олардың соңы не болғанын былай баяндайды: ﴿فَأَخَذَتْهُمُ ٱلرَّجْفَةُ فَأَصْبَحُوا۟ فِى دَارِهِمْ جَٰثِمِينَ﴾ «Ақырында, оларды аяқ астынан алапат зілзала басты да, барлығы жүрген жерлерінде сеспей қатты»4.

«Шәмс» сүресінде жаза қауымға жаппай келгені айтылған. Түйені өлтіруге қатысқан-қатыспағанына қарамастан, имансыздардың бәрі, әйел-еркек, бала-шаға түгел жазаға ұшыраған.

2. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түйені өлтірген Кудар ибн Силафты суреттегенде, «Әбу Зәмға секілді» деп, біреуге теңеген. Ибн Хажар бұл жайлы былай деген: Әбу Зәмға дегені – әл-Әсуад ибн әл-Мутталиб ибн Әсәд ибн Абдулузза.

Бұхаридің басқа риуаятында: «(Кудар), Зубәйір ибн әл-Әууамның көкесі Әбу Зәмға секілді» делінген. «Әбу Зәмғаның Зубәйірдің көкесі екендігі шындыққа жанаспайды, астарлы айтылған. Өйткені ол – әл-Әсуад ибн әл-Мутталиб ибн Әсәд, ал «әл-Әййам» – ибн Хуайлид ибн Әсәд. Көкенің баласы бауыр орнына саналған, сондықтан жалпылама түрде көке деп аталған».

Әбу Зәмға – Абдулла ибн Зәмғаның атасы. Әбу Зәмға, яғни әл-Әсуад ибн әл-Мутталиб, мұсылмандарды мазақ қылған кәпірлердің біреуі еді. Меккеде кәпір болып өлген. Оның ұлы Зәмға да Бәдір соғысында кәпір болып өлген.

3. Риуаяттың бір бөлімінде Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелдерді ұрмауға шақырады. «Құлдарыңды ұрғандай ұрмаңдар» деп тыйым салған. Пайғамбарымыздың ешқашан әйелдерін де, өзінің тәрбиесіндегі балаларды да, құлын да, қысқаша айтқанда, ешкімді ұрмағанын, теппегенін риуаяттар ашықтан-ашық жазған.

Аталмыш риуаят «құлды ұрғандай» ұруды тыйған. Бұхари жоғарыдағы хадистің әйелдерді ұруға қатысты «Китабун-никах» атты бөлімінің бір бабын «Әйелді ұруда мәкрүһ болғаны» деп атаған. Ибн Хажар бұл хадистің әртүрлі нұсқаларын береді. Олардың біреулерінде тыйым салу, баяндау, ал кейбіреулерінде «құл секілді», «күң секілді», «түйе немесе құлды ұрғандай» т.с.с. өзгешеліктермен берілген. Риуаяттарда ұрмаудың себебі ретінде «түнде бірге жатасыңдар, құшақтасасыңдар, жыныстық қатынасқа түсесіңдер» деген секілді сөздер берілген.

Ибн Хажар әйелдерді ұруға түбегейлі тыйым салған хадистерді де жазады.

Хадистің соңында байқаусызда жел шығарған кісіге күлмеу керектігі айтылған. Түсіндірушілердің жеткізуінше, жаһилият кезінде біреу байқамай жел шығарса, айналасындағылар түгел күлетін. Расулалла оған тыйым салып, жұрт арасында осындай жағдайға тап болған адамды ұялтпауға үндеген.

Біреу жұрт арасында осындай жағдайға тап болса, мүміннің әдебі – ештеңе естімегендей, байқамағандай болу. Мұндайға күлу Лұт қауымының әдеті болғанын айтқандар да бар.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Шәмс», 1, «Әнбия», 17, «Неке», 93, «Әдеп», 43; Мүслим, «Жәннат» (№2855); Тирмизи, «Тәпсір», «Шәмс» (№3343, Ибраһим Жанан басылымында №3340).
  2. 2«Ағраф» сүресі, 73-аят
  3. 3«Ағраф» сүресі, 77-аят
  4. 4«Ағраф» сүресі, 78-аят