Хадис

«Аләқ» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 134-тарау · 1 хадис · № 867

Хадистер

867
Кутуб ситтә, № 867 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ النَّبِىُّ ﷺ يُصَلِّى فَجَاءَهُ أَبُو جَهْلٍ فَقَالَ أَلَمْ أَنْهَكَ عَنْ هَذَا؟ أَلَمْ أَنْهَكَ عَنْ هَذَا؟ أَلَمْ أَنْهَكَ عَنْ هَذَا؟ فَانْصَرَفَ النَّبِىُّ ﷺ فَزَبَرَهُ. فَقَالَ أَبُو جَهْلٍ: إِنَّكَ لَتَعْلَمُ مَا بِهَا نَادٍ أَكْثَرُ مِنِّى، فَنَزَلَ: فَلْيَدْعُ نَادِيَهُ سَنَدْعُ الزَّبَانِيَةَ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: وَاللَّهِ لَوْ دَعَا نَادِيَهُ لَأَخَذَتْهُ زَبَانِيَةُ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқып тұрғанда, Әбу Жәһил келіп: “Саған мұны істеуге тыйым салмап па едім? Саған мұны істеуге тыйым салмап па едім? Саған мұны істеуге тыйым салмап па едім?” – деді. Алла елшісі намазын аяқтаған соң оған қатты ескерту жасады. Сонда Әбу Жәһил: “Мұнда менен көп жақтасы бар ешкімнің жоқ екенін өзің де білесің”, – деді. Осыған орай Алла Тағала мына аяттарды түсірді: ﴿فَلْيَدْعُ نَادِيَهُ﴾ “Сонда ол өзінің тобын қалағанынша жәрдемге шақырсын!” ﴿سَنَدْعُ الزَّبَانِيَةَ﴾ “Біз де Зәбәнилерді шақырамыз!”».1

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Аллаға ант етемін, ол өз жақтастарын шақырғанда, оны Алланың Зәбәнилері ұстап алар еді».2

Түсіндірме

Мүслим бұл оқиғаны Әбу Һурайрадан біршама өзгеше нұсқада жеткізген. Әбу Жәһил: «Лат пен Уззаға ант етемін! Мұхаммедтің сәжде етіп жатқанын көрсем, мойнын басамын», – дейді. Кейін Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намазға тұрғанда, айтқанын істемек болып жақындайды. Бірақ қолдарымен қорғанғандай болып, кері шегінеді. «Саған не болды?» – деп сұрағанда: «Онымен арамда отты ор, сұмдық бір көрініс пен қанаттар пайда болды», – дейді. Расулалла: «Егер маған жақындағанда, періштелер оның денесін мүшелеп жұлып алар еді», – деген.

Мүслимнің риуаятында, осы оқиғаға байланысты «Алақ» сүресінің тек 17–18-аяттары ғана емес, 6–19-аяттарының да түскендігі айтылған. Осы аяттар ақшасы мен адамдарының көптігіне арқа сүйеп, Расулаллаға шүйліккен Әбу Жәһилдің бет-бейнесімен дәлме-дәл келеді:

6. ﴿كَلَّا إِنَّ الْإِنْسَانَ لَيَطْغَىٰ﴾ «Жо-жоқ, адам баласы азғындап шектен шығады.»

7. ﴿أَنْ رَآهُ اسْتَغْنَىٰ﴾ «Өзін еш нәрсеге мұқтаж еместей көргенде.»

8. ﴿إِنَّ إِلَىٰ رَبِّكَ الرُّجْعَىٰ﴾ «Шүбәсіз, қайтар жол Раббыңа қарай болмақ!»

9. ﴿أَرَأَيْتَ الَّذِي يَنْهَىٰ﴾ «Мына тыйым салып, бөгет болып жатқанды көрдің бе?»

10. ﴿عَبْدًا إِذَا صَلَّىٰ﴾ «Намазға тұрған құлға (бөгет болғанды көрдің бе?)»

(Бұл аятта құл дегенде Пайғамбарымыз (с.а.с.) меңзелуде. Өйткені оның ең басты қасиеті Аллаға лайықты түрде құл бола білуі еді. Бірде Жәбірейіл періште келіп: «Уа, Мұхаммед! Жер­жаһанға үкім ететін патша пайғамбар болғың келе ме әлде Аллаға тиісінше құл бола білген құл пайғамбар болғың келе ме? Тілегің, сөзсіз, орындалады», – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз асқан кішіпейілділік танытып, құл пайғамбар болуды таңдаған еді.)

11. ﴿أَرَأَيْتَ إِنْ كَانَ عَلَى الْهُدَىٰ﴾ «Қарашы, солай істегені дұрыс па? Егер ол құл (Мұхаммед) тура жолда болса ше?»

12. ﴿أَوْ أَمَرَ بِالتَّقْوَىٰ﴾ «немесе ел-жұртты тақуалыққа шақырып жүрсе ше?»

13. ﴿أَرَأَيْتَ إِنْ كَذَّبَ وَتَوَلَّىٰ﴾ «Өзің қарашы, егер ол (Әбу Жәһил) ақиқатты жалғанға шығарып, одан теріс айналып жүрсе ше?!»

14. ﴿أَلَمْ يَعْلَمْ بِأَنَّ اللَّهَ يَرَىٰ﴾ «Ол Алланың бәрін көріп тұрғанын білмей ме?!»

15. ﴿كَلَّا لَئِنْ لَمْ يَنْتَهِ لَنَسْفَعًا بِالنَّاصِيَةِ﴾ «Жо-жоқ, бұлай болмайды. Егер ол бұл қылығын доғармаса, оны кекілінен ұстаған күйде тозаққа сүйрейміз.»

16. ﴿نَاصِيَةٍ كَاذِبَةٍ خَاطِئَةٍ﴾ «Өтірікші, күнәһар кекілінен...»

17. ﴿فَلْيَدْعُ نَادِيَهُ﴾ «Сонда ол өзінің тобын қалағанынша жәрдемге шақырсын!»

18. ﴿سَنَدْعُ الزَّبَانِيَةَ﴾ «Біз де Зәбәнилерді шақырамыз!»

19. ﴿كَلَّا لَا تُطِعْهُ وَاسْجُدْ وَاقْتَرِبْ﴾ «Жо-жоқ! Оған мойынсұнба! Раббыңа сәжде ет һәм Оған жақындай түс!» («Аләқ», 6–19-аяттар).

Осы аят әр дәуірде қолындағы мол мүмкіндігіне арқа сүйеп, қалағанымды жасай аламын деп, намаз оқудан басқа кінәсі жоқ бейкүнә адамдарды намазы үшін жазаландырған, жұмыстан шығарған, соққыға жыққан, түрмеге қамаған қатыгез адамдарға түптің түбінде илаһи жаза келетінін баяндайды. Намазхан мүминге бұл залымдарға бойсұнбауды, намаз бен ғибадатын тастап қоймауды бұйырады, залымдардың ақыры аянышты болатынын айтады.

Тәпсіршілер «надияһ» сөзін «мәжіліс» деп түсіндірген. Мұнда отырыс өтетін орыннан гөрі сол отырысқа қатысатын адамдар, яғни оның жақтастары немесе қауымы меңзелген.

  1. 1«Алақ» сүресі, 17-18-аяттар
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Аләқ» (№3349, Ибраһим Жанан басылымында №3346); Мүслим, «Сифат әл-мұнафиқин», 38 (№2797).