Хадис

«Духа» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 133-тарау · 2 хадис · № 865–866

Хадистер

865
Кутуб ситтә, № 865 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жундуб ибн Суфиян (р.а.)

عَنْ جُنْدَبَ بْنِ سُفْيَانَ قَالَ: «اشْتَكَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فَلَمْ يَقُمْ لَيْلَةً أَوْ لَيْلَتَيْنِ فَجَاءَتْهُ امْرَأَةٌ فَقَالَتْ: يَا مُحَمَّدُ إِنِّي لَأَرْجُو أَنْ يَكُونَ شَيْطَانُكَ قَدْ تَرَكَكَ لَمْ أَرَهُ قَرَبَكَ مُنْذُ لَيْلَتَيْنِ أَوْ ثَلَاثٍ. فَنَزَلَ: وَالضُّحَى وَاللَّيْلِ إِذَا سَجَى مَا وَدَّعَكَ رَبُّكَ وَمَا قَلَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Жундаб ибн Суфиян (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сырқаттанып, бір-екі түн намазға тұра алмады. Сонда бір әйел келіп: “Уа, Мұхаммед! Шайтаның сені тастап кеткен шығар. Екі-үш түннен бері оның саған жақындағанын көрмедім”, – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті»:

1. ﴿وَالضُّحَىٰ﴾ «Сәске уақытына серт!»

2. ﴿وَاللَّيْلِ إِذَا سَجَىٰ﴾ «Қою қараңғылық қаптап, жым-жырт тыныштық орнаған түнге серт!»

3. ﴿مَا وَدَّعَكَ رَبُّكَ وَمَا قَلَىٰ﴾ «Раббың сені тастап кетпеді һәм сені жек көріп қалған да емес!» («Духа», 1–3-аяттар).

866
Кутуб ситтә, № 866 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «أَبْطَأَ جِبْرِيلُ عَلَى النَّبِىِّ ﷺ: فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ قَدْ وَدِّعَ مُحَمَّدٌ فَنَزَلَتْ»

Қазақша аудармасы

Тағы бір риуаятта: «Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарға (с.а.с.) уахи әкелуге кешікті. Сонда мүшріктер “Мұхаммедті тастап кетті”, – деді. Осыған байланысты “Духа” сүресі түсті», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят – «Духа» сүресінің түсу себебіне қатысты риуаяттардың біреуі. Онда Алла Елшісінің (с.а.с.) жүйелі түрде оқып жүрген намаздарына сырқатынан бірнеше күн қатарынан тұра алмауы кейбір кісілердің назарын аударып, олар сол сәтті мүлт жібермей, «Раббың сені тәрк етті» немесе «шайтаның сені тәрк етті» деп мазақ қылған. Бұны айтқан әйел – Әбу Ләһабтың әйелі Үммі Жәмил. Ол Исламның қас дұшпаны еді. «Ләһаб» сүресінде «хаммаләтул-хатаб», яғни «жаһаннамға отын тасушы» деп суреттелген. Әбу Бәкір ибн әл-Араби оны Үммі Қабих деп атаған.

Сүренің түсу себебі туралы өзге риуаяттар да бар. Ибн Хажар олардың көбін осы хадиске берген түсіндірмесінде жинаған. Бір риуаятта сүренің түсу себебі пайғамбарлықтың басында болған уахи үзілісі делінеді. Кейбір деректе сол үзіліс үш жылға жуық созылған. Ибн Хажар бұл пікірді қабылдамаған. Оның айтуынша, алғашқы үзіліс ұзақ болған, ал «Духа» сүресінің түсуіне қатысты үзіліс бірнеше түнге ғана созылған.

Себебі Алла Елшісінің мұңаюына, ал мүшріктердің мәз болып мазақ қылуына себеп болған уахидің үзілісіне қатысты әртүрлі сандар айтылған: 3, 4, 12, 15, 10, 25, 40 күн секілді. Бұл сандар Расулалланың сөзінен алынбаған, рауилердің болжамы. Солардың біреуіне тоқтала кетейік: Мүшріктер Расулаллаға Зулқарнайн, рух т.б. жайлы сұрайды. Пайғамбарымыз «иншалла» деп айтпастан: «Сендерге ертең жауап беремін» дейді. Алайда уахи он екі күн немесе одан көп күнге кешігеді. Бұл жағдай Расулалланы қатты мұңайтады. Мүшріктер де осы сәтті мүлт жібермей, «Раббысы Мұхаммедті тәрк етті» деп келеке етеді. Осыған байланысты Жәбірейіл «Кәһф» сүресінің 23–24-аяттары арқылы сұралған сұрақтардың жауабын әкеледі. Ол аяттар мыналар: «Қандай да бір іске бел буғаныңда, «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін», – деп айтушы болма. Тек «иншалла (Алла қаласа) істеймін», – деп айт. Олай айтуды ұмытып кеткеніңде, (есіңе түсе салысымен) бірден Раббыңды есіңе ал әрі: «Раббым маған туралыққа ең жақын болған істі аз ғана уақыт ішінде істеуді нәсіп етер деп үміт етемін», – де».

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Духа», 2, «Тәһәжжуд», 4, «Фадаил әл-Құран», 1; Мүслим, «Жиһад», 114 (№1797); Тирмизи, «Тәпсір», «Духа» (№3345, Ибраһим Жанан басылымында №3342).