Хадис

Кутуб ситтә, № 866

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
133. «Духа» сүресі
Нөмірі
№ 866 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
866
Кутуб ситтә, № 866 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: «أَبْطَأَ جِبْرِيلُ عَلَى النَّبِىِّ ﷺ: فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ قَدْ وَدِّعَ مُحَمَّدٌ فَنَزَلَتْ»

Қазақша аудармасы

Тағы бір риуаятта: «Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарға (с.а.с.) уахи әкелуге кешікті. Сонда мүшріктер “Мұхаммедті тастап кетті”, – деді. Осыған байланысты “Духа” сүресі түсті», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят – «Духа» сүресінің түсу себебіне қатысты риуаяттардың біреуі. Онда Алла Елшісінің (с.а.с.) жүйелі түрде оқып жүрген намаздарына сырқатынан бірнеше күн қатарынан тұра алмауы кейбір кісілердің назарын аударып, олар сол сәтті мүлт жібермей, «Раббың сені тәрк етті» немесе «шайтаның сені тәрк етті» деп мазақ қылған. Бұны айтқан әйел – Әбу Ләһабтың әйелі Үммі Жәмил. Ол Исламның қас дұшпаны еді. «Ләһаб» сүресінде «хаммаләтул-хатаб», яғни «жаһаннамға отын тасушы» деп суреттелген. Әбу Бәкір ибн әл-Араби оны Үммі Қабих деп атаған.

Сүренің түсу себебі туралы өзге риуаяттар да бар. Ибн Хажар олардың көбін осы хадиске берген түсіндірмесінде жинаған. Бір риуаятта сүренің түсу себебі пайғамбарлықтың басында болған уахи үзілісі делінеді. Кейбір деректе сол үзіліс үш жылға жуық созылған. Ибн Хажар бұл пікірді қабылдамаған. Оның айтуынша, алғашқы үзіліс ұзақ болған, ал «Духа» сүресінің түсуіне қатысты үзіліс бірнеше түнге ғана созылған.

Себебі Алла Елшісінің мұңаюына, ал мүшріктердің мәз болып мазақ қылуына себеп болған уахидің үзілісіне қатысты әртүрлі сандар айтылған: 3, 4, 12, 15, 10, 25, 40 күн секілді. Бұл сандар Расулалланың сөзінен алынбаған, рауилердің болжамы. Солардың біреуіне тоқтала кетейік: Мүшріктер Расулаллаға Зулқарнайн, рух т.б. жайлы сұрайды. Пайғамбарымыз «иншалла» деп айтпастан: «Сендерге ертең жауап беремін» дейді. Алайда уахи он екі күн немесе одан көп күнге кешігеді. Бұл жағдай Расулалланы қатты мұңайтады. Мүшріктер де осы сәтті мүлт жібермей, «Раббысы Мұхаммедті тәрк етті» деп келеке етеді. Осыған байланысты Жәбірейіл «Кәһф» сүресінің 23–24-аяттары арқылы сұралған сұрақтардың жауабын әкеледі. Ол аяттар мыналар: «Қандай да бір іске бел буғаныңда, «Мен оны ертең (міндетті түрде) істеймін», – деп айтушы болма. Тек «иншалла (Алла қаласа) істеймін», – деп айт. Олай айтуды ұмытып кеткеніңде, (есіңе түсе салысымен) бірден Раббыңды есіңе ал әрі: «Раббым маған туралыққа ең жақын болған істі аз ғана уақыт ішінде істеуді нәсіп етер деп үміт етемін», – де».

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Духа», 2, «Тәһәжжуд», 4, «Фадаил әл-Құран», 1; Мүслим, «Жиһад», 114 (№1797); Тирмизи, «Тәпсір», «Духа» (№3345, Ибраһим Жанан басылымында №3342).