وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «آلَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ نِسَائِهِ وَحَرَّمَ، فَجَعَلَ الْحَرَامَ حَلَالًا وَجَعَلَ فِي الْيَمِينِ كَفَّارَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) әйелдеріне жақындамауға ант етті және бір нәрсені өзіне харам етті. Кейін өзіне харам еткенін қайта адал санап, антының кәффаратын өтеді».1
Түсіндірме
Тарау басында айтылғандай, Алла елшісінің (с.а.с.) илә жасауына бірнеше себеп келтіріледі. Солардың ішінде бал шәрбатына қатысты оқиға жиі айтылады.
Алла елшісі (с.а.с.) әдеттегідей жұбайларына кезекпен барып жүретін. Бір жолы мүміндердің аналарының бірі оған бал шәрбатын ұсынып, екеуінің әңгімесі ұзаққа созылды. Бұған өзге жұбайлары қызғанып қалды. Олар өзара келісіп, Алла елшісі (с.а.с.) келгенде, одан мағафир иісі шығып тұрғанын айтты. Ол бал шәрбатын ішкенін айтқанда, олар: «Бұл балды жинаған аралар ұрфут ағашынан нәр алған екен», – деді.
Мағафир – ұрфут ағашының жағымсыз иісті шайыры. Алла елшісі (с.а.с.) жағымсыз иістен қатты сақтанатын. «Жамағат алдына шығамын», – деп сарымсақ не пияз қосылған астан да татпайтын. Жұбайларына жеке-жеке барғанында, олардың бәрі бір ауыздан мағафир иісі шығып тұрғанын айтқан соң, Алла елшісі (с.а.с.) қынжылып, енді бал татпауға ант етті.
Осыдан кейін «Тахрим» сүресі түсті. Алғашқы аяттары былай дейді: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңның көңілін табу үшін Алла саған адал еткенді неліктен өзіңе харам етесің? Алла – аса кешірімді, ерекше мейірімді. Алла сендерге анттарыңнан босанудың жолын белгіледі. Алла – сендердің қамқоршыларың. Ол – бәрін білуші, аса дана»2. Бұл аяттарда Алла елшісіне (с.а.с.) кәффаратын өтеп, антынан қайту бұйырылған.
Осы оқиғадан кейін Алла елшісі (с.а.с.) бір ай жұбайларынан бөлек тұруға бел байлап, мәшруба деп аталатын оңаша бөлмеге көтерілді. Оған құрма діңінен жасалған баспалдақпен шығатын.
Жәһилия дәуірінде арабтар арасында илә арқылы ажырасу жиі кездесетін. Оның мерзімі шектелмегендіктен, әйелдің не өзге адамға тұрмысқа шығуына, не жұбайы ретінде өмір сүруіне мүмкіндігі болмайтын. Құран мұндай күйдің төрт айдан ұзаққа созылуына тыйым салды. Аяттың үкімі үш түрлі түсіндірілген:
1. Иләдан кейін төрт айдың өтуі талақ беруге бел байлаумен тең саналады. Ер адам осы мерзім ішінде кәффаратын өтеп, әйеліне қайта оралмаса, бір «талақ баин» түседі. Ибн Аббас, Ибн Мәсғуд, Зәйд ибн Сәбит, Осман ибн Аффан және ханафи ғалымдары осы пікірді ұстанған.
2. Әли, Ибн Омар, Әбу Дарда, Айша және басқа да бірқатар сахабаның пікірінше, төрт ай өткен соң қазы ер адамнан иләні тоқтату немесе талақ беру туралы шешім талап етеді. Шәфиғи және мәлики ғалымдары да осы пікірді ұстанған.
3. Үшінші пікір бойынша, төрт ай өткенде бір «талақ рижғи» түседі. Сағид ибн Мусайяб, Сәлим ибн Абдуллаһ, Әбу Бәкір ибн Абдуррахман, Зуһри, Ата секілді ғалымдар осы пікірде болған. Иләнің егжей-тегжейі фиқһ кітаптарында баяндалған.
Есім, күнья және лақап ат