وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَنَحْنُ نَقْرَأُ الْقُرْآنَ، وَفِينَا الْأَعْرَابِيُّ وَالْعَجَمِيُّ. فَقَالَ: اقْرَؤُوا فَكُلٌّ حَسَنٌ، وَسَيَجِيءُ أَقْوَامٌ يُقِيمُونَهُ كَمَا يُقَامُ الْقِدْحُ، يَتَعَجَّلُونَهُ وَلَا يَتَأَجَّلُونَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Құран оқып отыр едік. Арамызда бәдәуи де, араб емес кісілер де бар еді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасымызға келіп: “Оқи беріңдер, бәріңнің оқуларың жақсы. Кейін Құранды садақ оғының сабын түзегендей мінсіз оқитын жұрт келеді. Олар оның сауабын ақыретке қалдырмай, осы дүниеде алуға асығады”, – деді».1
Түсіндірме
Құран Кәрімді жаттаған адам оны ұмытпау үшін де күш салуға тиіс. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алғашқы екі хадисте адамның жаттағанын тез ұмытуға бейім екенін көрсеткен. Осы әлсіздігін ескерген адам жаттағанын ұдайы оқып, қайталап отырады. Хадистегі түйені бос жіберу Құранды қайталауды доғаруды меңзейді.
Құранды жадыңда сақтау оны жиі оқуға байланысты. Дауысы көркем болмаса, адам қалай оқиды? Үшінші хадис осы сұраққа жауап береді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оқып отырған жамағатқа: «Оқи беріңдер, бәріңнің оқуларың жақсы», – деді. Кемшілігі бар адам да шамасына қарай оқи береді. Хадистің жалғасында Пайғамбар Құранды жұрттың қошеметі мен дүниелік пайда үшін әдемілеп оқитындардың шығатынын айтады. Олар Алланың ризалығын көздемегендіктен, сыйын осы дүниеде алып, ақырет сауабынан құр қалады.
Тиләуат әдебі
1 عَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «زَيِّنُوا الْقُرْآنَ بِأَصْوَاتِكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
1. (906/1) Бәрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құранды дауыстарыңмен әсемдеңдер», – деген.2, 3
Бұхари бұл сөзді «Сахихының» соңында тарау атауы ретінде келтірген4. Жинақ авторы «Құранды дауыстарыңмен әсемдеңдер» деген сөзді Құран оқығанда дауысты көтеру деп түсіндіреді. Анығын Алла біледі.
Бұл хадисті ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Кейбірі «Дауыстарыңды Құранмен әсемдеңдер» деген нұсқаға сүйеніп, риуаят кезінде сөздердің орны ауысқан, яғни хадис мақлуб болуы мүмкін деп санаған. Олардың уәжі бойынша, Құран Кәрім – Алланың кәламы әрі Алла елшісінің мәңгі мұғжизасы. Құранның көркемдігі адам дауысына тәуелді емес. Сондықтан олар хадисті Құран оқып, дауысты сонымен көркемдеуге шақыру деп ұққан. Көпшілік ғалым риуаятта сөздердің орны ауысқан деуге негіз көрмеген.
Ибн әд-Дәйбағтың пікірінше, хадистегі «Құран» сөзі оны оқуды, яғни тиләуатты білдіреді. Сондықтан Құранды жақсылап жаттап, қолыңнан келгенше әсем дауыспен оқыған жөн. Көркем сөз әдемі дауыспен оқылғанда, тыңдаушыға әсері артып, ол зейін қойып, сүйсіне тыңдайды. Осы тұрғыдан хадис дауысты көркемдеуге және дұрыс оқу үшін тілді жаттықтыруға үндейді.
Құранды көркем дауыспен оқу жайында айтқанда тәжуид қағидаларын ескерген жөн. Ғалымдар Құранды әуенге салып, тәжуид қағидаларын бұзып оқуды мәкруһ санаған. Мұндай оқуды естіген адам оны түзетуге тырысады. Алланың кәламын оқу өзіне тән қалыппен орындалады. Оны әнге ұқсатуға болмайды. Әли әл-Қари «Мирқатта» әріптер мен дыбыстарды бұзып оқуды харам деп, мұндай оқуға құлақ қойған адам да күнә арқалайтынын айтады. Ол мұны дереу түзетуді қажет ететін бидғатқа жатқызған.
Әли әл-Қари хадисті түсіндіргенде, осыған мағыналас риуаяттарды да келтіреді:
• «Құранды дауыстарыңмен әсемдеңдер. Әдемі дауыс Құранның көркін арттырады».
• «Әдемі дауыс – Құранның әшекейі».
• «Әр нәрсенің өз әшекейі бар. Құранның әшекейі – әдемі дауыс».
Әли әл-Қари осы риуаяттарды келтіріп: «Құранды әдемі дауыспен оқу бұйырылған. Әдемі дауыстың Құран оқуына көрік беретіні көпке мәлім. Демек, сөздердің орны ауысқан болса, ол осы хадисте емес, өзге нұсқасында», – дейді.
Әли әл-Қари екі түсіндірмені де үйлестіруге болады деп, ойын қуаттау үшін Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) туралы мына оқиғаны келтіреді:
«Бір күні Абдулла ибн Мәсғуд Куфада келе жатып, бір үйде сауық құрып отырған топтың жанынан өтеді. Зазан деген кісі аспапта ойнап, әдемі дауыспен ән айтып отыр екен. Қалғандары ішімдік ішіп, айқайласып жатады. Зазанның даусын естіген Ибн Мәсғуд: “Қандай әдемі дауыс! Осы дауыспен Құран оқыса ғой!” – дейді де, киімінің етегімен басын жауып, әрі қарай жүріп кетеді.
Бұл сөз Зазанның құлағына жеткенде, ол: “Бұл кім?” – деп сұрайды. Жұрт оның Алла елшісінің (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Мәсғуд екенін айтып, айтқан сөзін жеткізеді. Зазанның жүрегі тебіренеді. Ол орнынан тұрып, аспабын сындырады да, Ибн Мәсғудты қуып жетіп, алдында жылайды. Абдулла оны құшақтап, бірге жылайды. Сосын: “Алланы сүйген жанды қалай жақсы көрмейсің?!” – дейді. Зазан тәубе етіп, содан кейін Ибн Мәсғудтан ажырамайды. Құран үйренеді, ұстазынан көп ілім алады. Кейін ілімімен танылып, имам атанады».
Әли әл-Қари Құранды көркем дауыспен оқу жайында Алла елшісінің (с.а.с.) Әбу Мұса әл-Ашғариге (р.а.) айтқан сөзін келтіреді: «Кеше түнде Құран оқығаныңды тыңдап тұрғанымды көрсең ғой! Саған Дәуіт әулетінің мизмарындай5 әсем дауыс берілген».
Тағы бір риуаятта: «Алланың көркем дауыспен дауыстап Құран оқыған жанды тыңдауы қожайынның әнші күңін тыңдауынан да артық», – делінген.6
Мұндағы басты мақсат – Құран оқу. Ғалымдар оны тәртилмен оқып, дауысты көркемдеуді бірауыздан мұстахаб санаған. Ән сарынына салып оқуға қатысты әртүрлі пікір айтылған. Көпшілік ғалым бұлай оқу хушуғты7 жоғалтады деп санаған. Имам Шафиғиден рұқсат ететін де, тыйым салатын да сөз жеткен. Нәуәуидің түсіндіруінше, ол екі бөлек жағдайды айтқан. Дыбысты орынсыз созу немесе қысқарту, идғамды қажет жерде жасамау, керісінше, орынсыз қолдану сөздің тұлғасы мен мағынасын өзгертуі мүмкін. Шафиғи осындай әуенге тыйым салған, ал тәжуид қағидалары сақталған оқуға рұқсат берген.
Екі пікірдің айырмасы Құран оқығанда дыбыстар мен тәжуид қағидаларының қалай сақталуына байланысты.
2 وَعَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «اقْرَءُوا الْقُرْآنَ بِلُحُونِ الْعَرَبِ وَأَصْوَاتِهَا، وَإِيَّاكُمْ وَلُحُونَ أَهْلِ الْعِشْقِ وَلُحُونَ أَهْلِ الْكِتَابَيْنِ، وَسَيَجِئُ بَعْدِى قَوْمٌ يُرَجِّعُونَ بِالْقُرْآنِ تَرْجِيعَ الْغِنَاءِ وَالنَّوْحِ لَا يُجَاوِزُ حَنَاجِرَهُمْ مَفْتُونَةٌ قُلُوبُهُمْ وَقُلُوبُ الَّذِينَ يُعْجِبُهُمْ شَأْنُهُمْ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.
2. (906/2) Хузайфаның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Құранды арабтардың сөйлеу мәнерімен, дыбыстау үлгісімен оқыңдар. Ғашықтық әндерін айтатындардың және екі кітап иесінің әуеніне салудан сақ болыңдар. Менен кейін Құранды ән мен жоқтау сарынына салып оқитын жұрт шығады. Оқығаны олардың алқымынан әрі өтпейді. Өздерінің де, оларға тамсанғандардың да жүректері бүлікке ұрынған».8
«Лахн» – қарама-қарсы мағынада да қолданылатын сөз. Ол тіл ережесін бұзып сөйлеуді де, тілдің қағидасын сақтап сөйлеуді де білдіреді. Хадистерде екі мағынада да кездеседі. «Түсіну», «аңғару», «сөз» мағыналары да бар. Сөздіктегі түпкі мағынасы – «тура бағыттан ауытқу».
Бұл риуаятта «лахн» араб тілінің қағидалары мен сөйлеу мәнерін білдіреді. Арабтардың дыбыстау үлгісі туралы келесі сөз осы мағынаны айқындайды. Одан әрі Құранды яһудилер мен христиандардың өз кітаптарын оқыған сарынымен оқудан сақтандырылады. Кітап иелері діни мәтіндерін ғибадат үстінде өзіне тән әуенмен оқыған, бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді. Автор өзгеге еліктеу кең тараған кезде осы ескертуді естен шығармау керектігін айтады.
«Жамиғ әс-сағирдегі» нұсқада «пасықтардың әуені» деген тіркес те бар.
«Жамиғ әс-сағирдегі» нұсқаның жалғасы да сәл өзгеше.
فَإِنَّهُ سَيَجِيءُ بَعْدِي قَوْمٌ يُرَجِّعُونَ بِالْقُرْآنِ تَرْجِيعَ الْغِنَاءِ وَالرَّهْبَانِيَّةِ وَالنَّوْحِ.
«Менен кейін Құранды ән, монахтардың оқуы мен жоқтау сарынына салып оқитын жұрт келеді».
Қырағатта «тәржиғ» деп дыбысты көмейде құбылтып оқуды айтады. Ол ән мен жоқтау айтуда жиі кездеседі. Бұл риуаятта Құран оқығанда ән мен жоқтауға тән осындай құбылтуға тыйым салынған.
Мұндай әндетуге тыйым салудың себебі – әріптің дыбысы бұзылып, өзгеріп кетуі мүмкін.
Мунауидің айтуынша, Ахмад ибн Ханбалдан осы тыйымның себебі сұралған кезде, сұрақ қойған кісіден «Атың кім?» деп сұрайды. Әлгі кісі «Мұхаммед» деген кезде, Имам: «Саған «Ей, Мұха-а-аммед يَا مُحَامَّد десе ұнатасың ба?» – деп сұрайды.
Дыбысты жөнсіз құбылту әріпті өз махражынан, яғни дыбыстың шығатын орнынан ауытқытуы мүмкін. Әріптің өзгеруі сөздің мағынасына да әсер етеді. Осындай салдарына байланысты мұндай оқу құпталмаған.
- 1Әбу Дәуіт, Салат 139, (830).
- 2Әбу Дәуіт, Салат 355, (1468); Нәсәи, Салат 83, (2, 179, 180); Ибн Мәжа, Иқамат 176, (1342).
- 3Бұхари, «Тәухид», 52.
- 4Бұхари, «Тәухид», 52.
- 5Мизмар – үрлеп ойнайтын аспап. Мұнда әсем дауыс ауыспалы мағынада айтылған.
- 6Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат», 176 (№1340).
- 7Хушуғ – құлшылықтағы кішіпейілділік пен жүрек ықыласы.
- 8Рәзин риуаят еткен. Суюти, «әл-Жамиғ әс-сағир». Мунауи, «Фәйз әл-қадир», 2-т., 65-б. Табарәни, «әл-Муғжам әл-әусат», №7223. Әл-Әлбани риуаяттың иснадын әлсіз деп бағалаған.