عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَأَبَا بَكْرٍ وَعُمَرَ، وَأُرَاهُ قَالَ: وَعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، كَانُوا يَقْرَؤُونَ «مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ» بِالْأَلِفِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), Әбу Бәкір, Омар және, шамасы, Осман да (Алла оларға разы болсын) «Фатиха» сүресінің төртінші аятын مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ деп, мимнен кейін әлифпен оқыған.1
Түсіндірме
Тирмизиде қосымша мәлімет ретінде, ал Әбу Дәуітте иснадымен берілген хабарда مَالِكِ сөзін әлифсіз مَلِكِ деп алғаш оқыған кісі Мәруан екені айтылады. Бағауидің мәліметінше, Асым, әл-Кисаи және Яқуб әлифпен оқыған, басқа қарилар әлифсіз оқыған. Кей ғалымдар екі оқылымның негізгі мағынасы бір деп санаған.
Ибн Кәсир «Тәпсірінде» мынадай мәлімет келтіреді: «Құран оқитын кейбір кісілер مَلِكِ يَوْمِ الدِّينِ деп оқыды; біреулері مَالِكِ деп оқыды. Екі топтікі де сахих және мутауатир қырағат, әрі қырағат сабғаға жатады. «Ләм» әрпін кәсра және сукун етіп оқитындар да болған. Сондай-ақ مَلِيكِ деп те оқыған. Нафиғ «кәф» әрпінің кәсрасын созып, مَلِكِى يَوْمِ الدِّينِ деп оқыған. Осы оқылу түрлерінің біреуін таңдаған кісі мағыналық жақтан екеуін де қабыл еткен болады. Бұл екі оқылу түрі де сахих».
- 1Тирмизи, Қырағат 1, (2929); Әбу Дәуіт, Хуруф 1, (4000).