Хадис

Кутуб ситтә, № 1165

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
149. ҚАЖЫЛЫҚ ЖӘНЕ УМРА
Нөмірі
№ 1165 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1165
Кутуб ситтә, № 1165 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: تَابِعُوا بَيْنَ الْحَجِّ وَالْعُمْرَةِ فَإِنَّهُمَا يَنْفِيَانِ الْفَقْرَ وَالذُّنُوبَ كَمَا يَنْفِي الْكِيرُ خَبَثَ الْحَدِيدِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Қажылық пен умраны бірінен соң бірін атқарыңдар. Көрік темірді қождан арылтқандай, ол екеуі кедейлік пен күнәдан арылтады»1, – дегенін жеткізді.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) қажылық пен умраны бірінен соң бірін атқаруға үндеген. Яғни қажылықтан кейін умра, умрадан кейін қажылық атқару көзделеді.

Мунауи Мұхиббуддин әт-Табариден мына пікірді жеткізген: қажылық пен умра қатар аталғандықтан, умра да қажылық сияқты уәжіп. Құрандағы ﴿فَصِيَامُ شَهْرَيْنِ مُتَتَابِعَيْنِ﴾ деген тіркес кәффарат өтеушінің екі ай қатарынан үзбей ораза ұстауын білдіреді. Осы пікір бойынша хадистегі «тәтәбуғ» сөзі де умра мен қажылықты бірінен соң бірін атқаруды меңзейді.

Тағы бір түсіндіру бойынша, қажылық пен умраның арасына уақыт түссе де, бірі аяқталып, екіншісі орындалса, хадистегі бірінен соң бірін атқару талабы орындалады.

2. Нәсәидегі риуаятта қажылық пен умра кедейлік пен күнәдан арылтады делінген. Жинақтың бастапқы мәтінінде «кедейлік» сөзі түсіп қалған. Зекет пен садақа малға береке дарытатыны сияқты, қажылық пен умра жолындағы шығын да рухани әрі дүние берекесіне себеп болады. Хадис осы ғибадаттарға жұмсалған мал адамды кедейлендіреді деген қауіптің орынсыз екенін білдіреді.

3. Қажылық пен умраның күнәні тазартуы көріктің темірді қождан арылтуына ұқсатылған. Бір риуаятта темірмен бірге алтын мен күміс те аталады.

Бұл жердегі ұқсату мәселесі расымен де қызық. Көрік темірдегі татты жеңіл үрлеумен емес, қатты қыздырып өртеу арқылы тазалайды. Сол секілді қажылық ғибадатында да нәпсіні өртеу арқылы тазалайтын әртүрлі «оттар» мен қиындықтар бар. Мысалы, мал-мүліктен қаражат жұмсау, сапарда жүргенде ашығу, шөлдеу, шаршау, ұйқысыздық, жолда кездесетін қауіп-қатерлерге қарамастан тәуекелге бел буып жолға шығу, жолдағы кедергілерді шешу және Отаннан, туған ел мен жерден, ағайын-туғаннан, дос-жараннан, отбасынан жырақтап жолға шығу, үйреншікті қалыптасқан әдеттерін тастау сынды мәселелерді жатқызуға болады.

Бұлар қазіргідей емес, 1500 жылдық тарих ішіндегі мүмкіндіктердің шектеулі кезеңдерін ойлап көрсеңіз, қажылыққа аттанудың қаншалықты темір қыздыратын көріктің жалыны екенін және бұл қиындықтардың барлығына қарамастан тек қана Алла разылығы үшін сабырмен орындаған ықыласты қажыны тап-таза ететінін оңай түсінуге болады.

Мүмін бұл жалындаған отта өзін тек қана бір мақсатпен өртейді, ол мақсат – Раббысының әмірін орындап, разылығына жету. Құлдың бұл жомарттығы мен жанқиярлығы үшін Алла тағаланың беретін сыйы жайлы келесі хадисте баяндалады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мәбрур қажылықтың сыйы тек қана жәннат болады, одан басқа нәрсе болмайды!» деген. Яғни қажылық пен умра, көріктің темірді тазалағаны сияқты, мүмінді күнәлардан тазалаумен ғана қалмайды, басқа да үстемдіктерге жеткізеді. Ол нығмет – жәннат!

  1. 1Нәсәи, «Мәнәсик», 6 (№ 2630). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 3 (№ 2886).