وَعَنْ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ قَالَ: «جَاءَتِ امْرَأَةٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَتْ: إِنِّي كُنْتُ تَجَهَّزْتُ لِلْحَجِّ فَاعْتَرَضَ لِي. فَقَالَ: اعْتَمِرِي فِي رَمَضَانَ فَإِنَّ عُمْرَةً فِيهِ كَحَجَّةٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Бәкір ибн Абдуррахман былай дейді: «Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Қажылыққа қамданған едім. Бір кедергі шығып қалды. Не істейін?” – деді. Алла елшісі: “Рамазанда умра жаса. Бұл айдағы умра қажылықпен тең”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Әбу Дәуіттің риуаятынан аты аталмаған әйелдің Үммү Мағқил екені аңғарылады. Бір нұсқа бойынша, қажылыққа ерлі-зайыпты екеуінің сырқаты кедергі болған. Күйеуі қайтыс болып, әйелі жазылған. Жалғыз түйесін күйеуі Әбу Мағқил Алла жолына арнап қойған еді.
Абдурраззақтың риуаятында әйел қажылыққа қамданып жүріп түйесін жоғалтып алғанын айтқан.
Зурқани екі риуаятты былай сабақтастырған: әйел түйесін тауып алғаннан кейін ауырып қалуы немесе ауруынан жазылған соң түйесін жоғалтуы мүмкін.
Қалай болғанда да Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әйелге: «Рамазанда умра жаса, өйткені ол айдағы умра (сауап тұрғысынан), қажылықпен тең болады» деп жауап берген.
Ғалымдардың түсіндіруінше, бір игі амалдың сауабы жасалған мезгіліне қарай артады. Рамазанда сауап басқа айларға қарағанда көбірек еселенеді. Бұл – уақыттың шарапаты. Рәсімі мен ауыртпалығы көбірек қажылық ғибадатының өз дәрежесі бөлек.
- 1Муатта, Хажж 66, (1, 347); Әбу Дәуіт, Хажж 79, Тирмизи, Хажж 95, (939); Нәсәи, Сиям 6, (4, 130); ибн Мәжа, Хажж (Мәнәсик) 45, (2991.2995).