عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَا يَلْبَسُ الْمُحْرِمُ؟ قَالَ: لَا يَلْبَسُ الْمُحْرِمُ الْقَمِيصَ وَلَا الْعِمَامَةَ وَلَا الْبُرْنُسَ وَلَا السَّرَاوِيلَ وَلَا ثَوْبًا مَسَّهُ وَرْسٌ وَلَا زَعْفَرَانٌ وَلَا الْخُفَّيْنِ إِلَّا أَنْ لَا يَجِدَ نَعْلَيْنِ فَلْيَقْطَعْهُمَا حَتَّى يَكُونَا أَسْفَلَ مِنَ الْكَعْبَيْنِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. وَزَادَ الْبُخَارِيُّ: وَلَا تَنْتَقِبُ الْمَرْأَةُ الْمُحْرِمَةُ وَلَا تَلْبَسُ الْقُفَّازُيْنِ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) ихрамға кірген адамның қандай киім киетіні сұралды. Ол: “Ихрамдағы кісі көйлек, сәлде, бүрнус1, шалбар, уәрс2 не зағфаран3 жұққан киім кимейді. Мәсі де кимейді. Тәпішке (нәғла)4 таба алмаса, мәсінің тобықтан жоғары жауып тұратын бөлігін кесіп, тобықтан төмен етіп кисін”, – деді».
Бұхари нұсқасында: «Ихрамдағы әйел ниқаб та, қолғап та кимейді»5, – деген қосымша бар.
«الْقُفَّازُ» بِضَمِّ الْقَافِ وَتَشْدِيدِ الْفَاءِ: شَيْءٌ يُعْمَلُ لِلْيَدَيْنِ يُحْشَى بِقُطْنٍ وَيَكُونُ لَهُ أَزْرَارٌ يُزَرَّرُ بِهَا عَلَى السَّاعِدَيْنِ مِنَ الْبَرْدِ تَلْبِسُهُ الْمَرْأَةُ فِي يَدَيْهَا.
Түсіндірме
1. Бұл риуаят ихрамға кірген кісінің киіміне қатысты. «Ихрам» сөзінің тілдік мағынасы – «тыйым салу». Қажылық не умра кезінде ер кісі оранатын арнайы киім де «ихрам» аталады. Ал «мухрим» – ихрамға кірген адам.
2. Хадисте ихрамға кірген ер кісіге көйлек, шалбар, бүрнус сияқты дене бітіміне сай тігілген киім, сондай-ақ сәлде мен мәсі киюге тыйым салынады. Аяғына табаны бар, үсті ашық тәпішке кие алады. Тәпішке табылмаса, Алла елшісі (с.а.с.) мәсінің тобықты жабатын жоғарғы бөлігін кесіп киюге рұқсат берген.
Қади Иядтың айтуынша, ғалымдар ихрамдағы ер кісіге көйлек, шалбар және сол тәрізді тігілген киім, сәлде және басты жауып тұратын өзге жабын киюге тыйым салынатынына бірауыздан келіскен. Хадистегі «мәсі» атауына аяқты тұтас жауып тұратын өзге аяқкиім де жатады.
Ибн әл-Мунзир тағы бір ижмағты келтіреді: әйелдер аталған киімдерді кие алады, ал уәрс пен зағфаран жұққан киімге қатысты тыйым ерге де, әйелге де ортақ. Ол кезде уәрс пен зағфаран бояу әрі жұпар иіс ретінде қолданылған. Ғалымдар осы екеуі аталғанымен, ихрамдағы адамға жағылатын өзге хош иістерге де тыйым салынатынына бірауыздан келіскен. Шафиғи ғалымдарының бір бөлігі осыған қияс жасап, зағфаранның иісі бар тағамды да жеуге тыйым салған. Ханафилер хадистегі тыйым кию мен жағуға қатысты екенін айтып, бұл үкімді ішіп-жеуге қолданбаған.
Ханафилердің пікірінше, сүрткенде не жуғанда бояуы шықпайтын киімді ихрамда киюге болады. Шафиғилер су тигенде хош иіс шығатын киімді жарамсыз санайды. Киімнің дағы жуғанда кетпесе де, одан хош иіс шықпаса, киюге болады.
3. Ихрамдағы ер кісіге үсті жабық аяқкиімнің орнына үсті ашық тәпішке кию әмір етілген. Тәпішке таппаған адам мәсінің тобығын жабатын бөлігін кесіп кие алады. Бұхариде Ибн Аббастан жеткен риуаятта былай делінген:
فَإِنْ لَمْ يَجِدْ نَعْلَيْنِ فَلْيَلْبَسِ الْخُفَّيْنِ
«Тәпішке таппаса, мәсі кисін».
Ахмад ибн Ханбал осы риуаятқа сүйеніп, мәсіні кеспей киюге де болады деген.
Ғалымдардың көпшілігі тәпішкесі бар адамға, мәсінің жоғарғы жағы кесілген болса да, оны киюге болмайды деп есептеген. Шафиғилер мен ханафилердің кейбірі рұқсат берген. «Таба алмау» дегеніміз – тәпішкенің болмауы немесе оны сатып алуға шамасы жетпеуі. Сатушы алдап сатса, тәпішкені сатып алуға міндетті емес. Сыйға ұсынса, қабылдамауына болады. Уақытша пайдалануға берсе, алуы керек.
Шафиғилердің пікірінше, тәпішке таба алмай, мәсі киген адам фидия төлемейді. Ханафилер фидияны міндетті санайды. Ғалымдардың көпшілігі мәсінің тобық пен аяқ үстін жауып тұрған бөлігін кесіп, аяққа бекітетін бауын ғана қалдыру шарт деген. Ахмад ибн Ханбал Ибн Аббастың риуаятына сүйеніп, мәсіні кеспей киюге рұқсат берген. Бұл пікір «шектеусіз мәтін шектеулі мәтінге сай түсіндіріледі» деген қағида тұрғысынан сыналған. Ханбалилер оған бірнеше уәж айтқан, оларды бұл жерде тарқатпаймыз.
4. Бұхаридегі «Ихрамдағы әйел ниқаб та, қолғап та кимейді» деген сөзді ғалымдар қажылықта әйелдің жүзін ашық ұстауына негіз еткен. Түсіндірмеде жүзді қымтап жабу харам деп көрсетіледі. Қолды жабу жөнінде әртүрлі пікір айтылған. Хадисте қолғап киюге тыйым әйелдерге қатысты айтылса да, ғалымдар бұл үкімді ерлерге де қолданған.
- 1Бүрнус – басты да жауып тұратын жамылғы.
- 2Уәрс – сары бояу алынатын өсімдік. Оның хош иісті затқа жататыны жөнінде әртүрлі пікір бар.
- 3Зағфаран – бояу және хош иіс ретінде қолданылатын өсімдік.
- 4Нәғла – табаны бар, үсті ашық, аяққа баумен ілінетін аяқкиім.
- 5Бұхари, «Хаж», 21 (№ 1542), «Жәзаус-сайд», 13, 15, «Ілім», 53, «Салат», 9. Мүслим, «Хаж», 1 (№ 1177). Мәлик, «Мууатта», «Хаж», 8 (1/324–328). Тирмизи, «Хаж», 18 (№ 833). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 32 (№ 1824–1826). Нәсәи, «Хаж», 28 (5/129).