Хадис

Кутуб ситтә, № 1212

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
152. Ихрам және ондағы тыйымдар
Нөмірі
№ 1212 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 14
1212
Кутуб ситтә, № 1212 · тараудағы реті: 14

وَفِي أُخْرَى: «سُئِلَ ابْنُ عُمَرَ عَنِ الرَّجُلِ يَتَطَيَّبُ ثُمَّ يُصْبِحُ مُحْرِمًا؟ فَقَالَ: مَا أُحِبُّ أَنْ أُصْبِحَ مُحْرِمًا أَنْضَخُ طِيبًا لَأَنْ أَطَّلِيَ بِقَطِرَانٍ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ أَنْ أَفْعَلَ ذَلِكَ. فَأُخْبِرَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا بِقَوْلِ ابْنِ عُمَرَ. فَقَالَتْ: أَنَا طَيَّبْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عِنْدَ إِحْرَامِهِ، ثُمَّ طَافَ فِي نِسَائِهِ، ثُمَّ أَصْبَحَ مُحْرِمًا يَنْضَخُ طِيبًا». هَذِهِ أَلْفَاظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Басқа бір нұсқада былай делінген: «Ибн Омардан әтір жағып алып, ертеңіне ихрамға кірген адам туралы сұралды. Ол: “Үстімнен хош иіс аңқып, ихрамда таң атырғым келмейді. Одан да денеме шайыр жаққанды артық көремін”, – деді. Бұл сөз Айшаға (р.а.) жеткенде, ол: “Алла елшісіне (с.а.с.) ихрамға кірерінде әтір жақтым. Кейін ол жұбайларын аралады. Ертеңіне ихрамда таң атырғанда, одан хош иіс аңқып тұрды”, – деді1».

Түсіндірме

Жоғарыда айтқанымыздай, ихрамға кіретін адамның ихрамға кіруден бұрын хош иіс жағуы және ихрамға кіргесін ол иістің жалғасуына қатысты әзірет Айша мен ибн Омар арасында пікір айырмашылығы бар және екеуі бір-бірінің пікірлерін білетін. Жоғарыдағы ибн Омардың пікірі әзірет Айшаға айтылған кезде, әзірет Айша өз пікірінен қайтпаған. Сағид ибн Мансурдың ибн Омардың ұлы Абдулладан жеткен бір риуаяты бойынша, ибн Омар әзірет Айшаның пікірін естігенде үндемегені әрі өзінің пікірін жалғастырып айтыспаған. Салим ибн Абдулла әзірет Айшаның хадисіне сүйене отырып, ибн Омардың бұл мәселеде әкесі мен атасына қарсы келгенін айтқан.

Ғалымдардың көбі бұл пікірді негізге алып, ихрамға кіруден бұрын хош иіс жағуды мұстахаб санаған. Ханафи мазһабы да осы пікірді ұстанған.

Мәликилер ибн Омардың пікірін негізге алған және әзірет Айшаның хадисін былай жорамалдаған: «Риуаятта хош иіс жаққаннан кейін ардақты Пайғамбардың әйелдерге жолыққаны, одан кейін ихрамға кіргені айтылады. Бұл жердегі әйелдерге жолықты деген сөз, жұбайларымен төсек қатынасында болғанын білдіреді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұбайларының әрқайсысымен жолыққаннан кейін жуынатын. Осылайша үстіне жаққан тиб (хош иіс) жуылып кеткен және ешқандай иіс қалмаған». Ал «шаштарындағы көрініп тұрған тибтың (хош иістің) жылтыры сол жаққаннан қалған өң еді, жуылғанда иісі қалмаған. Шашындағы тек қана иісі жоқ тибтың дақтары болатын» деп жорамал жасаған.

Ғалымдар бұл мәселеге қатысты әртүрлі дәлелдер келтіріп, алуан түрлі түсіндірмелер айтып жорамалдар жасаған. Бұл жерде оған тоқталмаймыз. Тек қана хадисте назарымызды аударған бірнеше мәселеге тоқталамыз:

· Расулалланың (с.а.с.) жұбайлары Алла елшісіне қызмет жасау үшін құрақ ұшатын. Бұл хадистен хош иіс жағып қызмет жасағанын байқаймыз.

· Жыныстық қатынаста әйел мен ердің хош иіс жағуы мұстахаб.

· Сахабалардың үлкендері де Расулалланың кейбір сүннетін жұбайларындай жақсы білмейді. Сондықтан араларында пікір айырмашылығы туындаған.

· Ғалымдар көбінде Расулалланың (с.а.с.) жұбайлары жақсы білетін мәселеде қарама-қайшылық туындаса да жұбайларының риуаятын негізге алған.

  1. 1Бұхари, Ғусл 14; Мүслим, Хажж 47, (1192); Нәсәи, Хажж 42, (5, 139), Ғусл 13, (1, 203).