وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ كَفَّنَ ابْنَهُ وَاقِدًا وَمَاتَ بِالْجُحْفَةِ مُحْرِمًا وَخَمَّرَ رَأْسَهُ وَوَجْهَهُ وَقَالَ: لَوْلا أَنَّا حُرُمُ لَطَيَّبْنَاهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ибн Омар (р.а.) Жухфада ихрамда қайтыс болған ұлы Уақидты кебіндеп, басы мен жүзін жапты да: «Өзіміз ихрамда болмасақ, оған әтір де жағар едік»1, – деді.
Түсіндірме
Риуаят ихрамдағы адамның әтірге қол тигізбеуіне және ихрамда қайтыс болған кісіні әдеттегідей кебіндеуге дәлел ретінде келтіріледі. Ибн Омар ұлының басы мен жүзін жапқан. Әдетте мәйітке әтір жағылатын еді, бірақ Ибн Омар өзінің және кебіндеуге қатысқан кісілердің ихрамда болғанын айтып, ұлының мәйітіне әтір жақпағанын түсіндірді.
Бұл хадисті Имам Ағзам, Имам Мәлик және Әузағи «Сахихайнда» келген ибн Аббастың (р.а.) риуаятына жауап ретінде қарастырған: «Ихрамдағы бір адамды түйесі жығып қайтыс болады. Бұл жағдайды Расулаллаға (с.а.с.) айтқан кезде: «Оны жуындырыңдар, кебіндеңдер, бірақ басын жаппаңдар, әтір жақпаңдар. Өйткені ол (қиямет күні) тәлбия айтып тіріледі», – дейді.
Имам Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Рахуя және Заһирилер бұл риуаят бойынша ихрамда дүниеден өткен адам өлген соң да ихрамда саналатынын айтқан. Өйткені хадистегі: «Басын жаппаңдар, әтір жақпаңдар» деген әмір осыны білдіреді. Хадистің кейбір нұсқаларында «екі бөлек матамен кебіндеңдер» деген қосымша мағлұмат та орын алған. Яғни, кебін де ихрам сияқты екі бөлек матадан болу керек.
Бұл пікірді құптамайтын ғалымдар (Мәлик, Әбу Ханифа...) ихрам кезінде дүниеден өткен адамды ихрамсыз адам сияқты жерлеу керек екенін айтқан. Олардың пікірі бойынша ихрам басқа құлшылықтар сияқты құлшылықтың бірі. Мысалы, намаз, ораза және т.б. ғибадаттар өліммен бірге күшін жоятыны сияқты, бұл да өліммен бірге тоқтайды. Өліммен бірге ихрам жалғасатын болса, мәйітті алып жүріп тауап жасату және басқа да қажылық рәсімдерін аяқтату керек еді. Бірақ ешбір ғалым мұндай пікір айтпады.
Сонымен қатар, ибн Аббас (р.а.) келтірген хадис әлгі хадисте айтылған адамға қатысты жекелей үкімді баян еткен. Оны жалпыға жаппай қолдану мүмкін емес. Өйткені ардақты Пайғамбар: «Ол (қиямет күні) тәлбия айтып тіріледі» деген... Алайда шәһидтерге қатысты үкім жекелей емес, жалпыға айтылған: «Шәһид (қиямет күні), жарақатынан қан ағып тұрған бойда тіріледі». Бұл үкім бойынша, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ихрамда жүріп дүниеден өткен адам, қиямет күні тәлбия айтып тіріледі» дегенде үкім жалпыға тән болатын еді. Бірақ олай айтқан жоқ.
- 1Муатта, Хажж 14, (1, 327).