Хадис

Кутуб ситтә, № 1241

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
152. Ихрам және ондағы тыйымдар
Нөмірі
№ 1241 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 43
1241
Кутуб ситтә, № 1241 · тараудағы реті: 43Риуаят етуші: Сағб ибн Жәссама (р.а.)

وَعَنِ الصَّعْبِ بْنِ جَثَّامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّهُ أَهدَى إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حِمَارًا وَحْشِيًّا وَهُوَ بِالأَبْوَاءِ أَوْ بِوَدَّانَ فَرَدَّهُ عَلَيْهِ فَلَمَّا رَأَى مَا فِي وَجْهِهِ قَالَ: أَنَا لَمْ نَرُدُّهُ عَلَيْكَ إِلَّا أَنَا حُرُمٌ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوَدَ.

Қазақша аудармасы

Сағб ибн Жәссама (р.а.) Әбуада немесе Уадданда Алла елшісіне (с.а.с.) бір жабайы есек сыйлады. Алла елшісі сыйын қайтарып берді. Сағбтың жүзінен көңілі қалғанын байқап: «Оны ихрамда болғанымыз үшін ғана қайтардық», – деді1.

Түсіндірме

1. Риуаятта сыйға тартылғаны айтылған «жабайы есек» деген сөз нені білдіреді? Жабайы есектің еті ме, жоқ әлде өзі тірі күйінде ме? Бұл жайлы пікірталас бар. Риуаяттың Бұхаридағы нұсқасы жоғарыда келгендей нақты анық емес. Бірақ Бұхари басқа риуаяттардағы мағлұматтарға сүйене отырып, ол есектің «тірі» екенін айтқан және мұны тармақтың басына келтірген. Мүслимдегі бір нұсқасында «жабайы есектің еті» екені айтылған. Кейбір риуаяттарда: «Жабайы есектің саны» екені, «ол саннан қан тамшылап тұрғаны», «ауланған еттің бір бөлшегі» екені жайлы әртүрлі сөйлемдер айтылған.

Риуаяттардағы бұл айырмашылықтар себебінен, ғалымдар түрлі пікірлер келтіргендіктен қарама-қайшылықтар туындаған.

Тахауи ибн Аббастан жеткен барлық риуаяттарда Расулалланың (с.а.с.) Сағбқа кері қайтарғаны, тірі емес аулау арқылы қолға түскен ет екеніне тоқталған. Бұл «ихрамдағы адамға ауланған ет харам» дегендерге дәлел болды деген. Ибн Баттал хадистердегі қарма-қайшылықты бір ғана оқиғаға емес, бірнеше оқиғаға қатысты деп түсіндіреді. Ибн Хажар да осы пікірді құптаған. Оның пікірінше Сағб Расулаллаға (с.а.с.) бірде жабайы есекті толықтай сыйға тартқан, басқа бір жолы бір бөлшегін (яғни етін) сыйға тартқан.

Қуртуби алдымен есект толықтай сыйға берілді деген пікірде болған. Өйткені есек толық (яғни тірі) болғандықтан Сағбтың өзіне кері қайтарылды деп қараған. Бірақ бұл пікірге қарсылық болғандықтан, кейін есектің бір бөлшегі сыйға тартылғаны жайлы пікірді құптаған.

2. Ғалымдардың бірқатары (Шағби, Тауус, Мужаһид, Сәури және т.б. Бұл риуаятқа қатысты Имам Мәлик) бұл риуаят бойынша бір шешімге келіп, ихрамсыз адам сойған хайуанның (ауланған хайуанның еті), ихрамды адамға харам екеніне үкім шығарған. Әзірет Али, ибн Аббас және ибн Омар да осы пікірде болған.

3. Келесі бірқатар ғалымдар (Саид ибн Жубәйр, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Ахмад ибн Ханбал және Ата) ихрамсыз адам аулаған (сойған) хайуанның ихрамдағы адамға адал екенін айтқан. Олар №1240 хадисті дәлел ретінде келтіреді.

  1. 1Бұхари, Жәзаус-сайд 6, Хибә 5, 17; Мүслим, Хажж 50, (1193), Муатта, Хажж 83, (1, 353); Тирмизи, Хажж 26, (849); Нәсәи, Хажж 79, (5, 183.185); ибн Мәжа, Мәнәсик 92, (3090).