وَزَادَ مَالِكٌ «أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ لَهُ: وَمَا يُدْرِيكَ؟ فَقَالَ: يَا أَمِيرَ الْمؤْمِنِينَ، وَالَّذِي نَفْسِي بَيَدِهِ إِنْ هِيَ إِلَّا نَثْرَةُ حُوتٍ يَنْثُرُهُ فِي كُلِّ عَامٍ مَرَّتَيْنِ». «النَّثْرَةُ» الدَّوَابُّ بِالنُّونِ: شِدَّةُ الْعَطْسَةِ، يُقَالُ نَثَرَتِ الشَّاةُ إِذَا طَرَحَتْ عَنْ أَنْفِهَا الْأَذَى.
«Мууаттада» Омардың (р.а.) Кәғбтан «Мұны қайдан білесің?» деп сұрағаны айтылады. Кәғб: «Уа, мүміндердің әміршісі, жаным қолында болған Аллаға ант етемін, бұл – балықтың түшкіргенде шашатыны. Ол жылына екі рет түшкіреді»1, – деп жауап берген.
Түсіндірме
Бұл риуаят Кәғб әл-Ахбардан жеткен. Кәғб – Исламды қабылдаған яһуди ғалымдарының бірі. Ол мухадрамдардың қатарына жатады, яғни, жаһилия дәуірінде, әрі Расулалланың (с.а.с.) тұсында өмір сүргенмен пайғамбарды көрмеген, бірақ сахабалармен кездескен. Әзірет Әбу Бәкір немесе әзірет Омардың тұсында Исламды қабылдаған. Сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында мұсылман болғандығы туралы риуаяттар да бар. Ибн Хажар: «Әзірет Омардың тұсында Исламды қабылдағаны дұрыс мәлімет» деген.
Кәғб бұрын яһуди ғалымы болғандықтан риуаяттарында бұрынғы мағлұматтардың әсері байқалады. Сондай-ақ Исламға енген көптеген исраилият хабарларын жеткізгендердің бірі һәм бірегейі Кәғб екені айтылған.
Шегірткенің теңіз жануарынан екені жайлы риуаяттардан исраилдарға тән аңыздың иісін сезбеу мүмкін емес. Әбу Һурайрадан жеткен №1249 хадиске қатысты бір жорамал жасалған. Онда шегірткенің теңіз жануарына жататындығының бір нұсқасы көрсетілген. Бірақ шегіртке тобын балықтың түшкіруіне ұқсатқан сөйлемге жорамал жасау қиын. Өйткені Шәфиғи бастаған ғалымдарымыз шегірткені құрлықтың жануары деп есептеп, шегіртке өлтірудің ихрамды кісіге харам екенін айтқан. Ал оны өлтіргенге, оның құнына тең садақа беруі керектігі жайлы ешқандай күмән жоқ.
Зурқани Кәғбтың өзі жоғарыда келген пікірінен кейінірек бас тартқанына қатысты дәлелдерге қатысты былай деген: «...Шәфиғи сахих немесе хасан сәнәдпен Абдулла ибн Әбу Аммардан мынаны риуаят еткен: Муаз ибн Жәбәл және Кәғб әл-Ахбар (р.а.) ихрамға кірген бір топ кісімен бірге Бәйтул-Мақдистен умра жасамақ болып жолға шықтық. Жолда бір жерге келген кезде Кәғб от жағып жылына бастады. Сол кезде жанымызға жыпырлап шегірткелер келе бастады. Ол ихрамда екенін ұмытып кетіп екі шегіртке ұстап, өлтірді. Сәлден соң есіне түскенде шегірткелерді (жемей) тастай салды. Мәдинаға келгенде әзірет Омарға барып екі шегіртке өлтіргенін айтқанда әзірет Омар (р.а.): «Жазасын немен өтедің?» – деп сұрады. Кәғб: «Екі дирхам садақа еттім», – деді. Әзірет Омар: «Солай ма, негізі екі дирхам жүз шегірткенің құнынан да көп», – деді.
Егер шегірткелер жүретін жолға аяқ шаншар жер қалдырмай қаптап алған болса, жолдан өту үшін оларды таптаудан басқа шара қалмаса, онда өлген шегіртке үшін ешқандай жаза өтемейді. Дегенмен ихрамды адам шегіртке өлтіруден сақтану керек. Ибн Абдулбәрр «шегіртке балықтың түшкірігінен пайда болады» деген мәселе ақылға да, шегіртке мен балықтың өмір сүру салтына да қайшы болғандықтан бұл мәселеге қатысты еш нәрсе айтпай үнсіз қалған.
Әс-Сажи Кәғбтан мынадай хабар риуаят еткен: «Ең алғашқы шегіртке балықтың мұрын тесігінен шыққан». Бұл риуаят бойынша шегірткенің алғаш жаратылуы осылай басталған. Бірақ бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығы белгісіз. Әзірет Омар бұл пікрді дұрыс та демеген, бұрыс деп те айтпаған. Өйткені оның бұл мағлұматты Тәураттан үйренген болуы керек деп топшылаған. Алла елшісінің (с.а.с.) олардың риуаят еткендеріне қатысты ұстанымы растамау әрі жалғанға да шығармау. Егер риуаят еткендері ақиқат болса қарсылық көрсетпеген болады. Ал өздерінен бұрынғы өткендер құрастырған яки өзгертілген болса құпталмаған болады.
Ислам ғалымдары риуаят кітаптарына енген исраилият хабарларына сақтықпен қараған. Қабылдамаған тұстарын алдыңғы буын ғалымдарының беделіне нұқсан келтірмей, байыппен айтқан. Алла елшісінің (с.а.с.) кітап иелерінің хабарын бірден растамауды да, теріске шығармауды да үйреткені осыған саяды. Сонда ақиқатты теріске шығару мен жалғанды растаудан сақтануға болады. Бұл ұстаным кітап иелерімен қарым-қатынаста олардың сеніміне құрметпен қарауды да үйретеді.
Өздерінің тар түсініктеріне сыйғыза алмаған әр мәселені «жөнсіз, бос нәрсе» деп миллиондаған мүміннің сеніміне құрметсіздік жасаған заманауи адамдардың құлақтарына алтын сырға!
- 1Муатта, Хажж 82, (1, 352).