Хадис

Кутуб ситтә, № 1261

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
153. Тәлбия жайында
Нөмірі
№ 1261 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1261
Кутуб ситтә, № 1261 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «بَيْدَاؤُكُمْ هَذِهِ الَّتِي تَكْذِبُونَ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِيهَا: مَا أَهَلَّ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَّا مِنْ عِنْدَ الْمَسْجِدِ: يعْنِي مَسْجِدَ ذِي الْحُلَيْفَةِ». أَخْرَجَهُ السَّتَّةُ. وَفِي رِوَايَةٍ: مَا أَهَلَّ إِلَّا مِنْ عِنْدِ الشَّجَرَةِ حِينَ قَامَ بِهِ بَعِيرُهُ. وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِي: قِيلَ لِابْنِ عُمَرَ: رَأَيْتُكَ تُهِلُّ إِذَا اسْتَوَتْ بِكَ رَاحِلَتُكَ؟ قَالَ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَفْعَلهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) тәлбияны Бәйдада бастады деп жаңсақ айтатын жерлерің – осы. Ол тәлбияны Зулхуләйфа мешітінің жанында ғана бастады»1.

Бір нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) Шәжарада түйесі орнынан көтерілгенде тәлбия айтты», – делінген.

Нәсәи келтірген өзге нұсқада Ибн Омарға: «Түйең өзіңмен бірге орнынан көтерілгенде тәлбия айтқаныңды көрдім», – дейді. Ол: «Алла елшісінің (с.а.с.) осылай істегенін көрген едім», – деп жауап берген.

Түсіндірме

1. «Бәйда» сөзінің тілдік мағынасы – «шөл», «иен дала». Хадистегі Бәйда – Зулхуләйфаға жақын, Мекке бетінде орналасқан төбе. Ешқандай құрылыс болмағандықтан осылай аталған.

2. Бұл риуаятта ибн Омар (р.а.) қарама-қайшылық туындаған бір мәселені қозғаған. Ол мәселе «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қажылықты қай жерде бастады?» деген мәселе болатын. Ибн Аббастан жеткен бір риуаятта Пайғамбардың Бәйдаға шыққаннан кейін қажылыққа ниет етіп, тәлбия айта бастағаны баяндалады. Сағд ибн Әбу Уаққастың (р.а.) Әбу Дәуітте келген бір риуаяты Расулалланың Ухуд жолымен жүретін болса, Бәйда тауына көтеріле бастаған кезде тәлбия келтіргенін, Фурғ жолымен жүретін болса, көлігін орнынан тұрар-тұрмастан тәлбия айта бастағанын баяндайды.

3. Ибн Омар (р.а.) тәлбияның Зулхуләйфа мешітінің жанында басталғанын айтқан және басқа мәліметтерді «кизб» деп сипаттаған. Мұндағы сөз қасақана жалған айтуды емес, хабарды жеткізушінің қателесуін білдіреді. Кейінгі риуаятта бұл хабарлардың қалай үйлесетіні түсіндіріледі.

4. Жоғарыда келгендей ғалымдар ардақты Пайғамбардың ихрамға кірген жеріне қатысты қарама-қайшы пікірлер айтқан. Зулхуләйфа мешітінде бастады, түйесіне мінгеннен кейін түйесі тұра бастаған сәтте айта бастады дегендер болған және Бәйда төбесіне шыққан кезде тәлбия айтты дегендер болған. Бұл мәселенің мән-жайын өте анық түсіндірген ибн Аббас (р.а.) еді. «Бұл мәселені араларыңда ең жақсы білетін мен» дей келе қажылықтың тәртібіне сай анықтама келтіреді. Ол бұл мәселеге қатысты әр риуаятқа орын бере отырып, бәріне ортақ түсініктеме жасаған. Оның бұл анықтамасын жеткізген Тахауи бұл пікірін құптағанын білдірген. Сонымен қатар, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед, Имам Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және олардың жолын ұстанған басқа ғалымдар да бұл түсіндірмені құптағаны білдірілген. Әузағи, Ата және Қатаданың пікірі бойынша Бәйда жерінде ихрамға кіру – мұстахаб.

  1. 1Бұхари, Хажж 20; Мүслим, Хажж 23, (1186); Муатта, Хажж 30, (1, 332); Тирмизи, Хажж 8,(818); Әбу Дәуіт, Хажж 21, (1771); Нәсәи, Хажж 56, (5, 162.164); ибн Мәжа, Мәнәсик 14, (2916).