Хадис

Кутуб ситтә, № 1270

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
153. Тәлбия жайында
Нөмірі
№ 1270 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 10
1270
Кутуб ситтә, № 1270 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ الْمُشْرِكُونَ يَقُولُونَ: لَبَّيْكَ لَا شَرِيكَ لَكَ: فَيَقُولُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَيْلَكُمْ قَدْ قَدْ. فَيَقُولُونَ: إِلَّا شَرِيكًا هُوَ لَكَ تَمْلِكُهُ وَمَا مَلَكَ، يَقُولُونَ هَذَا وَهُمْ يَطُوفُونَ بِالْبَيْتِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Мүшріктер: “Ләббәйк, лә шәрикә ләкә”, яғни “Шақыруыңа құлдық! Сенің серігің жоқ”, – дейтін. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: “Құрығырлар, осы да жетеді, осы да жетеді!” – дейтін. Бірақ олар: “Өзіңе тиесілі бір серіктен басқа. Оған да, оның иелігіндегі нәрселерге де Өзің иесің”, – деп жалғастыратын. Осы сөздерді Қағбаны тауап етіп жүріп айтатын»1.

قَوْلُهُ: «قَدْ قَدْ» بِمَعْنَى حَسْبُ وَتِكْرَارُهَا لِتَأْكِيدِ الْأَمْرِ، وَيَعْنُونَ «بِالشَّرِيكِ» الصَّنَمَ «وَبِمَا مَلَكْ» الآيَاتِ التَّى عِنْدَهُ وَحَوْلَهُ

Түсіндірме

ТҮСІНДІРМЕ: (№1266–1270 хадистерге қатысты)

1. «Тәлбия» сөзі لَبَّى етістігінен жасалған. «Тәзкия» сөзінің زَكَّى етістігінен жасалуы да осыған ұқсайды. Тәлбия шақыруға кідірмей жауап беруді, әмірге дайын тұруды білдіреді. Қазақ тіліндегі «ләббай, тақсыр!» тіркесі де біреудің шақыруына үн қатқанда немесе әмірін қабыл алғанда айтылған. «Ләббәйкә, Аллаһумма, ләббәйк» сөзінің мағынасы – «Уа, Алла, шақыруыңа құлдық! Әміріңе дайынмын!».

«Лә шәрикә ләкә» – «Сенің серігің жоқ» деген сөз. «Иннәл-хамда уән-ниғмата ләкә уәл-мулк» – «Барлық мақтау, нығмет пен билік Саған тән» деген мағынаны білдіреді.

№ 1267 риуаяттағы «сағдәйк» сөзі «Әміріңе әрдайым бойсұнамын» деген мағынада айтылған.

«Әл-хайру фи йәдәйк» – «Бар жақсылық Сенің қолыңда» деген сөз.

«Уәр-рағбату иләйкә уәл-ғамал» тіркесі «Тілегім Саған бағытталады, амалым да Сен үшін» дегенді білдіреді. Тәлбияның мәтіні мен аудармасы № 1164 хадисте берілді.

2. Риуаятта айтылғандай, жаһилия дәуіріндегі арабтар да тәлбия айтқан. Алла елшісі (с.а.с.) олардың таухидті білдіретін алғашқы сөздерін құптаған. Кейінгі сөзіне қарсылық білдіріп: «Құрығырлар, осы да жетеді, осы да жетеді!» – деген. Ибн Аббас осы айырманы көрсету үшін мүшріктердің тәлбиясын толық келтірген. Арабша түсіндірмеде «қад» сөзінің «жетеді» дегенді білдіретіні, екпін үшін екі рет айтылғаны көрсетілген. Мүшріктер «серік» деп пұтты, «оның иелігіндегі нәрселер» деп пұттың маңындағы нышандарды меңзеген.

Әзрақи «Мекке тарихы» атты еңбегінде Юнус, Мұса, Иса (а.с.) тәрізді пайғамбарлардың тәлбиясын келтірген.

3. № 1269 хадисте Жәбірейілдің (а.с.) Алла елшісіне (с.а.с.) тәлбияны көтеріңкі дауыспен айтқызуды тапсырғаны баяндалады.

№ 1266–1267 риуаяттарда көпшілікке мәлім тәлбиямен бірге айтылған өзге сөздер де келтірілген. Ғалымдардың басым бөлігі Алла елшісі (с.а.с.) ұдайы айтқан тәлбияны абзал санайды. Алла елшісі (с.а.с.) кейбір қосымша сөздерге қарсылық білдірмегендіктен, мағынасы дұрыс сөз қосып айтуға да болады. Негізгі тәлбия аудармасымен бірге № 1164 хадисте берілді.

4. № 1269 хадисте тәлбияны көтеріңкі дауыспен айту бұйырылған. Бұл ерлерге қатысты. Әйелдер тәлбияны бәсең дауыспен айтады. Заһирилер тәлбия айтуды да, дауысты көтеруді де уәжіп санайды. Олардың пікірінше, тәлбияны тәрк еткен кісі өтеміне қой шалуы керек.

Ғалымдардың көпшілігі бұл әмір міндет жүктемейді деп түсінген. Сондықтан тәлбияны көтеріңкі дауыспен айтуды мұстахаб санаған.

5. Тәлбияны өрге шыққанда, ылдиға түскенде, басқа қажыларды кездестіргенде, түн түскенде, күн көтерілгенде, отырғанда, тұрғанда, көлікке мінгенде, одан түскенде, намаздан кейін, мешітте және өзге де кездерде қайталап айтады. Тәлбияны іле-шала үш рет қайталайды. Бастап қойған тәлбияны үзіп тастамаған жөн. Біреу сәлем берсе, жауап қайтарады, ал өзі тәлбиясы аяқталған соң сәлем береді.

Тәлбиядан кейін дұға жасап, өзіне, жақындарына, жақсы көрген жандарына және барша мүмінге жақсылық тілейді. Алланың разылығын, жәннатқа кіруді және тозақтан аман болуды тілеу – дұғаның ең абзалы.

6. Қажылар шайтанға тас лақтырғанға дейін, умра жасаушылар тауапты бастағанға дейін тәлбия айтады.

Ихрамға кірген ер де, әйел де тәлбия айтады. Дәретті болу шарт емес. Хайыздағы әйел мен жүніп кісіге де тәлбия айту мұстахаб.

  1. 1Мүслим, «Хаж», 22 (№ 1185).