وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ عُمَر عَنْ جَرَادَةٍ قَتَلَهَا وَهُوَ مُحْرِمٌ. فَقَالَ عُمَر لِكَعْبٍ: تَعَالَ حَتَّى نَحْكُمَ. فَقَالَ كَعْبٌ: دِرْهَمٌ: فَقَالَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِنَّكَ لَتَجِدُ الدَّرَاهِمَ، لَتَمْرَةٌ خَيْرٌ مِنْ جَرَادَةٍ».
«Мууаттаның» басқа бір риуаятында бір кісінің Омардан (р.а.) ихрамда өлтірген шегірткесі жайында сұрағаны айтылады. Омар жанындағы Кәғб әл-Ахбарға: «Кел, бірге үкім шығарайық», – дейді. Кәғб: «Бір дирхам», – деп жауап береді. Сонда Омар: «Дирхамды сен табарсың. Бір құрманың өзі шегірткеден артық», – дейді.
Түсіндірме
1. Зурқани Омардың: «Бір құрманың өзі шегірткеден артық», – деген сөзін шегірткенің өтемі ретінде азық беруге болатынын білдіреді деп түсіндірген.
2. Зурқани бұл риуаятты Кәғбтың бұрынғы пікірінен қайтқанына дәлел санаған. Кәғбтың шегірткені «балықтың түшкірігі» деп, ихрамдағы кісіге оны жеуге болады деген сөзі № 1250 риуаятта берілген. Ихрамдағы адамға теңіз жануарын аулауға және жеуге рұқсат, ол үшін өтем берілмейді. Ал бұл риуаятта Кәғб шегіртке үшін бір дирхам, Омар бір уыс азық белгіледі. Демек, бұл жолы Кәғб шегірткені теңіз жануарына жатқызбаған.