عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَفْرَدَ الْحجَّ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِيُّ، وَمِثْلَهُ عَنِ ابْنِ عُمَرَ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) ифрад қажылығын атқарғанын жеткізген1.
Түсіндірме
1. Ифрад – умрасыз атқарылатын қажылық. Оны атқарушы ихрамға қажылық ниетімен ғана кіреді де, рәсімдерді аяқтағанша ихрамда қалады. Сырттан келген қажыларға ифрад үшін шүкір құрбанын шалу міндеттелмейді.
2. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ифрад жасағанын білдіреді. Өзге риуаяттарда оның қиран, тіпті тәмәттуғ қажылығын атқарғаны да айтылады. Кейбір ғалымдар осы хабарлардың мәнін қатар қарастырып, олардың бір-біріне қайшы келмейтінін көрсеткен. Бұл мәселе тараудың соңында түсіндіріледі.
3. Имам Шәфиғи мен имам Мәлик ифрадты абзал санап, осы және осыған ұқсас риуаяттарға сүйенген. Алла елшісінің (с.а.с.) ифрад жасағаны Жәбирден, Ибн Омардан және Ибн Аббастан да жеткен.
- 1Мүслим, Хажж 122, (1211); Муатта, Хажж 38, (1,335); Тирмизи, Хажж 10, (820); Әбу Дәуіт, Мәнәсик 23, (1777); Нәсәи, Хажж 48, (5, 145).