Хадис

Кутуб ситтә, № 1292

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1292 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1292
Кутуб ситтә, № 1292 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «تَمَتَّعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ بِالْعُمْرَةِ إِلَى الْحَجِّ وَأَهْدَى، فَسَاقَ مَعَهُ الْهَدْىَ مِنْ ذِي الْحُلَيْفَةِ، وَبَدَأَ فَأَهَلَّ بِالْعُمْرَةِ ثُمَّ أَهَلَّ بِالْحَجِّ وَتَمَتَّعَ النَّاسُ مَعَهُ بِالْعُمْرَةِ إِلَى الْحَجِّ، وَكَانَ مِنَ النَّاسِ مَنْ أَهْدَى وَمِنْهُمْ مَنْ لَمْ يُهْدِ. فَلَمَّا قَدِمَ مَكَّةَ قَالَ لِلنَّاسِ: مَنْ كَانَ مِنْكُمْ أَهْدَى فَأَنَّهُ لَا يُحِلُّ مِنْ شَيْئٍ حَرُمَ عَلَيْهِ حَتَّى يَقْضِيَ حَجَّهُ، وَمَنْ لَمْ يَكُنْ مِنْكُمْ أَهْدَى فَلْيَطُفْ بِالْبَيْتِ وَبِالصَّفَا وَالْمَرْوَةِ وَلْيُقَصِّرْ وَلْيُحَلِّلْ ثُمَّ لِيُهِلَّ بِالْحَجِّ وَلِيُهْدِ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ هَدْيًا فَلْيَصُمْ ثَلَاثَةَ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ وَسَبْعَةً إِذَا رَجَعَ إِلَى أَهلِهِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығында қажылыққа дейін умра атқарып, тәмәттуғ жасады әрі құрбан шалды. Құрбандық малын Зулхуләйфадан бастап қасына ертіп жүрді. Әуелі умраға тәлбия айтты, кейін қажылыққа тәлбия айтты. Қасындағылар да қажылыққа дейін умра атқарып, тәмәттуғ жасады. Араларында құрбандық малын ала келгендер де, алып келмегендер де бар еді.

Меккеге келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа: «Құрбандық малын ала келгендер қажылықты аяқтағанша ихрамнан шықпасын. Құрбандық малы жоқтар тауап пен сағи жасап, шашын қысқартып, ихрамнан шықсын. Содан кейін қажылық үшін қайтадан ихрамға кіріп, құрбан шалсын. Құрбандық таба алмағандар қажылықта үш күн, үйіне қайтқан соң жеті күн ораза ұстасын», – деді»1.

Түсіндірме

1. Бұл хадис мына аяттың мағынасын ашады: ﴿وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلَّهِ فَإِنْ أُحْصِرْتُمْ فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ وَلَا تَحْلِقُوا رُءُوسَكُمْ حَتَّىٰ يَبْلُغَ الْهَدْيُ مَحِلَّهُ فَمَنْ كَانَ مِنْكُمْ مَرِيضًا أَوْ بِهِ أَذًى مِنْ رَأْسِهِ فَفِدْيَةٌ مِنْ صِيَامٍ أَوْ صَدَقَةٍ أَوْ نُسُكٍ فَإِذَا أَمِنْتُمْ فَمَنْ تَمَتَّعَ بِالْعُمْرَةِ إِلَى الْحَجِّ فَمَا اسْتَيْسَرَ مِنَ الْهَدْيِ فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَصِيَامُ ثَلَاثَةِ أَيَّامٍ فِي الْحَجِّ وَسَبْعَةٍ إِذَا رَجَعْتُمْ تِلْكَ عَشَرَةٌ كَامِلَةٌ ذَٰلِكَ لِمَنْ لَمْ يَكُنْ أَهْلُهُ حَاضِرِي الْمَسْجِدِ الْحَرَامِ وَاتَّقُوا اللَّهَ وَاعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ﴾ «Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер. Егер бір себеппен жолдарың бөгеліп, толық атқара алмасаңдар, жағдайларыңа қарай бір құрбандық атаңдар. Құрбандық өзінің шалынатын жеріне жетіп, сойылғанға дейін шаштарыңды алмаңдар. Кімде-кім ауырып қалса немесе басында кеселі болса, соның өтемі ретінде ораза ұстасын, яки садақа берсін не құрбан шалсын. Ал қауіпсіздікте болсаңдар, ондай жағдайда кімде-кім ұмра мен қажылық парызын бірге өтесе, жағдайына қарай құрбан шалсын. Ал кім шалатын құрбандық таба алмаса, үш күн қажылықта және қажылықтан қайтқанда жеті күн, бәрін қосқанда, толық он күн ораза ұстасын. Бұл үкім Харам мешітінің айналасында тұрмайтындар үшін. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар, Алланың жазасы тым қатты екенін біліп қойыңдар!»2

2. Риуаяттың басындағы «Қоштасу қажылығында қажылыққа дейін умра атқарып, тәмәттуғ жасады» деген сөзді екі түрлі түсінуге болады. Тілде «тәмәттуғ» пайда көру дегенді білдіреді.

1. Алла елшісі (с.а.с.) умраны қажылықпен біріктіріп, қиран атқарды. Сол арқылы умраның сауабына да ие болды.

2. Алла елшісі (с.а.с.) умраға ниет етіп, оны атқарған соң ихрамнан шықты. Осылайша қажылық басталғанға дейін ихрамнан тыс уақытты пайдаланды.

Автор екі түсіндірудің түйіні бір екенін айтады.

3. Хадис ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) алдымен қажылыққа әлде умраға ниет еткені жайында бірнеше жорамал айтқан.

1. Әл-Муһәлләбтің пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына әуелі умра, одан кейін қажылық жасауға ниет етуді айтқан.

2. Қазы Иядтың пікірінше, Алла елшісі (с.а.с.) алдымен ифрадқа ниет етіп, кейін оған умраны қосқан. Осылайша қиран қажылығын атқарған.

Ғалымдар өзге риуаяттарды негізге алып, басқа пікірлер де айтқан. Басым пікірге сай, Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары алдымен ифрадқа ниет еткен, кейін умраны қосып, қиран атқарған.

Нәуәуи былай дейді: «Біздіңше, Алла елшісінің (с.а.с.) атқарғаны – қиран қажылығы. Оның умрадан кейін қайта ихрамға кіру үшін Харамнан тыс жерге шықпағанына және құрбандық малына байланысты ихрамда қалғанына ғалымдар келіскен. Қиранның үкімі де осы».

4. Бұл жерде тоқтала кететін бір мәселе бар: Жоғарыдағы риуаят алдымен тек қана қажылыққа ниет етіп, кейін ниеттің умраға өзгергені, одан кейін қайтадан қажылық жасалғаны баян етілген. Ғалымдар қажылық ниетін өзгертіп, умра жасауға ниет етуді тек қана Расулалланың (с.а.с.) сахабаларына тән мәселе екенін айтқан. Аятта қажылыққа ниет еткендердің оны аяқтауы керектігі әмір етілгендіктен, қажылықтан умраға өзгерту мүмкін емес. Ибн Аббастан өзге барлық сахабалардың және ғалымдардың көпшілігінің негізгі көзқарастары осы. Қажылар қандай қажылық жасайтын болса, миқатта ниеттерін белгілеуі керек. Ифрад қажылыққа ниет еткен болса, одан кейін қиран қажылыққа немесе тәмәттуғ қажылыққа өте алмайды. №1308-хадисте келетін «мәңгілік тәмәттуғ жасалатынына» байланысты айтылған сөз, қажылық айларында жасалатын умра немесе қиран қажылықтың рұқсатына негізделген. Бұл екі ғибадаттың жасалуы қияметке дейін рұқсат етілген. Бірақ қажылықтың умраға өзгертілуі сол жылға тән мәселе.

5. Шәфиғидің пікірінше, тәмәттуғ жасаған кісі қажылықтағы кемшіліктің орнын толтыру үшін құрбан шалуға міндетті. Ол құрбанның етінен жемейді. Шәфиғи ифрадты абзал көргендіктен, қажылық пен умраны біріктіруді кемшілік, ал құрбан шалуды соның өтемі санаған.

Имам Ағзамның пікірінше, бұл – екі ғибадатты бірге атқарғаны үшін Аллаға шүкіршілік ретінде шалынатын құрбан. Сол себепті иесі оның етінен жей алады. Имам Ағзам қажылық пен умраны бірге атқаруға мүмкіндік беретін қиранды абзал санаған.

6. Құрбандық табылмаған жағдайда оразаның алғашқы үш күні зұлхижжаның 7, 8 және 9-күндері ұсталады. Қажы еліне қайтқан соң жеті күн ұстайды. Барлығы он күн болады.

Шәфиғи аяттың сыртқы мағынасына сүйеніп, қалған жеті күн оразаны елге оралған соң ұстауды шарт санаған. Әбу Ханифа «оралу» сөзін қажылық рәсімдерінің аяқталуы деп түсіндіріп, ол оразаны рәсімдер аяқталған соң Меккеде де ұстауға болады деген.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 104 (№ 1691). Мүслим, «Хаж», 174 (№ 1227). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 24 (№ 1805). Нәсәи, «Хаж», 50 (5/151–152).
  2. 2«Бақара» сүресі, 196-аят