Хадис

Кутуб ситтә, № 1309

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1309 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 21
1309
Кутуб ситтә, № 1309 · тараудағы реті: 21

وَلِلْخَمْسَةِ إِلَّاالتِّرْمِذِيُّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانُوا يَرَوْنَ الْعُمْرَةَ فِي أَشْهُرِ الْحَجِّ مِنْ أَفْجَرِ الْفجُورِ فِي الْأَرْضِ، وَكَانُوا يُسَمُّونَ الْمحرَّمُ صَفَرَ، وَيَقُولُونَ: إِذَا بَرَأَ الدَّبَرُ وَعَفَا الْأَثَرُ وَانْسَلَخُ صَفَرُ حَلَّتِ الْعُمْرَةُ لَمِنَ اعْتَمَرَ، قَالَ: فَقَدِمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَصْحَابُهُ صَبِيحَةَ رَابِعَةٍ مُهِلِّينَ بِالْحجِّ. فَأَمَرَهُمُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ يَجْعَلُوهَا عُمْرَةً فَتَعَاظَمَ ذَلِكَ عِنْدَهُمْ. فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَيُّ الْحِلِّ؟ قَالَ: الْحِلُّ كُلُّهُ». وعِنْدَالنَّسَائِي: عَفَا الْوَبَرُ بَدَلَ الْأَثَرِ. وَزَادَ بَعْدَ قَولِهِ: وَانْسَلَخَ صَفَرُ، أَوْ قَالَ: وَدَخَلَ صَفَرُ.

Қазақша аудармасы

Бұхари, Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсәи жеткізген риуаятта Ибн Аббас былай дейді: «Жаһилия арабтары қажылық айларында умра жасауды жер бетіндегі ең ауыр күнәлардың бірі санайтын. Олар мұхаррамды сафар деп атап: “Жара жазылып, із өшіп, сафар өткенде, умра жасағысы келген адамға умра адал болады”, – дейтін. Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары қажылыққа ниет етіп, зұлхижжаның төртінші күні таңертең Меккеге келді. Алла елшісі оларға қажылық ниеттерін умраға өзгертуді бұйырды. Бұл сахабаларға ауыр тиді. Олар:

“Уа, Алла елшісі, ихрам тыйымдарының қайсысынан шығамыз?” – деп сұрады.

“Бәрінен де”, – деп жауап берді».

Нәсәи нұсқасында «әсәр» («із») орнына «уәбәр» («жүн») сөзі келген. Ол «жүні қайта өскенде» дегенді білдіреді. Сонымен бірге, «сафар шыққанда» дегеннен кейін «сафар кіргенде» деген сөз қосылған1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жаһилия дәуіріндегі ұғымды баяндайды. Ол кезде қажылық айларында умраға тыйым салынатын. Алла елшісінің (с.а.с.) қажылық ниетін умраға өзгертуді табанды түрде бұйыруы осы ұғымды жоюға бағытталған.

وَاللَّهِ مَا أَعْمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَائِشَةَ فِي ذِي الْحِجَّةِ إِلَّا لِيَقْطَعَ بِذَلِكَ أَمْرَ أَهلِ الشِّرْكِ فَإِنَّ هَذَا الْحَيَّ مِنْ قُرَيْشِ وَمَنْ دَانَ دِينَهُمْ كَانُوا يَقُولُونَ فَذَكَرَ نَحْوَهُ

«Аллаға ант етемін, Алла елшісі (с.а.с.) Айшаға (р.а.) зұлхижжада жаһилия салтын жою үшін умра жасатты. Құрайыштар мен солардың жолын ұстанғандар қажылық айларында умра жасауды жер бетіндегі ең ауыр күнәлардың бірі санайтын. Құрайыштардың: “Түйенің жүні қайта өсіп, арқасының жарасы жазылып, сафар кіргенде, умра жасағысы келген кісіге умра адал болады”, – дейтін салты бар еді».

2. Ибн Аббас мұхаррамды сафар деп атауды жаһилия дәуіріндегі «нәсий» әдетімен байланыстырған. Олар қажылық айларын сауда маусымына сәйкестендіріп, мұхаррамды қасиетті айлар қатарынан шығаратын. Сөйтіп, оның тыйымын сафарға шегеретін. Мақсаттары қатар келген үш қасиетті айды екіге азайтып, үшіншісін бір ай кейінге қалдыру еді. Өйткені үш ай бойы шабуыл мен тонаудан тыйылу оларға ауыр тиді. Алла олардың осы әрекеті жайында былай дейді: ﴿إِنَّمَا النَّسِيءُ زِيَادَةٌ فِي الْكُفْرِ يُضَلُّ بِهِ الَّذِينَ كَفَرُوا يُحِلُّونَهُ عَامًا وَيُحَرِّمُونَهُ عَامًا لِيُوَاطِئُوا عِدَّةَ مَا حَرَّمَ اللَّهُ فَيُحِلُّوا مَا حَرَّمَ اللَّهُ زُيِّنَ لَهُمْ سُوءُ أَعْمَالِهِمْ وَاللَّهُ لَا يَهْدِي الْقَوْمَ الْكَافِرِينَ﴾ «“Нәсий” әдеті – күпірлікте шектен шығу. Күпірлік қылғандар солай істеу арқылы адасқан үстіне адасуда. Сөйтіп, олар Алланың қасиетті айларының санын толтырып, Алланың харам қылғанын өздеріне адал етіп алу үшін қасиетті айлардың бірін бір жылы жай айға жатқызса, келесі жылы қайтадан қасиетті айға жатқызады. Олардың мұндай қылықтары “безендіріліп” көрсетілді. Алла кәпір қауымды тура жолға салмайды.»2

Жаһилдер кейбір кездерде Рамазан айын жылдың ең қолайлы айына белгілеу мәселесін көтерген. Бұл Құран кәрімнің күпірлікте шектен шығу, күпірліктерінің артуы деп баяндаған нәсийден (күнтізбені бұзу) басқа ештеме емес еді. Діни күнтізбенің өзгертілуін ешбір мүмін талап етпейді.

3. «Бараа» – жазылу деген сөз. Мұнда сапар кезінде түйенің арқасында пайда болған жараның жазылуы айтылған.

«Әсәр» – із. Бұл жерде қажылықтан қайтқан түйелер мен басқа мініс малдарының ізі өшетін уақыт меңзеледі.

Әбу Дәуіттің нұсқасында عَفَا الْوَبَرُ тіркесі келген. Бұл қажылық сапарында қажалған жерге жүннің қайта шығуын білдіреді.

Умраны Сафар айына өзгертулерінің себебі мынау: Сафар айы харам айлардың қатарына жатпайтын. Олар Мухаррамның атын өзгерту арқылы оны да харам болмаған айларға жатқызды. Сонымен Мухаррамды Сафар айы қылып белгілеген соң, бұл айларда көбінде үйлерінде (өз елдерінде) тұрмайтын еді. Түйелердің жарасы Сафар айы шыққанда әрең жазылатын. Оны өзгерту арқылы қажылық айларына қосты. Сөйтіп, негізі Сафар айы болған Мухаррамды умра айларының басталуы қылды. Осылайша умра олардың есебі бойынша қажылық айларының сыртында қалды.

Сафар айы деп аталуының себебі мынау: Сафар сөздікте «бос» деген мағынаны білдіреді. Арабтар бұл айда бір-бірлеріне шабуылдап дүние-мүліктерін талан-тараж жасап әкететін һәм үйлерінде ешбір зат қалдырмай бос қалдыратын. Сондықтан бұл айды «Сафар» деп атаған.

وَمَعْنَى «بَرَأَ الدَّبَرُ» أَىْ انْدَمَلَ الْعَقْرُ الَّذِى يَكُونُ فِي ظَهْرِ البَعِيرِ وَشَفَى.

وَمَعْنَى «عَفَا الْأَثَرُ» أَىْ انْدَرَسَ لِعَدَمِ الذَّهَابِ وَالمُجِئِ فِي الطُّرُقِ.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 34 (№ 1564), «Мәнақибул-ансар», 26. Мүслим, «Хаж», 198 (№ 1240–1241). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 23, 80 (№ 1792, 1987). Нәсәи, «Хаж», 77, 108 (5/180–181, 201–202).
  2. 2«Тәубе» сүресі, 37-аят