Хадис

Кутуб ситтә, № 1317

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1317 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 29
1317
Кутуб ситтә, № 1317 · тараудағы реті: 29Риуаят етуші: Әбу Мұса (р.а.)

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمْتُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَهُوَ مُنِيخٌ بِالبَطْحَاءِ فَقَالَ: بِمَ أَهلَلْتَ؟ فَقُلْتُ: بِإِهْلَالِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: هَلْ سُقْتَ الْهَدْىَ؟ قُلْت لَا. قَالَ: فَطُفْ بِالْبَيْتِ وَبِالصَّفَا وَالْمَرْوَةِ ثُمَّ أُحِلَّ. فَفَعَلْتُ: ثُمَّ أَتَيْتُ إِمْرَأَةً مِنْ أَهلِي فَمَشَطَتْنِي وَغَسَلَتْ رَأْسِي فَكُنْتُ أُفْتِي بِذَلِكَ النَّاسَ فِي إِمَارَةِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ؛ فَلَمَّا مَاتَ وَكَانَ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَإِنِّي لَقَائمٌ بِالْمَوْسِمٍ إِذْ جَاءَنِي رَجُلٌ فَقَالَ اتَّثِدْ فِي فُتْيَاكَ، إِنَّكَ لَا تَدْرِي مَا يُحْدِثُ أَمِيرُ الْمؤْمِنِينَ فِي شَأْنِ النُّسُكِ. فَقُلْتُ: يَا أَيُّهَا النَّاسُ: مَنْ كُنَّا أَفْتَيْنَاهُ بِشَيْئٍ فَلْيَتَّئِدْ فَهَذَا أَمِيرُ الْمؤْمِنِينَ قَادِمَ عَلَيْكُمْ فَبِهِ فَائْتَمُّوا. فَلَمَّا قَدِمَ قُلْتُ لَهُ: يَا أَميرَ الْمؤْمِنِينَ مَا هَذَا الَّذِي بَلَغَنِي؟ أَحْدَثْتَ فِي شَأْنِ النُّسُكِ؛ فَقَالَ إِنْ نَأْخُذْ بِكِتَابِ اللَّهِ تَعَالَى فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالعُمْرَةَ لِلَّهِ وَإِنْ نَأْخُذْ بِسُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَدْ قَالَ: خُذُوا عَنِّي مَنَاسِكَكُمْ؛ فَإِنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَمْ يَحِلَّ حَتَّى نَحَرَ الهَدْىَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Батхаға аялдағанда қасына бардым. Ол: “Неге ниет етіп ихрамға кірдің?” – деді. “Алла елшісі (с.а.с.) неге ниет етсе, соған ниет еттім”, – дедім. “Құрбандық малың бар ма?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. Ол: “Бәйтулланы тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жаса да, ихрамнан шық”, – деді. Айтқанын істедім. Содан кейін туыстарымның біріне бардым. Ол шашымды тарап, басымды жуып берді. Әбу Бәкірдің (р.а.) халифалығы кезінде халыққа осылай пәтуа беретінмін. Ол дүние салып, орнына Омар (р.а.) келді. Бір қажылық маусымында маған бір кісі: “Пәтуа беруге асықпа. Мүміндердің әміршісінің қажылық рәсімдеріне қатысты қандай шешім қабылдағанын білмейсің”, – деді. Сонда жұртқа: “Қажылық жайында пәтуа алғандар асықпасын. Мүміндердің әміршісі келе жатыр. Соған еріңдер”, – дедім. Омар келгенде одан сұрадым».

«Уа, мүміндердің әміршісі, естіп жүргенім рас па? Қажылық рәсімдеріне қатысты қандай шешім қабылдадыңыз?» – дедім. Ол: «Алланың кітабын басшылыққа алсақ, онда ﴿وَأَتِمُّوا الْحَجَّ وَالْعُمْرَةَ لِلَّهِ﴾ “Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер.” делінген. Алла елшісінің1 (с.а.с.) сүннетіне сүйенсек, ол: “Қажылық рәсімдеріңді менен үйреніңдер”, – деген. Құрбандық малын шалғанша өзі ихрамнан шықпаған»2, – деді.

Түсіндірме

1. Әбу Мұса (р.а.) тәмәттуғқа рұқсат беріп жүрген. Алла елшісі (с.а.с.) оған және құрбандық малы жоқ өзге кісілерге умрадан кейін ихрамнан шығуды бұйырған еді. Әбу Мұса өзі куә болған осы үкімге сүйенген.

Ал әзірет Омар Құран аяты мен Расулалланың жеке практикасын негізге алып, ифрад қажылық жасауды әмір еткен және қажылықтың умраға өзгертілуін құп көрмеген. Анығында Расулалла жанында құрбандығы болғандықтан өзі жекелей солай жасаған және жанында құрбандықтары бар әзірет Али мен әзірет Талха (р.а.) сияқты бірнеше кісіге де солай жасауларын әмір еткен. Міне, осылайша қажылардың кейбірі қажылық аяқталғанға дейін ихрамнан шықпаған, сөйтіп ифрад қажылық жасаған.

2. Әзірет Омардың аяттағы «тамамдау (толық орындаңдар)» сөзінің мақсатына былайша анықтама жасағаны риуаят етілген: «Қажылық пен умраны жеке-жеке орындау және умраны қажылық айларынан басқа уақытқа қалдыру». Кейбір ғалымдар әзірет Омардың (р.а.) умрамен қажылық арасындағы тәмәттуғқа нақтылы тыйым салмағанын, яғни, дұрыс емес, харам деп жарияламағанын айтқан. Өйткені мұны келесі риуаят анық баяндауда. Әзірет Омардың бұл әрекеті ифрад қажылығын абзал санағандығынан туындаған. Ендеше, ол бұл бұйрықты қажылықтың ең абзалын орындасын деген ниетпен берген. Нәуәуи де осы жорамалды келтірген.

3. Әли де, Әбу Мұса да Алла елшісінің (с.а.с.) ниетіне сай ниет етті. Әбу Мұсаға ихрамнан шығу бұйырылса, Әли ихрамда қалды. Оның құрбандық малы бар еді. № 1301 хадисте Әлидің Йеменнен құрбандық малын ала келгені баяндалады.

4. Кей ғалымдар бұл хадиске сүйеніп, муаллақ ихрамға рұқсат берген. Муаллақ ихрам дегеніміз – өз ниетін басқа кісінің ниетіне байлау. Мысалы, «Ол қажылыққа ниет етсе, мен де қажылыққа, умраға ниет етсе, мен де умраға ниет етемін», – деу.

5. Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Ханифаның пікірінше, умра жасаушы құрбандық малын ала келсе, айт күні оны шалмайынша ихрамнан шыға алмайды. Олар осы риуаятқа сүйенген.

6. Имам Мәлик пен имам Шәфиғидің пікірінше, умраға ниет еткен кісі тауап пен сағиды атқарғаннан кейін, құрбандық малының бар-жоғына қарамастан, ихрамнан шыға алады.

7. Ғалымдар қажылықта тәмәттуғ жасауға рұқсат екеніне келіскен.

  1. 1«Бақара» сүресі, 196-аят
  2. 2Бұхари, Умра 11, Хажж 32, 34 125, Мағази 60, 77; Мүслим, Хажж 154, (1221); Нәсәи, Хажж 50, (5, 153).