Хадис

Кутуб ситтә, № 122

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
16. Алла елшісі (с.а.с.) ат қойған адамдар
Нөмірі
№ 122 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
122
Кутуб ситтә, № 122 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әсма бинт Әбу Бәкір (р.а.)

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَتْ: «حَمَلْتُ بِعَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ بِمَكَّةَ، فَخَرَجْتُ وَأَنَا مُتِمٌّ، فَقَدِمْتُ الْمَدِينَةَ فَنَزَلْتُ بِقُبَاءَ فَوَلَدْتُهُ، فَأَتَيْتُ بِهِ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَوَضَعْتُهُ فِي حَجْرِهِ، فَدَعَا بِتَمْرَةٍ فَمَضَغَهَا ثُمَّ تَفَلَ فِي فِيهِ، فَكَانَ أَوَّلَ شَيْءٍ دَخَلَ جَوْفَهُ رِيقُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، ثُمَّ حَنَّكَهُ بِالتَّمْرَةِ، ثُمَّ دَعَا لَهُ وَبَرَّكَ عَلَيْهِ وَسَمَّاهُ عَبْدَ اللَّهِ، فَكَانَ أَوَّلَ مَوْلُودٍ وُلِدَ فِي الْإِسْلَامِ، فَفَرِحُوا بِهِ فَرَحًا شَدِيدًا؛ لِأَنَّهُمْ قِيلَ لَهُمْ: إِنَّ الْيَهُودَ قَدْ سَحَرَتْكُمْ فَلَا يُولَدُ لَكُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Әбу Бәкір (Алла екеуіне разы болсын) былай дейді: «Абдулла ибн Зубәйірді Меккеде құрсағыма көтердім. Ай-күнім жеткенде Меккеден шығып, Мәдинаға келдім. Құбаға тоқтап, баламды сонда дүниеге әкелдім. Нәрестені Алла елшісіне (с.а.с.) апарып, құшағына салдым. Ол бір құрма сұратып алды да, оны шайнап, нәрестенің аузына сілекейін тамызды. Нәрестенің ішіне алғаш түскен нәрсе Алла елшісінің (с.а.с.) сілекейі болды. Содан соң шайнаған құрманы баланың таңдайына жағып, оған дұға етті, береке тіледі және есімін Абдулла деп қойды. Бұл Мәдинаға қоныс аударған мұсылмандардың арасында дүниеге келген алғашқы бала еді. Мұсылмандар оның туғанына қатты қуанды. Өйткені оларға “Яһудилер сендерді сиқырлапты, енді балалы болмайсыңдар” деген сөз жеткен еді»1.

Түсіндірме

1. Риуаятта жаңа туған нәрестеге қатысты бірнеше рәсім сөз болады. Сәбиді емізбей тұрып Алла елшісіне (с.а.с.) әкелетін. Ол нәрестені тізесіне алып, шайнаған құрманы таңдайына жағатын. Бұл сүннет «тахник» деп аталады. Содан соң Алла елшісі сәбиге береке тілеп, дұға ететін. Абдулла ибн Зубәйірге жасалған бұл рәсім өзге балаларға да нәсіп болған. Мәдина мұсылмандары жаңа туған нәрестелерін Алла елшісіне әкелуді әдет еткен.

2. Хадисте Абдулланың (р.а.) Мәдинадағы мұһажирлердің тұңғыш сәбиі екені айрықша аталады. Меккеде дүние-мүлкін қалдырып келген мұһажирлер күнкөріс қиындығын көрді. Жаңа жерге бейімделу, Мәдинаның ауа райына үйрену оңайға соқпады. Туып-өскен жерге деген сағыныш та күшейді. Осындай қысылтаяң шақта мұһажирлердің арасын алаң қылған «Сендерді сиқырлапты, енді балалы болмайсыңдар» деген қаңқу сөз тарады. Мұндай қауесет онсыз да қиналып жүрген елдің жігерін құм етіп, қиындықты еңсеруіне бөгет болуы мүмкін еді.

Осындай сындарлы шақта Абдулла ибн Зубәйірдің дүниеге келуі мұсылмандардың еңсесін көтеріп, қаңқу сөздің негізсіз екенін көрсетті.

3. Абдулла ибн Зубәйір – Мәдинаға қоныс аударған мұһажирлердің тұңғыш сәбиі. Одан бұрын Абдулла ибн Жағфар Хабашстанда дүниеге келген. Ал һижреттен кейін Мәдинада ансарлардан алғаш туған сәби бір риуаятта Мәсләма ибн Мұхалләд, екінші риуаятта Нұғман ибн Бәшир деп аталады.

  1. 1Бұхари, «Ансарлардың артықшылықтары», 3909 және Ақиқа, 5469. Мүслим, Әдеп, 2146.