Хадис

Кутуб ситтә, № 1377

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
162. Зиярат тауабы
Нөмірі
№ 1377 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1377
Кутуб ситтә, № 1377 · тараудағы реті: 1

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ وَعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَخَّرَ الطَّوَافَ يَوْمَ النَّحْرِ إِلَى اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ أُخْرَى: طَوَافَ الزِّيَارَةِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас пен Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Құрбан айттың бірінші күні тауапты түнге қалдырғанын жеткізген.

Басқа бір нұсқада «зиярат тауабын» деп нақтыланады1.

﴿وَلْيَطَّوَّفُوا بِالْبَيْتِ الْعَتِيقِ﴾ «және ең қасиетті, ең көне үй Қағбаны айналып, тауап етсін»2 деген аятта осы тауап бұйырылған.

Түсіндірме

1. Зиярат тауабы – қажылықтың парыз тауабы. Оны Арафада уақфа жасағаннан кейін орындайды. Бұл тауап «ифада тауабы», «тауаф әс-садр», «тауаф әр-рукн» деп те аталады.

2. Бұл нұсқа Ибн Омар мен Жәбирдің (р.а.) Алла елшісі (с.а.с.) тауапты айттың алғашқы күні күндіз жасады деген риуаяттарынан өзгеше.

Бұхари бұл риуаяттарды былай үйлестіреді: «Ибн Омар мен Жәбирдің (р.а.) хабарлары айттың алғашқы күніне, ал Ибн Аббастың (р.а.) риуаяты кейінгі күндерге қатысты». Ибн Аббас бір нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.) Минада болған күндері Бәйтулланы зиярат еткенін айтқан. Екінші нұсқада риуаят былай берілген:

أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَزُورُ الْبَيْتَ كُلَّ لَيْلَةٍ مَا أَقَامَ بِمِنًى.

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) Минада болған күндері әр түн сайын Бәйтулланы зиярат еткенін жеткізген.

Бұхаридің осы түсіндірмесіне сай, Алла елшісі (с.а.с.) зиярат тауабын айттың алғашқы күні күндіз жасаған. Кейінгі нәпіл тауаптарын түнде жасаған. Осылай түсіндіргенде риуаяттардың мағынасы бір-біріне қайшы келмейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 83, (2000); Тирмизи, Қажылық 80, (920); Ибн Мәжа, Мәнәсик 77, (3059).
  2. 2«Хаж» сүресі, 29-аят.