Хадис

Сафа мен Мәруа арасындағы сағи

Кутуб ситтә, 4-том, 166-тарау · 6 хадис · № 1387–1392

ТАУАП ЖӘНЕ САҒИ

Хадистер

1387
Кутуб ситтә, № 1387 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمْ يَطُفِ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَلَا أَصْحَابُهُ بَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ إِلَّا طَوافًا وَاحِدًا طَوافَهُ الْأَوَّلَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалары Сафа мен Мәруа арасында бір-ақ рет сағи жасады. Ол – олардың алғашқы сағиы еді»1.

Түсіндірме

1. Риуаятта Сафа мен Мәруа арасындағы «тауап» сөзі сағиды білдіреді.

2. Хадистің сыртқы мағынасына қарағанда, қажылық пен ұмраны қатар атқарған кісіге екеуі үшін бір сағи жеткілікті. Алла елшісі (с.а.с.) мен бірқатар сахаба қиран, қалғандары таматтуғ қажылығын жасады. Қиран жасаған кісі ұмра тауабынан кейін сағи жасап қойса, ифада тауабынан кейін оны қайталамайды. Нәуәуи бұл риуаятты қиран жасағандарға қатысты деп түсіндірген. Оның айтуынша, таматтуғ жасаған сахабалар екі сағи атқарған. Біріншісін келген күні ұмра үшін, екіншісін Құрбан айттың алғашқы күні қажылық тауабымен бірге жасаған. Нәуәуи риуаятты қиран жасаған кісіге бір тауап пен бір сағи жеткілікті деген Шәфиғи мен оның ізбасарларының дәлелі деп санаған. Ибн Омар, Жәбир, Айша, Таус, Ата, Хасан әл-Басри, Мужаһид, Имам Мәлик, Ибн әл-Мәжәсун, Ахмад, Исхақ, Дәуіт пен Ибн әл-Мунзир де осы пікірде болған.

Екінші пікір бойынша, қиран қажылығын жасаған кісі де екі тауап пен екі сағи орындайды. Әбу Ханифа, Шағби, Нахағи, Жәбир ибн Зәйд, Абдуррахман ибн әл-Әсуад, Сәури мен Хасан ибн Салих осы пікірді ұстанған. Ахмад ибн Ханбалдан жеткен екі пікірдің бірі де осыған сай. Сахабалардан Әли мен Ибн Мәсғудтың (р.а.) осылай үкім бергені риуаят етілген.

Үшінші пікір бойынша, қиран мен таматтуғ қажылығының екеуінде де бір тауап пен бір сағи жеткілікті. Хадистің сыртқы мағынасы осыған келеді. Ахмад ибн Ханбалдың ұлы әкесінің осылай үкім бергенін жеткізген. Бұл мәселе № 1285 хадисте де қарастырылды.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 54, (1895); Нәсәи, Қажылық 182, (5/244); Мүслим, Қажылық 140, (1215) Ибн Мәжа, Мәнәсик (2972).
1388
Кутуб ситтә, № 1388 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَطُوفُ بِالْكَعْبَةِ بِزِمَامٍ أَوْ غَيْرِهِ فَقَطَعَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: « يَقُودُ إِنْسَانًا بِخِزَامَةٍ فِي أَنْفِهِ فَقَطَعَهَا ثُمَّ أَمَرَهُ أَنْ يَقُودَ بِيَدِهِ». «الْخِزَامَةُ» مَا يُجْعَلُ فِي أَنْفِ البَعِيرِ مِنْ شَعْرٍ كَالْحَلْقَةِ لِيُقَادَ بِهِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ноқта не соған ұқсас бір нәрсемен жетектеліп, Қағбаны тауап етіп жүрген кісіні көрді де, әлгі байлауды үзіп тастады»1.

Өзге бір нұсқада: «Бір кісіні мұрнына өткізілген шығыршықпен жетектеп бара жатқан адамды көрді. Шығыршықты үзіп тастап: “Қолынан ұстап жетеле”, – деп бұйырды», – делінеді.

Түсіндірме

1. Нәсәи жеткізген нұсқада әлгі адамның осылай азап шегіп жетектелуге нәзір еткені айтылады.

2. Хадистегі «зимам» – малды оңай жетектеу үшін тағылатын ноқта, тізгін не шылбыр. Адамға ноқта тағып жетектеу оны қорлайды. Өз еркімен осылай жетектелу де өзін кемсітуге жатады.

Бұхаридегі «хизама» – асау малды жетектеу үшін танауына өткізілетін жіп не шығыршық. Адамды осылай жетектеу оны одан бетер қорлайды. Алла елшісі (с.а.с.) құлшылық, кішіпейілділік немесе нәпсіні тәрбиелеу ниетімен өзін бұлай қорлауға тыйым салған.

  1. 1Бұхари, Қажылық, 65, 66, Әйман уә ән-Нузур 31; Әбу Дәуіт, Әйман уә ән-Нузур 23, (3302); Нәсәи, Қажылық 186, (5, 221.222), Әйман уә ән-Нузур 30, (7, 18).
1389
Кутуб ситтә, № 1389 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ ابْنِ أَبِي مُلَيْكَةَ «أَنَّ عُمَر رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَرَّ بِامْرَأَةٍ مَجْذُومَةٍ تَطُوفُ بِالْبَيْتِ فَقَالَ: يَا أَمَةَ اللَّهِ تَعَالَى لَا تُؤْذِي النَّاسَ، لَوْ جَلَسْتِ فِي بَيْتِكِ كَانَ خَيْرًا لَكِ، فَجَلَسَتْ فِي بَيْتِهَا، فَمَرَّ بِهَا رَجُلٌ بَعْدَ مَا مَاتَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ لَهَا: إِنَّ الَّذِي نَهَاكِ قَدْ مَاتَ فَاخْرُجِي، فَقَالَتْ: وَاللَّهِ مَا كُنْتُ لِأُطِيعُهُ حَيًّا وَأَعْصِيَهُ مَيِّتًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Муләйка былай дейді: «Омар (р.а.) Қағбаны тауап етіп жүрген, алапеске шалдыққан бір әйелді көріп:

– Уа, Алланың пендесі! Жұртқа қолайсыздық туғызба. Үйіңде отырғаның өзіңе қайырлы болар еді, – деді. Әйел үйінде қалды. Омар дүние салғаннан кейін бір кісі оған:

– Саған қажылыққа шығуға тыйым салған кісі дүние салды. Енді үйіңнен шыға бер, – деді. Сонда әйел:

– Аллаға ант етейін! Тірісінде сөзін тыңдаған кісіге дүние салған соң қарсы келмеймін, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Алапес – тері мен тінді зақымдайтын ауру. Автор бұл аурудың жұғу қаупін де, науқастың дерті айналасындағы адамдарға қолайсыздық тудыруы мүмкін екенін де атайды.

Омардың (р.а.) бұл ісінен жұрттың денсаулығына қатер төндіретін жағдайда қажылыққа баруды шектеуге болатыны аңғарылады. Алла елшісі (с.а.с.) тіпті пияз бен сарымсақтың иісі аңқыған кісілерді мешітке кіргізбейтін, оларды Бақиғқа дейін шығарып салатын. Жұрттың денсаулығына бұдан да үлкен қатер төнгенде осындай сақтықтың қажылықта да қажет болары анық.

  1. 1Муатта, Хажж 250, (1, 424).
1390
Кутуб ситтә, № 1390 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ السَّائِبِ: «أَنَّهُ كَانَ يَقُودُ ابْنَ عَبَّاسٍ: فَيُقِيمُهُ عِنْدَ الشُّقَّةِ الثَّالِثَةِ مِمَّا يَلِي الْبَابَ. فَيَقُولُ لَهُ ابْنُ عَبَّاسٍ: أُنْبِئْتَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يُصَلِّي هَاهُنَا؟ فَيَقُولُ: نَعَمْ، فَيَتَقَدَّمُ فَيُصَلِّي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн әс-Саибтің айтуынша, ол көзі көрмей қалған Ибн Аббасты жетектеп, Қара тас пен Қағбаның есігі арасындағы үшінші бөлікке әкеліп тоқтататын. Ибн Аббас одан: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы жерде намаз оқығанын естідің бе?» – деп сұрады. Абдулла «Иә» деп жауап берген соң, Ибн Аббас ілгері басып, сол жерде намаз оқыды1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 55. Нәсәи, «Қажылық», 133 (№2918).
1391
Кутуб ситтә, № 1391 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ سَعْدَ بْنَ أَبِي وَقَّاصٍ كَانَ إِذَا دَخَلَ مَكَّةَ مُرَاهِقًا خَرَجَ إِلَى عَرَفَةَ قَبْلَ أَنْ يَطُوفَ بِالْبَيْتِ وَبَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ ثُمَّ يَطُوفُ بَعْدَ أَنْ يَرْجِعَ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Сағд ибн Әбу Уаққас (р.а.) Меккеге кешігіп жетіп, Арафаттағы уақфадан қалып қоямын деп қауіптенсе, Қағбаны тауап етпей, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамай, бірден Арафатқа баратын. Арафаттан қайтқан соң тауап жасайтын1.

وَالْمُرَادُ بِقَوْلِهِ «مُرَاهِقًا» أَىْ قَدْ ضَاقَ عَلَيْهِ الْوَقْتُ حَتَّى خَافَ فَوْتَ الْوُقُوفِ بِعَرَفَةَ.

Түсіндірме

Сағд ибн Әбу Уаққастың осы ісі мына үкімге негіз болады. Қажылыққа келген кісі Арафаттағы уақфаға үлгермей қаламын деп қауіптенсе, құдум тауабын қалдырып, бірден Арафатқа барады. Арафаттағы уақфа – қажылықтың парызы. Одан қалған кісі сол жылғы қажылықтан қалады. Ал құдум тауабы – сүннет. Оны жасай алмаған кісіге өтем жүктелмейді.

Арафаттан оралған соң жасалатын тауап – парыз болған ифада тауабы. Бұл жағдайда құдум тауабының міндеті түседі.

  1. 1Муатта, Хажж125, (1,371).
1392
Кутуб ситтә, № 1392 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّمَا جُعِلَ الطَّوَافُ بِالْبَيْتِ، وَبَيْنَ الصَّفَا وَالْمَرْوَةِ وَرَمْيُ الْجِمَارِ لِإِقَامَةِ ذِكْرِ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Қағбаны тауап ету, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау және жамраларға тас лақтыру Алланы еске алу үшін белгіленген»1.

Түсіндірме

Әли әл-Қари бұл хадисті былай түсіндіреді: «Осы мүбәрак мекендерде Алланы еске алу үшін аталған амалдар қажылық рәсіміне айналған. Бұл кезде ғапыл қалмау керек! Қағбаны тауап ету мен уақфалар дұға жасау үшін бұйырылған, өйткені осы екі мекендегі құлшылықтың орны айрықша. Сафа мен Мәруа арасында сағи жасау мен жамраларға тас лақтыру да Алланы зікір ету үшін сүннет етілген. Әр тас лақтырғанда тәкбір айту, сағи үстінде дұға жасау – сүннет».

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 51, (1888); Тирмизи, Хажж 64, (902).