وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «رَأَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلًا يَطُوفُ بِالْكَعْبَةِ بِزِمَامٍ أَوْ غَيْرِهِ فَقَطَعَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ: « يَقُودُ إِنْسَانًا بِخِزَامَةٍ فِي أَنْفِهِ فَقَطَعَهَا ثُمَّ أَمَرَهُ أَنْ يَقُودَ بِيَدِهِ». «الْخِزَامَةُ» مَا يُجْعَلُ فِي أَنْفِ البَعِيرِ مِنْ شَعْرٍ كَالْحَلْقَةِ لِيُقَادَ بِهِ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ноқта не соған ұқсас бір нәрсемен жетектеліп, Қағбаны тауап етіп жүрген кісіні көрді де, әлгі байлауды үзіп тастады»1.
Өзге бір нұсқада: «Бір кісіні мұрнына өткізілген шығыршықпен жетектеп бара жатқан адамды көрді. Шығыршықты үзіп тастап: “Қолынан ұстап жетеле”, – деп бұйырды», – делінеді.
Түсіндірме
1. Нәсәи жеткізген нұсқада әлгі адамның осылай азап шегіп жетектелуге нәзір еткені айтылады.
2. Хадистегі «зимам» – малды оңай жетектеу үшін тағылатын ноқта, тізгін не шылбыр. Адамға ноқта тағып жетектеу оны қорлайды. Өз еркімен осылай жетектелу де өзін кемсітуге жатады.
Бұхаридегі «хизама» – асау малды жетектеу үшін танауына өткізілетін жіп не шығыршық. Адамды осылай жетектеу оны одан бетер қорлайды. Алла елшісі (с.а.с.) құлшылық, кішіпейілділік немесе нәпсіні тәрбиелеу ниетімен өзін бұлай қорлауға тыйым салған.
- 1Бұхари, Қажылық, 65, 66, Әйман уә ән-Нузур 31; Әбу Дәуіт, Әйман уә ән-Нузур 23, (3302); Нәсәи, Қажылық 186, (5, 221.222), Әйман уә ән-Нузур 30, (7, 18).