وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ أَبِي بَكْرٍ الثَّقَفِي قَالَ: «سَأَلْتُ أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ وَنَحْنُ غَادِيَانِ مِنْ مِنىً إِلَى عَرَفَاتَ عَنِ التَّلْبِيَةِ كَيْفَ كُنْتُمْ تَصْنَعُونَ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَ: كَانَ يُلَبِّي الْمُلَبِّي فَلَا يُنْكِرُ عَلَيْهِ، وَيُكَبِّرُ فَلَا يُنْكِرُ عَلَيْهِ وَيُهَلِّلُ فَلَا يُنْكِرُ عَلَيْهِ، وَلَا يَعِيبُ أَحَدٌ عَلَى صَاحِبِهِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِي
Мұхаммед ибн Әбу Бәкір әс-Сақафи былай дейді: «Минадан Арафатқа беттегенде, қасымдағы Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) тәлбия жөнінде:
– Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болғанда қалай істейтін едіңдер? – деп сұрадым. Ол:
– Біріміз тәлбия, біріміз тәкбір, біріміз тәһлил айтатынбыз. Алла елшісі ешқайсымызға қарсылық білдірмейтін. Өзге зікір айтқан жолдасын ешкім айыптамайтын, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
Риуаят ихрамдағы кісінің тәлбиямен бірге тәкбір, тәһлил секілді өзге зікірлерді де айта алатынын көрсетеді. Қажылық кезінде тәлбия айту солардың ішінде абзал саналады. Ибн Аббас (р.а.) тәлбияны «қажылықтың нышаны» деген. Алла елшісі (с.а.с.) оның маңызын білдіріп, тас лақтыруға дейін үзбеген. Бұл №1437 хадисте айтылған. Ибн Аббас: «Омармен он бір рет қажылық жасадым. Ол тас лақтырғанға дейін тәлбиясын тоқтатпайтын», – деген. Ғалымдар жоғарыдағы хабардан қажыға ара-тұра тәлбияның орнына тәкбір, тәһлил және өзге зікірлерді айтуға рұқсат екенін ұққан. Нәуәуи: «Қажылықта тәлбия айту тәкбірден абзал», – дейді.
Арафат пен Мұздалифада тәлбия
- 1Бұхари, «Қажылық», 86 (№1659), «Идайн», 12. Мүслим, «Қажылық», 274 (№1285). Нәсәи, «Қажылық», 192 (№3000).