Хадис

Тас лақтыру уақыты

Кутуб ситтә, 4-том, 173-тарау · 4 хадис · № 1446–1449

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

Йәум ән-нахр – құрбан айттың алғашқы күні, зул-хижжаның 10-күні.

Әйям ән-нахр – құрбан шалу күндері, зул-хижжаның 10, 11 және 12-күндері.

Әйям әт-тәшриқ – зул-хижжаның 11, 12 және 13-күндері.

Нәфр әууәл – Минадан қайтудың бірінші күні, зул-хижжаның 12-күні.

Нәфр ахир – Минадан қайтудың соңғы күні, зул-хижжаның 13-күні.

Зауал – күннің тас төбеден батысқа ауа бастаған мезгілі.

1446
Кутуб ситтә, № 1446 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَرْمِي يَوْمَ النَّحْرِ ضُحىً وَأَمَّا بَعْدَ ذَلِكَ فَبَعْدَ زَوَالِ الشَّمْسِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай деді: «Алла елшісінің (с.а.с.) құрбан айттың алғашқы күні сәскеде тас лақтырғанын көрдім. Одан кейінгі күндері күн тас төбеден ауған соң лақтырды»1.

Түсіндірме

Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) айттың алғашқы күні Ақаба жамрасына сәскеде тас лақтырғаны, ал кейінгі күндері басқа екі жамраға күн тас төбеден ауған соң тас лақтырғаны айтылады.

Тас лақтыру уақыты жөнінде ғалымдардың пікірлері әртүрлі.

• Көпшілік ғалым осы хадиске сүйеніп, айттың алғашқы күнінен кейін тасты түстен соң лақтыру сүннетке сай деп есептеген.

• Ата мен Таус түске дейін де тас лақтыруға болады деген.

• Ханафи ғалымдары құрбан айттың екінші күні түске дейін де тас лақтыруға рұқсат берген.

• Исхақ ибн Рахауайһ түске дейін тас лақтырған адам үшінші күні оны қайта орындайды деген.

  1. 1Мүслим, Хажж 313, (1299); Тирмизи, Хажж 59, (894); Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 78, (1971); Нәсәи, Хажж, 221, (5, 270). Бұл хадисі Бұхари муәллақ хадис ретінде риуаят еткен, Қажылық, 134.
1447
Кутуб ситтә, № 1447 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ نَافِعٍ: «أَنَّ ابْنَةَ أَخٍ لِصَفِيَّةَ بِنْتِ أَبِي عُبَيْدٍ اِمْرَأَةِ عَبْدِ اللَّهِ ابْنِ عُمَرَ نُفِسَتْ بالمُزْدَلِفَةِ فَتَخَلَّفَتْ هِيَ وَصَفِيَّةُ حَتَّى أَتَتَا مِنىً بَعْدَ أَنْ غَرَبَتِ الشَّمْسُ يَوْمَ النَّحْرِ فَأَمَرَهُمَا ابْنُ عُمَرَ أَنْ تَرْمِياَ حِينَ قَدِمَتَا وَلَمْ يَرَ عَلَيْهِمَا بَأْسًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай деді: «Абдулла ибн Омардың (р.а.) жұбайы Сафия бинт Әбу Убайдтың бауырының қызы Мұздалифада босанды. Екеуі сол себепті бөгеліп, Минаға құрбан айттың алғашқы күні күн батқан соң жетті. Ибн Омар келген бойда тас лақтыруды бұйырды. Кешіккендері үшін кәффарат өтеуді міндеттеген жоқ»1.

Түсіндірме

Риуаятта үзірлі себеппен тасты уақытында лақтыра алмаған адамның жағдайы баяндалады. Ибн Омар (р.а.) келген бойда тас лақтыруды бұйырып, кәффарат өтеуді міндеттемеген. Имам Мәлик тасты өз уақытында лақтырмаған мұндай адамның құрбан шалуын мұстахаб деп санаған.

Имам Мәликтің пікірінше, тас лақтыратын күні кешке дейін ұмытып кеткен адам есіне түскен бойда, күндіз болсын, түнде болсын, тас лақтыруы керек. Ал Минадан Меккеге оралған соң есіне түссе, құрбан шалу уәжіп болады.

  1. 1Муатта, Хажж, 220,(1, 409).
1448
Кутуб ситтә, № 1448 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ أَبِي الْبَدَّاحِ بْنِ عَاصِمِ بْنِ عَدِيِّ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَرْخَصَ لِرِعَاءِ الْإِبِلِ فِي البَيْتُوتَةِ عَنْ مِنىً يَرْمُونَ يَوْمَ النَّحْرِ ثُمَّ يَرْمُونَ الْغَدَ وَمِنْ بَعْدِ الْغَدِ لِيَوْمَيْنِ ثُمَّ يَرْمُونَ يَوْمَ النّفْرِ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу әл-Бәддах әкесі Асым ибн Адиден (р.а.) былай жеткізді: «Алла елшісі (с.а.с.) түйе бағушыларға Минадан тыс жерде түнеуге рұқсат берді. Олар құрбан айт күні тас лақтырады, келесі екі күннің тасын бір күнде лақтырады, ал Минадан аттанатын күні тағы тас лақтырады».1

وَقَالَ مَالِكٌ: تَفْسِيرُ ذَلِكَ فِيمَا نَرَى وَاللَّهُ أَعْلَمُ: أَنَّهُمْ يَرْمُونَ يَوْمَ النَّحْرِ فَإِذَا مَضَى الْيَوْمُ الَّذِى يَلِيهِ رَمُوا مِنَ الْغَدِ وَذَلِكَ يَوْمَ النّفْرِ الْأَوَّلِ يَرْمُونَ لِلْيَوْمِ الَّذِى مَضَى ثُمَّ يَرْمُونَ لِيَوْمِهِمْ ذَلِكَ لِأَنَّهُ لَا يَقْضِى أَحَدٌ شَيْئًا حَتَّى يَجِبَ عَلَيْهِ فَإِذَا وَجَبَ عَلَيْهِ وَمَضَى كَانَ القَضَاءُ بَعْدَ ذَلِكَ. فَإِنْ بَدَا لَهُمْ فِي النّفْر، فَقَدْ فَرَغُوا، وَإِنْ أَقَامُوا إِلَى الْغَدِ رَمُوا مَعَ النَّاسِ يَوْمَ النّفْرِ الآخِرِ وَنَفرُوا.

Түсіндірме

Бұл риуаятта қажылықтағы бақташыларға берілген арнайы рұқсат айтылады. Ғалымдар хадисті әртүрлі түсіндірген. Оған риуаят нұсқаларының айырмашылығы мен хадистегі кей сөздердің бірнеше мағынаға келуі себеп болған.

1) Кей ғалымдардың түсіндіруінше, бақташылар зүлхижжаның онында Ақаба жамрасына тас лақтырады. Келесі күні, яғни зүлхижжаның он бірінде, сол күннің де, он екінші күннің де тасын бірге лақтырады. Сонда бір күннің амалын алдын ала орындайды. Тирмизи, Нәсәи және басқа жинақтардағы нұсқалар осы түсінікке келеді.

رَخَّصَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِرِعَاءِ الْإِبِلِ فِي الْبَيْتُوتَةِ أَنْ يَرْمُوا يَوْمَ النَّحْرِ، ثُمَّ يَجْمَعُوا رَمْيَ يَوْمَيْنِ بَعْدَ يَوْمِ النَّحْرِ فَيَرْمُوهُ فِي أَحَدِهِمَا

«Алла елшісі (с.а.с.) түйе бағушыларға Минадан тыс түнеуге, құрбан айт күні тас лақтыруға, одан кейінгі екі күннің тасын сол екі күннің бірінде бірге лақтыруға рұқсат берді».

2) Имам Мәлик хадисті өзгеше түсіндірген. «Мууаттада» былай делінеді: «Ақиқатын Алла біледі. Біздің түсінуімізше, бақташылар зүлхижжаның онында Ақаба жамрасына тас лақтырып, малдарына қайтады. Зүлхижжаның он бірінде тас лақтырмайды. Он екісінде, яғни ертерек аттанатындардың Минадан шығатын алғашқы күні, алдыңғы күннің де, сол күннің де тасын лақтырады. Өйткені адам өзіне міндеттелген амалдың уақытын өткізіп алғанда ғана оны өтейді». Мәликтің түсіндіруіне Суфиян әс-Сәури жеткізген мына риуаят негіз болған:

رَخَّصَ لِلرُّعَاءِ أَنْ يَرْمُوا يَوْمًا وَيَدَعُوا يَوْمًا

«Алла елшісі (с.а.с.) бақташыларға бір күн тас лақтырып, келесі күні лақтырмауға рұқсат берді».

Имам Мәликтің айтуынша, бақташылар сол күні аттанса, амалын тәмамдағаны. Минада тағы бір түн қалса, соңғы күні өзгелермен бірге тас лақтырып, содан соң жолға шығады.

3) Хаттаби хадистегі аттанатын күнді құрбан айттың төртінші күні деп түсіндірген. Оның айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) бақташыларға малды күзетіп, күтіп-бағу үшін осындай рұқсат берген. Оларға Минада түнеу міндеттелсе, халықтың малына зиян келер еді. Өзге қажыларға бұл рұқсат жүрмейді. Хаттаби Мәликтің пікірін келтіріп, адам өзіне әлі міндеттелмеген амалды алдын ала өтемейтінін айтады. Имам Шафиғи де осы пікірде болған. Ал кей ғалымдар бақташы тасты ертерек те, кейінірек те лақтыра алады деген.

  1. 1Мәлик, «Мууатта», «Қажылық». Тирмизи, № 955. Әбу Дәуіт, № 1975. Ибн Мәжа, № 3037. Нәсәи, «Әс-Сунән әл-кубра», № 4061.
1449
Кутуб ситтә, № 1449 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا كَانَ يَقُولُ: «مَنْ غَرَبَتْ لَهُ الشَّمْسُ مِنْ أَوْسَطِ أَيَّامِ التَّشْرِيقِ وَهُوَ بِمِنىً فَلَا يَنْفُرْ حَتَّى يَرْمِي الْجِمَارَ مِنَ الْغَدِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғтың жеткізуінше, Ибн Омар (р.а.) былай деген: «Тәшриқ күндерінің ортаңғы күні Минада күн батып қалса, адам ертеңгі күні жамраларға тас лақтырмайынша аттанбасын»1.

Түсіндірме

Бұл мәселе № 1427 хадисте егжей-тегжейлі баяндалды. Аятта айтылған рұқсатқа сай, ташриқтың екінші күні түстен кейін тас лақтырып болған қажы келесі күнге қалмай-ақ Минадан аттана алады. Ол күн батқанша Минаның шекарасынан шығып үлгеруі керек. Үлгермесе, сол түні Минада қалып, ертеңіне тас лақтырып барып аттанады.

  1. 1Муатта, Хажж, 214, (1, 407).