Хадис

Рәми (шайтанға тас лақтыру)

Кутуб ситтә, 4-том, 172-тарау · 4 хадис · № 1442–1445

УАҚФАЛАР ЖӘНЕ ИФАДА

Хадистер

«Рәми» сөзі «ату, лақтыру» дегенді білдіреді. Қажылықта бұл жамраларға тас лақтыру рәсімінің атауы. «Рәмюл-жимар» – тастарды лақтыру деген толық атау. «Жимар» мен «жамарат» – «жамра» сөзінің көпше түрлері. «Жамра» бұршақтай ұсақ тасты немесе тас үйіндісін де білдіреді. Қазақ тіліндегі «шағыл» сөзі осыған жақын. «Құм» бұдан ұсақ түйірге, ал «тас» ірілі-ұсақты тастардың бәріне айтылады. Араб тілінде «ж-м-р» түбірі жиналу, топтасу деген мағына да береді. Жұрт осы жерлерге жиналатындықтан олар «жамра» аталған деген пікір бар. Адамға не Ибраһимге (а.с.) шайтан келгенде, олар оған осы орындарда тас лақтырғандықтан солай аталған деген де түсіндірме айтылады.

Жамраларға тас лақтыру – қажылықтың негізгі уәжіптерінің бірі. Умрада бұл рәсім жасалмайды. Минада бір-біріне жақын үш жамра бар:

1. Ақаба жамрасы. Халық арасында «үлкен шайтан» деп аталады.

2. Уста жамрасы. Халық арасында «орта шайтан» деп аталады.

3. Ула жамрасы. Халық арасында «кіші шайтан» деп аталады.

Құрбан айттың бірінші күні Ақаба жамрасына жеті тас лақтырылады.

Айттың екінші, үшінші және төртінші күндері үш жамраның әрқайсысына жеті тастан лақтырылады.

Ертерек қайтқысы келген кісі үшінші күні күн батпай Минадан шығып, төртінші күнге қалмайды.

Шайтанға тас лақтырудың орындалу үлгісі

1442
Кутуб ситтә, № 1442 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ يَزِيدَ قَالَ: «رَمَى ابْنُ مَسْعُودٍ جَمْرَةَ الْعَقَبَةِ مِنْ بَطْنِ الْوَادِي بِسَبْعِ حَصَيَاتٍ يُكَبِّرُ مَعَ كُلِّ حَصَاةٍ؛ وَجَعَلَ الْبَيْتَ عَنْ يَسَارِهِ، وَمِنىً عَنْ يَمِينِهِ. فَقِيلَ لَهُ: إِنَّ نَاسًا يَرْمُونَهَا مِنْ فَوْقِهَا. فَقَالَ: هَذَا وَالَّذِي لَا إِلَهَ غَيْرُهُ مَقَامُ الَّذِي أُنْزِلَتْ عَلَيْهِ سُورَةُ الْبَقَرَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Язид былай дейді: «Ибн Мәсғуд (р.а.) аңғардың түбінде тұрып, Ақаба жамрасына жеті тас лақтырды. Әр тасты лақтырған сайын тәкбір айтты. Қағбаны сол жағына, Минаны оң жағына алды. Оған:

– Кей адамдар тасты жоғары жақтан лақтырып жүр, – дегенде, ол:

– Өзінен басқа құдай жоқ Аллаға ант етейін, «Бақара» сүресі түсірілген Алла елшісі дәл осы жерде тұрған, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Хадис түсіндірмелерінде үш жамра орналасқан жердің бедері әртүрлі болғаны айтылады. Ақаба жамрасы аңғардың түбіндегі тегіс жерде, қалған екеуі еңістеу тұста орналасқан. Кейін құрылыс жүргізіліп, бәрі бір деңгейге түсірілген. Хадистердегі кейбір сөзді түсінуге осы айырмашылық көмектеседі. Бұл риуаят Ақаба жамрасы туралы, сондықтан тастың аңғардың түбінен лақтырылғаны арнайы айтылған. Бұрын қалған екі жамраға жоғары жақтан да тас лақтыратын.

2. Ақаба жамрасының қалған екі жамрадан мынадай айырмасы бар:

а) Айттың алғашқы күні тас Ақаба жамрасына ғана лақтырылады.

ә) Ақаба жамрасында тас лақтырып болған соң, аялдамай кетеді. Қалған екеуінде тас лақтырғаннан кейін кідіріп, дұға етеді.

б) Сәске уақытында тас лақтырылады.

в) Ақаба жамрасына төменгі тұстан тас лақтыру – мұстахаб.

3. Тастың саны. Риуаятта Ибн Мәсғудтың (р.а.) жеті тас лақтырғаны айтылады. Жеті тасты бірінен кейін бірін жеке лақтырады. Ғалымдар тастың саны жеті болуы керек деген. Алты тас жайында әлсіз риуаят бар. Имам Мәлик пен Әузағи жеті тастан кем лақтырып, қалғанын толықтыра алмаған кісіге құрбан шалу керек деген. Имам Шафиғи бір тас кем болса – бір муд, екі тас кем болса – екі муд садақа беруді, үш не одан көп тас кем болса, құрбан шалуды міндеттеген. Ханафилер үш жамраға лақтырылатын тастардың жартысынан азы кем қалса, жарты сағ садақа беруді, одан көп болса, құрбан шалуды талап еткен.

4. Ибн Хажар Ақаба жамрасының Мина мен Меккенің шекарасында орналасқанын жазады. Алла елшісі (с.а.с.) һижра алдында ансарлардың сертін де осы жерде алған.

5. Риуаят бойынша Ибн Мәсғуд (р.а.) тас лақтырғанда Минаны оң жағына, Қағбаны сол жағына алған. Тирмизидің бір нұсқасында құбылаға бет бұрып лақтырғаны айтылады. Көпшілік ғалым алғашқы нұсқаны негізге алған. Шафиғи ғалымдарының бірі Рафиғи тас лақтырғанда құбылаға арқа беріп тұруды құптаған. Жамраны оң жақта қалдырып, құбылаға бет бұруды жөн көргендер де бар. Ғалымдар қай тұстан лақтыру ыңғайлы болса, сол жерден лақтыруға болатынына келіскен. Пікір айырмасы қайсысының абзал екеніне қатысты.

6. Ибн Хажар «“Бақара” сүресі түсірілген Пайғамбар осы жерде тұрған» деген сөзді былай түсіндіреді: «Қажылық рәсімдерінің көбі “Бақара” сүресінде айтылады. Сондықтан Ибн Мәсғуд “Бұл – қажылық рәсімдерінің үкімі уахимен бекітілген Пайғамбардың тұрған орны” дегісі келген. Ол қажылықтың үкімдері Пайғамбардың жеке ижтиһадына емес, уахиға негізделетінін білдірген».

7. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, тастарды бір-бірлеп лақтыруды айтқан. Риуаятта әр таспен бірге тәкбір айтылғаны көрсетілген. Алла елшісі де خُذُوا عَنِّي مَنَاسِكَكُمْ «Қажылық рәсімдеріңді менен үйреніңдер» деген. Әбу Ханифа мен Ата тастарды бірге лақтыруға да болады деген пікір айтқан.

8. Тас лақтырғанда тәкбір айтылады. Ғалымдар тәкбір айтпаған кісіге өтем жүктелмейтініне бірауыздан келіскен.

9. Кей риуаятта Ибн Мәсғудтың (р.а.) Ақаба жамрасына тас лақтырып болған соң اللَّهُمَّ اجْعَلْ حَجًّا مَبْرُورًا وَذَنْبًا مَغْفُورًا «Уа, Алла! Қажылығымды қабыл етіп, күнәмді кешіре гөр!» деп дұға еткені айтылады.

  1. 1Бұхари, «Қажылық», 135–138 (№1748). Мүслим, «Қажылық», 305 (№1296). Тирмизи, «Қажылық», 64 (№901). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 78 (№1974). Нәсәи, «Қажылық», 226 (5/273).
1443
Кутуб ситтә, № 1443 · тараудағы реті: 2

وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ وَالنَّسَائِيِّ: «أَتَى جَمْرَةَ الْعَقَبَةِ فَاسْتَبْطَنَ الْوَادِي وَاسْتَقْبَلَ الْكَعْبَةَ وَجَعَلَ يَرْمِي الْجَمْرَةَ عَلَى حَاجِبِهِ الْأَيْمَنِ. وَذَكَرُا نَحْوِهِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизи мен Нәсәи нұсқасында: «Ибн Мәсғуд Ақаба жамрасына келіп, аңғардың түбіне түсті. Қағбаға бет бұрып, тастарды оң қасының тұсынан лақтыра бастады»1, – делінген. Риуаяттың жалғасы алдыңғы нұсқадағыдай.

  1. 1Тирмизи, Хажж 64, (901).
1444
Кутуб ситтә, № 1444 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Сағд (р.а.)

وَعَنْ سَعْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَجَعْنَا فِي الْحَجَّةِ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَبَعْضُنَا يَقُولُ: رَمَيْتُ بِسَبْعِ حَصَيَاتٍ، وَبَعْضٌ يَقُولُ: بِسِتٍّ، وَلَا يَعِيبُ بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ».

Қазақша аудармасы

Сағд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) қажылықтан қайтып келе жаттық. Біріміз: “Жеті тас лақтырдым”, – десек, енді біріміз: “Алты тас лақтырдым”, – дедік. Бұл үшін бір-бірімізді айыптаған жоқпыз»1.

Ескерту. Лақтырылған тас саны кем болса не істелетіні №1442 хадистің түсіндірмесінде айтылды.

  1. 1Нәсәи, Хажж 227, (5, 275).
1445
Кутуб ситтә, № 1445 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ غَدَاةَ الْعَقَبَةِ وَهُوَ عَلَى رَاحِلَتِهِ: هَاتِ الْقُطْ لِي فَلَقَطْتُ لَهُ حَصَيَاتٍ مِنْ حَصَى الْخَذْفِ. فَلَمَّا وَضَعْتُهُنَّ فِي يَدِهِ قَالَ: بِأَمْثَالِ هَؤُلَاءِ إِيَّاكُمْ وَالغُلُوَّ فِي الدِّينِ، فَإِنَّمَا هَلَكَ مَنْ كَانَ قَبْلَكُمْ بِالْغُلُوِّ فِي الدِّينِ». أَخْرَجَهُمَا النَّسَائِي. «وَحَصَى الْخَذْفِ» بِالْخَاءِ الْمُعْجَمَةِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Ақаба жамрасына тас лақтыратын күні таңертең Алла елшісі (с.а.с.) көлігінің үстінде отырып:

– Маған тас теріп бер, – деді. Мен саусақпен лақтыратындай ұсақ тастар теріп бердім. Тастарды алақанына салғанымда, ол:

– Осындай тастар лақтырыңдар. Дінде шектен шығудан сақтаныңдар. Сендерден бұрынғыларды дінде шектен шығу құрдымға кетірді, – деді»1.

Түсіндірме

Хадис әуелі лақтыратын тастың көлемін көрсетеді. حَصَى الْخَذْفِ – сұқ саусаққа қойып, бас бармақпен шертіп лақтыратындай ұсақ тас. Оны көбіне ноқаттың көлеміндей деп сипаттайды.

Алла елшісі (с.а.с.) «Осындай тастар лақтырыңдар» деп, Ибн Аббас терген тастардың көлемін құптаған. Дінде шектен шықпау жөніндегі ескерту жалпы мағынада да, осы рәсімге қатысты да түсініледі. Тас лақтыруда бұдан ірі тас немесе өзге зат лақтырмау және белгіленген саннан асырмау меңзеледі.

Пайғамбардың (с.а.с.) осы ескертуіне қарамастан, жамраларға ірі тас, қолшатыр, таяқ не аяқкиім лақтыратын, тас лақтыратын орынға жүгіріп барып, оны аяқпен таптағысы келетін кісілер де кездеседі. Қажылық рәсімдері – құлдың сыналатын амалдары. Олардың мәні дінде белгіленген тәртіппен, Алланың разылығын көздеп орындалуында. Орындалған рәсімдерден заттай нәтиже күту қажылықтың мәнін түсінбеуден туады. Жамраларға тас лақтырғандағы мақсат – Алланың әмірін орындап, разылығына жету. Шайтанның азғыруына адам әуелі өз ішінде қарсы тұрады. Мүмін бұл рәсімді Алла елшісі үйреткен әдеппен орындайды.

Ғалымдар шектен шықпау жөніндегі өсиетті кеңірек түсіндірген: «Еш істе шектен аспаңдар. Жақсы көргенде де, жек көргенде де шектен шықпаңдар. Діни мәселелердің ұсақ-түйегіне бойлап, себептерін іздеуде де шектен аспаңдар». Олар сенімде де, амалда да шектен шығу болатынына назар аударған. Христиандардың Исаны (а.с.) шектен тыс жақсы көріп, оны құдай дәрежесіне көтеруі осыған мысал ретінде келтірілген.

  1. 1Нәсәи, «Қажылық», 217 (№3057).