Хадис

Кутуб ситтә, № 1442

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
172. Рәми (шайтанға тас лақтыру)
Нөмірі
№ 1442 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1442
Кутуб ситтә, № 1442 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ يَزِيدَ قَالَ: «رَمَى ابْنُ مَسْعُودٍ جَمْرَةَ الْعَقَبَةِ مِنْ بَطْنِ الْوَادِي بِسَبْعِ حَصَيَاتٍ يُكَبِّرُ مَعَ كُلِّ حَصَاةٍ؛ وَجَعَلَ الْبَيْتَ عَنْ يَسَارِهِ، وَمِنىً عَنْ يَمِينِهِ. فَقِيلَ لَهُ: إِنَّ نَاسًا يَرْمُونَهَا مِنْ فَوْقِهَا. فَقَالَ: هَذَا وَالَّذِي لَا إِلَهَ غَيْرُهُ مَقَامُ الَّذِي أُنْزِلَتْ عَلَيْهِ سُورَةُ الْبَقَرَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Язид былай дейді: «Ибн Мәсғуд (р.а.) аңғардың түбінде тұрып, Ақаба жамрасына жеті тас лақтырды. Әр тасты лақтырған сайын тәкбір айтты. Қағбаны сол жағына, Минаны оң жағына алды. Оған:

– Кей адамдар тасты жоғары жақтан лақтырып жүр, – дегенде, ол:

– Өзінен басқа құдай жоқ Аллаға ант етейін, «Бақара» сүресі түсірілген Алла елшісі дәл осы жерде тұрған, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Хадис түсіндірмелерінде үш жамра орналасқан жердің бедері әртүрлі болғаны айтылады. Ақаба жамрасы аңғардың түбіндегі тегіс жерде, қалған екеуі еңістеу тұста орналасқан. Кейін құрылыс жүргізіліп, бәрі бір деңгейге түсірілген. Хадистердегі кейбір сөзді түсінуге осы айырмашылық көмектеседі. Бұл риуаят Ақаба жамрасы туралы, сондықтан тастың аңғардың түбінен лақтырылғаны арнайы айтылған. Бұрын қалған екі жамраға жоғары жақтан да тас лақтыратын.

2. Ақаба жамрасының қалған екі жамрадан мынадай айырмасы бар:

а) Айттың алғашқы күні тас Ақаба жамрасына ғана лақтырылады.

ә) Ақаба жамрасында тас лақтырып болған соң, аялдамай кетеді. Қалған екеуінде тас лақтырғаннан кейін кідіріп, дұға етеді.

б) Сәске уақытында тас лақтырылады.

в) Ақаба жамрасына төменгі тұстан тас лақтыру – мұстахаб.

3. Тастың саны. Риуаятта Ибн Мәсғудтың (р.а.) жеті тас лақтырғаны айтылады. Жеті тасты бірінен кейін бірін жеке лақтырады. Ғалымдар тастың саны жеті болуы керек деген. Алты тас жайында әлсіз риуаят бар. Имам Мәлик пен Әузағи жеті тастан кем лақтырып, қалғанын толықтыра алмаған кісіге құрбан шалу керек деген. Имам Шафиғи бір тас кем болса – бір муд, екі тас кем болса – екі муд садақа беруді, үш не одан көп тас кем болса, құрбан шалуды міндеттеген. Ханафилер үш жамраға лақтырылатын тастардың жартысынан азы кем қалса, жарты сағ садақа беруді, одан көп болса, құрбан шалуды талап еткен.

4. Ибн Хажар Ақаба жамрасының Мина мен Меккенің шекарасында орналасқанын жазады. Алла елшісі (с.а.с.) һижра алдында ансарлардың сертін де осы жерде алған.

5. Риуаят бойынша Ибн Мәсғуд (р.а.) тас лақтырғанда Минаны оң жағына, Қағбаны сол жағына алған. Тирмизидің бір нұсқасында құбылаға бет бұрып лақтырғаны айтылады. Көпшілік ғалым алғашқы нұсқаны негізге алған. Шафиғи ғалымдарының бірі Рафиғи тас лақтырғанда құбылаға арқа беріп тұруды құптаған. Жамраны оң жақта қалдырып, құбылаға бет бұруды жөн көргендер де бар. Ғалымдар қай тұстан лақтыру ыңғайлы болса, сол жерден лақтыруға болатынына келіскен. Пікір айырмасы қайсысының абзал екеніне қатысты.

6. Ибн Хажар «“Бақара” сүресі түсірілген Пайғамбар осы жерде тұрған» деген сөзді былай түсіндіреді: «Қажылық рәсімдерінің көбі “Бақара” сүресінде айтылады. Сондықтан Ибн Мәсғуд “Бұл – қажылық рәсімдерінің үкімі уахимен бекітілген Пайғамбардың тұрған орны” дегісі келген. Ол қажылықтың үкімдері Пайғамбардың жеке ижтиһадына емес, уахиға негізделетінін білдірген».

7. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, тастарды бір-бірлеп лақтыруды айтқан. Риуаятта әр таспен бірге тәкбір айтылғаны көрсетілген. Алла елшісі де خُذُوا عَنِّي مَنَاسِكَكُمْ «Қажылық рәсімдеріңді менен үйреніңдер» деген. Әбу Ханифа мен Ата тастарды бірге лақтыруға да болады деген пікір айтқан.

8. Тас лақтырғанда тәкбір айтылады. Ғалымдар тәкбір айтпаған кісіге өтем жүктелмейтініне бірауыздан келіскен.

9. Кей риуаятта Ибн Мәсғудтың (р.а.) Ақаба жамрасына тас лақтырып болған соң اللَّهُمَّ اجْعَلْ حَجًّا مَبْرُورًا وَذَنْبًا مَغْفُورًا «Уа, Алла! Қажылығымды қабыл етіп, күнәмді кешіре гөр!» деп дұға еткені айтылады.

  1. 1Бұхари, «Қажылық», 135–138 (№1748). Мүслим, «Қажылық», 305 (№1296). Тирмизи, «Қажылық», 64 (№901). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 78 (№1974). Нәсәи, «Қажылық», 226 (5/273).