وَعَنْ حَنَشٍ قَالَ: «رَأَيْتُ عَلِيًّا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ ضَحَّى بِكَبْشَيْنِ. وَقَالَ: أَحَدُهُمَا عَنِّي، وَالآخَرُ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. وَقَالَ: أَمَرَنِي بِذَلِكَ أَوْ قَالَ أَوْصَانِي بِهِ فَلَا أَدَعُهُ أَبَدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Ханәш былай деді: «Әлидің (р.а.) екі қошқар шалғанын көрдім. Ол:
– Бірі – өзімнің, екіншісі – Алла елшісінің (с.а.с.) атынан, – деді. Сосын:
– Алла елшісі (с.а.с.) маған осылай істеуді бұйырған немесе өсиет еткен. Көзім тіріде мұны тастамаймын, – деді»1.
Түсіндірме
Әли (р.а.) бұл құрбандықты Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін шалған. Әбу Дәуіт хадисті «Дүниеден өткен кісінің атынан құрбан шалу» тарауына енгізген.
Алла елшісінің (с.а.с.) Алланың жалғыздығына және өзінің елшілік міндетін жеткізгеніне куәлік еткен үмбетінің атынан да құрбан шалғаны риуаят етілген.
Ибн Мажаның бір риуаяты мынадай:
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا أَرَادَ أَنْ يُضَحِّيَ اشْتَرَى كَبْشَيْنِ عَظِيمَيْنِ سَمِينَيْنِ أَقْرَنَيْنِ أَمْلَحَيْنِ مَوْجُوءَيْنِ، فَذَبَحَ أَحَدَهُمَا عَنْ أُمَّتِهِ لِمَنْ شَهِدَ لِلَّهِ بِالتَّوْحِيدِ وَشَهِدَ لَهُ بِالْبَلَاغِ، وَذَبَحَ الْآخَرَ عَنْ مُحَمَّدٍ وَعَنْ آلِ مُحَمَّدٍ ﷺ.
«Алла елшісі (с.а.с.) құрбан шалғысы келгенде ірі, семіз, мүйізді, ала, піштірілген екі қошқар сатып алатын. Бірін үмбетінен Алланың жалғыздығына және өзінің елшілік міндетін жеткізгеніне куәлік еткендердің атынан шалатын. Екіншісін Мұхаммед пен оның отбасының атынан шалатын».2
Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде де кейбір сахабалар дүние салған. Автор тірілермен бірге дүниеден өткендер де үмбеттің құрамында деп пайымдайды.