وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ أَمَرَ بَنَاتِهِ أَنْ يُضَحِّينَ بِأَيْدِيهِنَّ، وَيُوضَعَ الْقَدَمُ عَلَى صَفْحَةِ الذَّبِيحَةِ، وَالتَّكْبِيرُ وَالتَّسْمِيَةُ عِنْدَ الذَّبْحِ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ. قُلْتُ: وَعَلَّقَهُ الْبُخَارِيُّ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Әбу Мұса (р.а.) қыздарына құрбандықтарын өз қолдарымен шалуды тапсырған. Малды шалғанда аяқты малдың мойнының қырына қойып, тәкбір мен бисмилләһ айтылады.
Бұл – Рәзин келтірген қосымша риуаят. Бұхари де оны толық иснадын келтірмей, тарау атауында берген.
Түсіндірме
1. Бұл риуаят алдыңғы риуаяттарды қуаттайды және адамның құрбандығын өз қолымен шалуы мұстахаб екенін көрсетеді. Риуаяттардағы әмір абзал амал ретінде түсіндірілген.
Ибн әт-Тин: «Бұл риуаят әйелдердің де құрбандықтарын өздері шалуына рұқсат екенін көрсетеді», – деген. Имам Мәліктің мұны мәкруһ санағаны туралы пәтуа да жеткен. Имам Шафиғи әйелдің құрбандығын шалуға басқа кісіні өкіл еткенін құптаған. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары үшін құрбанды өзі шалғаны баяндалады. Бұхариде وَضَحَّى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ نِسَائِهِ بِالْبَقَرِ «Алла елшісі (с.а.с.) жұбайларының атынан сиырды құрбандыққа шалды» делінген. Мүслимде Жәбирден (р.а.) жеткен риуаятта نَحَرَ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ نِسَائِهِ بَقَرَةً فِي حَجَّةِ الْوَدَاعِ «Алла елшісі (с.а.с.) Қоштасу қажылығында жұбайларының атынан бір сиырды құрбандыққа шалды» делінеді.