Хадис

Кутуб ситтә, № 1511

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
187. Жолда жарамсыз болып қалған құрбандық
Нөмірі
№ 1511 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1511
Кутуб ситтә, № 1511 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ أَنَّهُ قَالَ: «مَنْ سَاقَ بَدَنَةً تَطَوُّعًا فَعَطِبَتْ فَنَحَرَهَا، ثُمَّ خَلَّى بَيْنَهَا وَبَيْنَ النَّاسِ يَأْكُلُونَهَا، فَلَيْسَ عَلَيْهِ شَيْءٌ. وَإِنْ أَكَلَهَا أَوْ أَمَرَ مَنْ يَأْكُلُ مِنْهَا غَرِمَهَا».

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусайяб былай дейді: «Кім нәпіл құрбанға түйе айдап бара жатса, ол жолда жарамсыз болып, иесі оны сойып, етін жұртқа қалдырса, оған ешбір міндет жүктелмейді. Ал етін өзі жесе немесе басқа біреуге жеуді тапсырса, құрбанның орнын өтеуге тиіс»1.

Түсіндірме

Қажылардың қасиетті мекенге арнап айдаған құрбаны һәди деп аталады. Сондай мал жолда жарамсыз болып, шалатын жерге жетпейтін күйге түссе, оны сол жерде сойып, үстіне һәди екенін білдіретін белгі қалдыру бұйырылған.

Имам Нәуәуи жолда жарамсыз қалған һәдидің етінен оның иесі мен өзге біреудің атынан һәдиді айдап бара жатқан адамға да, қажылық тобындағы бай-кедейдің бәріне де тыйым салыну себебін былай түсіндіреді. Топтағылар етін жеуді көздеп, малды жарамсыз күйге түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай жағдай әр қажылық тобында кездескендіктен, тыйым топтың барлық мүшесіне қатысты. «Малды жолда сойып қалдыру оны жыртқыштарға жем етіп, малды ысырап қылмай ма?» деген уәж айтылуы мүмкін. Бұған берілген жауап мынадай: «Мал ысырап болмайды. Шөл тұрғындары қажылардың аялдаған, қонған жерлеріне барып, олар қалдырған дүниені жинап алатын. Қажылық маусымында да топтар бірінен кейін бірі келетін. Бір топ қонған жерге келесі топ қонатын». Нәуәуи: «Кейін келген топтағы байлар да мұндай еттен жемейді. Өйткені жолда қалдырылған һәди мұқтаждарға ғана арналған», – дейді.

Әли әл-Қаридың айтуынша, нәпіл һәди шалынатын жеріне жетіп, Харам аймағында сойылса, иесіне де, байларға да етін жеуге болады. Ал мал Харамға жетпей, жолда сойылса, оларға жеуге болмайды.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Хаж», 149 (1/381).