Хадис

Кутуб ситтә, № 1513

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
188. Құрбандық түйеге міну
Нөмірі
№ 1513 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1513
Кутуб ситтә, № 1513 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ رَأَى رَجُلًا يَسُوقُ بَدَنَةً فَقَالَ: ارْكَبْهَا. فَقَالَ: إِنَّهَا بَدَنَةٌ. فَقَالَ: ارْكَبْهَا. فَقَالَ: إِنَّهَا بَدَنَةٌ. فَقَالَ: ارْكَبْهَا وَيْلَكَ، فِي الثَّانِيَةِ أَوْ فِي الثَّالِثَةِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ، وَلِلْخَمْسَةِ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ عَنْ أَنَسٍ بِمَعْنَاهُ. زَادَ فِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِيِّ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: «فَلَقَدْ رَأَيْتُهُ رَكِبَهَا وَهُوَ يُسَايِرُ النَّبِيَّ ﷺ وَالنَّعْلُ فِي عُنُقِهَا».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бір адамның құрбандық түйе айдап бара жатқанын көріп: “Түйеге мін”, – деді. Ол: “Бұл құрбандық түйе ғой”, – деді. Алла елшісі: “Мін”, – деп қайталады. Әлгі кісі де: “Бұл құрбандық түйе”, – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.) тағы да: “Мін”, – деді. Екінші не үшінші рет айтқанда: “Қап, сені-ай!” – деген сөз қосты»1.

Бұхаридің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген бір нұсқасында: «Мен әлгі кісінің мойнында белгісі бар түйесіне мініп, Алла елшісімен (с.а.с.) қатар жүріп бара жатқанын көрдім», – делінген.

Түсіндірме

1. «Бүдн» (بُدْنٌ) сөзі тілде түйелерді білдіреді. Құрбандық үкімінде түйе мен сиырдың орны бірдей болғандықтан, фиқһта бұл атау екеуіне де қолданылады.

2. Құрбандық мал жөніндегі аятта былай делінеді:

وَالْبُدْنَ جَعَلْنَاهَا لَكُمْ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ لَكُمْ فِيهَا خَيْرٌ فَاذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ عَلَيْهَا صَوَافَّ

«Құрбандыққа шалынатын ірі қара малды сендер үшін Алланың дінінің айқын нышандарының бірі қылдық. Оларда сендер үшін игілік бар. Олар құрбандыққа шалыну үшін тізіліп тұрғанда, оларды Алланың атын атап бауыздаңдар».2 Аяттағы لَكُمْ فِيهَا خَيْرٌ «Оларда сендер үшін игілік бар» деген тіркесте игіліктің түрі шектелмеген. Бірқатар ғалым бұдан құрбандық түйеге мінуге және сүтін саууға болады деген үкім шығарған. Алдыңғы риуаятта да Алла елшісі (с.а.с.) әлгі кісіден құрбанның түрін сұрамай, түйеге мінуді қайталап айтқан. Сондықтан ол уәжіп құрбан болса да, нәпіл құрбан болса да, мінуге рұқсат деген пікір айтылған.

Ахмад ибн Ханбалдың «Муснәдінде» келген риуаятта Алла елшісінен (с.а.с.) һәдиге міну туралы сұрағанда, لَا بَأْسَ بِهِ «Оқасы жоқ», – деп жауап бергені айтылады.

Уруа, Ахмад, Исхақ және заһири ғалымдары құрбандық малға мінуге шарт қоймай рұқсат берген. Әбу Ханифа, Мәлік, Шафиғи және өзге де көпшілік ғалым бұл рұқсатты қажеттілікпен байланыстырған. Олардың пікірінше, қажеті болмай тұрып міну риуаяттарға қайшы әрі мәкруһ. «Һидая» авторы да рұқсатты мәжбүрлік жағдаймен шектеген. Дәлелдерінің бірі – Ибн Әбу Шәйба келтірген لَا يَرْكَبِ الْهَدْيَ إِلَّا مَنْ لَا يَجِدُ مِنْهُ بُدًّا «Һәдиге басқа шара таппай, мәжбүр болған адам ғана мінсін» деген риуаят. Мәжбүрлікке байланысты берілген рұқсат мәжбүрлік жойылғанда тоқтайды. Мысалы, шаршап мініп алған адам тыныққан бойда түседі. Мүслимнің төмендегі риуаяты да осыны қуаттайды.

  1. 1Бұхари, «Хаж», 103, 112, «Уәсая», 12, «Әдеп», 95. Мүслим, «Хаж», 371 (1322). «Муатта», «Хаж», 139 (1/377). Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 18 (1760). Нәсәи, «Хаж», 74 (5/176). Ибн Мәжа, «Мәнәсик», 100 (3103).
  2. 2«Хаж» сүресі, 36-аят (үзінді).