Хадис

Ыдыс-аяқ туралы

Кутуб ситтә, 1-том, 19-тарау · 5 хадис · № 143–147

Хадистер

143
Кутуб ситтә, № 143 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Хузайфа (р.а.)

عَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «لَا تَلْبَسُوا الْحَرِيرَ وَلَا الدِّيبَاجَ، وَلَا تَشْرَبُوا فِي آنِيَةِ الذَّهَبِ وَلَا الْفِضَّةِ، وَلَا تَأْكُلُوا فِي صِحَافِهِمَا، فَإِنَّهَا لَهُمْ فِي الدُّنْيَا وَلَكُمْ فِي الْآخِرَةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім:

“Жібек пен дибаждан тігілген киім кимеңдер. Алтын мен күміс ыдыстан сусын ішпеңдер, олардың табағынан ас жемеңдер. Өйткені бұлар бұл дүниеде оларға (кәпірлерге), ал ақыретте сендерге арналған”»1.

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) сырын сақтаған сахаба Хузайфа (р.а.) Мәдайндағы бір мәжілісте су сұрайды. Бір мәжуси суды күміс ыдыспен әкеліп береді. Хузайфа ыдысты лақтырып жіберіп: «Суды күміс ыдыспен әкелме деп саған қанша рет ескерттім. Сонда да осы ыдыспен әкеліп отырсың», – деп қатқыл сөйлейді. Содан соң осы тыйымды Алла елшісінен (с.а.с.) естігенін айтады. Осы және осыған ұқсас риуаяттар жібек мата мен одан жасалған бұйымдарға, сондай-ақ алтын мен күміс заттарды қолдануға қатысты үкімдерді баяндайды. Оларды төмендегідей жүйелеуге болады.

1. Ер адамдарға жібек киім кию – харам. Хадисте жібек матаның екі түрі – харир мен дибаж аталады. Харирдің өрімі де, арқауы да жібектен. Дибаж – жібектен тоқылған қалың мата. Бұл жөніндегі риуаяттар әртүрлі. Кейбірінде сахабалардың арасынан жиырма әйелдің жібек кигені, тіпті Алла елшісінің (с.а.с.) өзі кейбір кісілерге жібек кигізгені айтылады. Сондықтан мәзһабтардың жібек киімге қатысты көзқарастары бірдей емес. Мұхаммед ибн Исмаил әс-Санғани «Булуғул-марамға» жазған «Субулус-сәләм» атты түсіндірмесінде оларды былай түйіндейді.

а) Ханафилердің пікірінше, ер адамдарға жібек киім кию – харам. Ені төрт елідей жібекті және өрімі жібек, арқауы басқа жіптен тоқылған матаны қолдануға болады. Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед соғыс кезінде таза жібек киюге рұқсат берген. Жібекпен тысталған көрпе, кілем мен төсенішке отыруға, сүйенуге және жібектен перде жасауға болады.

ә) Шәфиғилердің пікірінше, ер адамдарға жібек киім киюге де, жібек төсенішке отыруға немесе сүйенуге де тыйым салынған. Төсеніштің үстіне мақтадан не басқа матадан жабу төсесе, оған отыруға, сүйенуге болады. Киімдегі жібек тұсын басқа матамен астарламайынша, оны киюге болмайды. Бұл тұрғыдан таза жібек пен құрамының көбі жібек матаның айырмасы жоқ. Тек зәру жағдайда жібек киюге рұқсат.

б) Ханбалилердің кең тараған пікірінше, жібек төсеніште ұйықтау, оған отыру, сүйену, сондай-ақ жібектен перде және басқа бұйым жасау – харам. Тек Қағбаны жібек матамен жабуға рұқсат.

в) Мәликилердің пікірінше, жайсыздық не сырқат себеп болса да, жібек киім киюге рұқсат жоқ. Жібек төсенішке, тіпті үстіне басқа мата жабылса да, отыруға немесе сүйенуге болмайды. Алайда кейбір мәлики ғалымдары жібектің үстіне отыру мен сүйенуді мубах санайды. Жібектен терезе пердесін жасауға рұқсат екеніне олар бірауыздан келіскен. Әйелдерге жібек киім кию халал болғандықтан, жібек төсенішке отыру да барлық мәзһаб бойынша халал.

Жібек киюге тыйым салынуының себептері

Әйелдерге жібек киюдің халал, ерлерге харам болуының себебін түсіндіргенде, әдетте екі жайт айтылады.

1. Жібек киім өркөкіректік пен мақтаншақтыққа себеп болуы мүмкін. Ислам мұндай мінез-құлықты құптамайтындықтан, ер адамдарға жібек киюге тыйым салған.

2. Жібек – сән-салтанаттың бір құралы. Ер кісіге сәнқойлықтан гөрі батылдық пен мәрттік жарасады. Дініміздегі бұл тыйымның өзге де хикметтері болуы мүмкін. Аталған екі себептің екеуі де кездеспейтін жағдайда жібек киюдің харамдығы сақталады.

3. Хузайфа (р.а.) жеткізген хадистің екінші бөлігінде алтын және күміс ыдыстарды пайдалануға тыйым салынған. Бұл тыйымның харамды білдіретініне ғалымдар бірауыздан келіскен. Мұндай ыдыстарды ас-суға ғана емес, басқа мақсатта да пайдалану ерге де, әйелге де харам деп танылған. Алтын мен күмістен жасалған хош иіс түтеткішті, қасықты, жұпар құтысын, дәрет құманы мен шылапшынды қолдану да осы үкімге жатады. Бұл жөнінде де ғалымдардың ортақ келісімі бар делінеді. Дегенмен Әбу Юсуф мұны мәкруһ санаса, Имам Мұхаммед белгілі шарттармен рұқсат еткен. Бір сөзінде ол: «Бұлармен сәндену – нығметті таныту», – деген. Бұл мәселеде ыдыстың құрамындағы алтын мен күмістің мөлшері де ескеріледі. Ыдыс алтын не күміспен қапталуы, өрнектелуі немесе жасалған материалына осы металдар араластырылуы мүмкін. «Субулус-сәләмде» былай түсіндіріледі: «Алтын не күміс жалатылған ыдыс жөнінде пікір әртүрлі. Кейбір ғалымдардың айтуынша, алтынды не күмісті ыдыстан бөліп алуға болса, оны қолданудың харам екеніне ғалымдар келіскен. Өйткені мұндай ыдысты қолданған кісі алтынды не күмісті пайдаланған болады. Ал бөліп алу мүмкін болмаса, ол харам саналмайды. Алтынмен не күміспен қапталған ыдыстан ас ішуді ғалымдар бірауыздан рұқсат деп таныған».

4. Хадистерде әйелдердің алтын мен күмісті әшекей ретінде тағуына, жібектен тігілген киім киюіне тыйым салынбаған. Бұл тыйым ерлерге қатысты. Ал алтын мен күмістен жасалған тұрмыстық бұйымдарды пайдалануға ерлерге де, әйелдерге де тыйым салынған.

5. «Ерлерге харам болған жібек ұл балаға да харам ба?» деген сауалға біржақты жауап берілмеген. Кей ғалымдар оны харам десе, енді біреулері бала мүкәлләф2 болмағандықтан, харам деп кесіп айтуға болмайтынын білдірген. Дегенмен тәрбие тұрғысынан ұл баланы жастайынан киім кию әдебіне баулыған жөн. Сондықтан жібек киюді ұл балаға харам демегеннің өзінде мәкруһ санаған.

6. Жүзікке келсек, әйелдерге алтын да, күміс те жүзік тағу халал. Бұл жөнінде талас жоқ. Ерлерге күміс жүзік тағу да халал. Ал алтын жүзікке қатысты пікірлер әртүрлі. Басым көзқарас бойынша, ерлерге алтын жүзік тағу – харам. Рұқсат берген фақиһтер Бәра ибн Азибтің (р.а.) алтын жүзік тағып жүргені туралы риуаятқа сүйенеді. Неліктен бұл жүзікті тағып жүресің деп сұрағанда, Бәра: «Мұны маған Алла елшісі (с.а.с.) сыйлады. Жүзікті саусағыма өзі тағып: “Алла мен Оның елшісі сыйлаған осы жүзікті тақ!” – деген еді», – деп жауап берген. Бұл риуаят алтын жүзіктің рұқсат екенін меңзегенімен, оны харам санағандар күштірек дәлел келтіреді. Хадистануда екі риуаяттың бірі бір нәрсені харам, екіншісі халал деп көрсетсе, сақтық үшін тыйым салған риуаят басшылыққа алынады. Осы қағидаға сай алтын жүзікке тыйым салған риуаяттар негізге алынады. Бәра жеткізген риуаяттағы рұқсаттың күші кейін жойылған деген де пікір бар. Алайда бұл уәж әлсіз. Өйткені оған қойылған сұрақтың астарында «Тыйым салынғанын біле тұра неге тағып жүрсің?» деген мағына жатыр. Бұл оқиғаның тыйым салынғаннан кейін болғанын аңғартады. Ерлерге құда түскенде алтын жүзік тағуға рұқсат берген ғалымдар мына екі уәжге сүйенген.

а) Құда түскенде тағылатын жүзікті адам мақтан үшін тақпайды. Оны тәбәрік санап, қалыптасқан салтты ұстану үшін тағады.

ә) Осы мақсатқа жұмсалатын алтынның мөлшері аз болғандықтан, оны ысырапқа жатқызбайды.

«Харам емес» дегеннің өзінде, оның мәкруһ саналатынын естен шығармаған жөн. Харамдық үкімінің негізі, яғни илләті – шариғаттың тыйымы. Ал әлгі екі уәж тыйымның хикметтері мен көздеген игіліктеріне қатысты. Шариғат бір нәрсеге тыйым салғанда, оның барлық хикметін санамалап бермейді. Кейде біреуін не бірнешеуін ғана атайды. Сол хикметтердің бірін үкімнің негізі деп қабылдау үлкен қателікке соқтырады. Құда түскенде жүзік тағуды ғұрыптық зәрулік деудің өзі даулы. Мұндай әдет Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетінде де, алғашқы буын мұсылмандардың ғұрпында да болмаған. Бұл әдет мұсылман үмбетіне кейін енген. Оны жақсы бидғат санайтын пікір бар. Дегенмен жүзікті күмістен немесе платина сияқты рұқсат етілген металдан жасауға болатын жерде, харам екені анық алтыннан жүзік тағуға рұқсат беруді дін мен тақуалыққа сай көрмейміз. «Рұқсат, бірақ мәкруһ» деген пәтуа жауапкершілікті біршама жеңілдетуі мүмкін.

  1. 1Бұхари, «Әтғима», 28, «Әшриба», 28, «Либас», 25. Мүслим, «Либас», 4 (№ 2067). Тирмизи, «Әшриба», 10 (№ 1878, Жананда № 1879). Әбу Дәуіт, «Әшриба», 17 (№ 3723). Нәсәи, «Зинәт», 87 (8/198–199). Ибн Мәжа, «Әшриба», 17 (№ 3414).
  2. 2Балиғатқа жеткен ұл-қызға шариғат міндеттері жүктеледі. Олар өз істері үшін ақыретте жауап береді. Балиғаттың белгілеріне ұлдың шәует бөлуі мен қыздың етеккірінің келуі жатады. Бұл белгілердің байқалу жасы әр балада әртүрлі.
144
Кутуб ситтә, № 144 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Үммі Сәләма (р.а.)

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الَّذِي يَشْرَبُ فِي إِنَاءِ الْفِضَّةِ إِنَّمَا يُجَرْجِرُ فِي بَطْنِهِ نَارَ جَهَنَّمَ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ. وَلِمُسْلِمٍ فِي أُخْرَى: «مَنْ شَرِبَ فِي إِنَاءٍ مِنْ ذَهَبٍ أَوْ فِضَّةٍ فَإِنَّمَا يُجَرْجِرُ فِي بَطْنِهِ نَارًا مِنْ جَهَنَّمَ».

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләмә (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Күміс ыдыстан сусын ішкен кісі қарнына тозақ отын құйып жатыр”, – деді».

Мүслимнің өзге бір риуаятында: «Кім алтын не күміс ыдыстан сусын ішсе, қарнына тозақ отын құйып жатыр», – делінген.1

Түсіндірме

Хадисте «құйып жатыр» деп аударылған «южәржиру» сөзі сұйықтың шарылдап құйылуын білдіреді. Бұл риуаятта күміс қана аталады. Ал алдыңғы 143-хадисте және Мүслимнің өзге риуаятында алтын да айтылған. Алла елшісі (с.а.с.) алтын-күміс ыдыстан ас-су ішуді тозақ отының қарынға шарылдап құйылуына теңейді. Өңештен өткен ас пен сусын тозақтың күйдіргіш сұйығындай елестейді. Бұл теңеу тыйымның қаншалықты қатаң екенін аңғартады.

  1. 1Бұхари, «Әшриба», 28. Мүслим, «Либас», 1 (№ 2065). «Мууатта», «Сифатун-нәби», 11 (2/924–925). Ибн Мәжа, «Әшриба», 17 (№ 3413).
145
Кутуб ситтә, № 145 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا نَغْزُو مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَنُصِيبُ مِنْ آنِيَةِ الْمُشْرِكِينَ وَأَسْقِيَتِهِمْ، فَنَسْتَمْتِعُ بِهَا، فَلَا يَعِيبُ ذَلِكَ عَلَيْنَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Біз Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жорыққа шығатынбыз. Мүшріктерден түскен ыдыс-аяқ пен торсықтарды пайдаланатынбыз. Алла елшісі мұнымызды айыптамайтын»1.

Түсіндірме

Бұл жөнінде 147-хадистің түсіндірмесінде айтылады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әтғима», 46 (№ 3838).
146
Кутуб ситтә, № 146 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.)

وَعَنْ أَبِي ثَعْلَبَةَ الْخُشَنِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا بِأَرْضِ قَوْمٍ أَهْلِ كِتَابٍ، أَنَأْكُلُ فِي آنِيَتِهِمْ؟» قَالَ: «إِنْ وَجَدْتُمْ غَيْرَ آنِيَتِهِمْ فَلَا تَأْكُلُوا فِيهَا، فَإِنْ لَمْ تَجِدُوا فَاغْسِلُوهَا وَكُلُوا فِيهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لَهُ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағлаба әл-Хушәни (р.а.) былай дейді: «Мен Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Біз Кітап иелері тұратын жердеміз. Олардың ыдысынан ас іше аламыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Басқа ыдыс тапсаңдар, олардың ыдысынан ас ішпеңдер. Басқа ыдыс табылмаса, оны жуып, содан кейін ас ішіңдер”, – деді»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әтғима», 46 (№ 3839). Тирмизи, «Сияр», 11 (№ 1560). Тирмизи хадисті сахих деп бағалаған. Мәтін Тирмизидің нұсқасынан алынған.
147
Кутуб ситтә, № 147 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «تَوَضَّأَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بِالْحَمِيمِ فِي جَرِّ نَصْرَانِيَّةٍ وَمِنْ بَيْتِهَا». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ. قُلْتُ: وَتَرْجَمَ بِهِ الْبُخَارِيُّ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Омар (р.а.) мәсіхші әйелдің үйіндегі құмырадағы жылы сумен дәрет алды»1.

Түсіндірме

145-хадистен мұсылмандарға мүшріктердің ыдысын қолдануға жалпы рұқсат етілгені аңғарылады. 146-хадисте мұның қандай жағдайда шектелетіні айтылады. Осы жөніндегі риуаяттарды бірге қарастырған ғалымдар ыдыстың бұрын неге пайдаланылғанын ескеруді ұйғарған. Ыдыстың дініміз нәжіс санайтын нәрсеге қолданылғаны белгілі болса, оны жумай пайдалануға болмайды. Мәселен, шошқа еті пісірілген қазанды, ішімдік ішілген ыдысты жуу керек. Ал суы мен киімі, мұсылмандардікі сияқты, әуелде таза саналады. Киімге нәжіс тигені белгілі болса немесе оның түсі, иісі сияқты ізі байқалса, оны жуып тазаламай қолдануға болмайды. Бұл үкім олжаға түскен заттарды да, сатып алынған немесе сыйға берілген заттарды да қамтиды. Бұхари 147-риуаятты кейбір рауилері аталмаған мұғаллақ түрде «Ер кісінің әйелімен бірге дәрет алуы және әйелден артылған дәрет суы» тарауының басында келтірген. Ибн Хажар бұл риуаяттың Имам Шафиғи мен Абдурраззақтың еңбектерінде сахих иснадпен берілгенін айтады. Бұхари оны ер адамның әйелден артылған сумен дәрет алуына рұқсат екенін аңғарту үшін келтірген делінеді. Өйткені ол су мәсіхші әйелден артылған су болуы мүмкін. Олай болса, мұсылман әйелден артылған сумен дәрет алуға да болады. Осы риуаяттан мәсіхшілердің суын алдын ала тексермей-ақ пайдалануға рұқсат деген тұжырым жасалған. Имам Шафиғи «Әл-Умм» еңбегінде: «Мүшріктердің суымен дәрет алудың және тазалыққа пайдаланған суында нәжістің ізі көрінбесе, қалған сумен дәрет алудың оқасы жоқ», – дейді. Әбу Ханифа мен шәкірттері, Әузағи, Суфиян әс-Сәури, Имам Шафиғи және оның шәкірттері де осы пікірді ұстанған. Ал заһирилер, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһауәйһ мүшріктен артылған сумен дәрет алуды мәкруһ санаған.

  1. 1Бұл риуаятты Рәзин келтірген. Бұхари «Дәрет» кітабының 43-тарауының кіріспесінде Омардың жылы сумен дәрет алғаны және мәсіхші әйелдің үйіндегі суды пайдаланғаны туралы екі хабарды бөлек келтірген. Рәзиннің нұсқасында олар бірге берілген. Дұрысын Алла біледі.