Хадис

Алла елшісінің есімі мен күньясын қолдану

Кутуб ситтә, 1-том, 18-тарау · 8 хадис · № 135–142

Хадистер

135
Кутуб ситтә, № 135 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَوْمًا فِي الْبَقِيعِ، فَسَمِعَ قَائِلًا يَقُولُ: يَا أَبَا الْقَاسِمِ، فَرَدَّ رَأْسَهُ إِلَيْهِ، فَقَالَ الرَّجُلُ: “لَمْ أَعْنِكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّمَا دَعَوْتُ فُلَانًا”. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “تَسَمَّوْا بِاسْمِي وَلَا تَكَنَّوْا بِكُنْيَتِي”». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) әл-Бақиғта, Мәдинаның қорымында, жүргенде, біреудің “Уа, Әбу Қасым!” деп шақырғанын естіді. Ол кісі дауыс шыққан жаққа бұрылды. Сонда әлгі адам: “Уа, Алла елшісі! Сізді шақырған жоқпын, пәленшені шақырдым”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Менің есімімді алыңдар, бірақ күньямды алмаңдар”, – деді»1.

Түсіндірме

Исламда балаға, тіпті затқа ат қоюға мән берілетінін жоғарыда айттық. Алла елшісінің (с.а.с.) есімі мен күньясын қолдану мәселесі де арнайы қарастырылған. Осы хадисте оның есімін алу мен күньясын алудың үкімі бөлек айтылған. Бұл мәселеде әртүрлі түсінікке негіз болатын көптеген хадис бар. Олардың бір бөлігі осы тарауға енді. Ғалымдар тақырыпты түсіндіргенде «Кутуб әс-ситтадан» тыс жинақтардағы риуаяттарға да сүйенген. Олардың кейбірінде Алла елшісі (с.а.с.) дүниеден өткеннен кейін оның күньясын қолдануға болатыны айтылады.

Риуаяттар әртүрлі болғандықтан, ғалымдар бұл мәселеде бірнеше пікір ұстанған.

1. Имам Шафиғи мен заһири мазһабының өкілдері жоғарыдағы және осыған ұқсас хадистердің сыртқы мағынасына сүйеніп, Алла елшісінің (с.а.с.) «Әбу Қасым» деген күньясын ешкімге алуға болмайды деп санаған.

2. Имам Мәлик пен алғашқы буын ғалымдарының бір тобы бұл тыйым исламның алғашқы кезеңіне ғана қатысты болып, Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін күші жойылған деп санаған. Олардың пікірінше, қалаған адам «Әбу Қасым» күньясын ала алады. Имам Нәуәуи осы пікірді қолдап, мұсылман үмбетінің ғасырлар бойы бұл күньяны қолданып келе жатқанын дәлел етеді. Ол жоғарыдағы хадиске тоқталып, мұсылмандар Алла елшісінің (с.а.с.) тыйымын оның көзі тірісіне ғана қатысты деп түсінгенін, дүниеден өткеннен кейін бұл күньяны қолдануға болады деп пәтуа бергенін айтады.

3. Үшінші пікір бойынша, Мұхаммед не Ахмад есімді адамдарға «Әбу Қасым» күньясын алуға тыйым салынады. Басқа есімдегілер оны қолдана алады. Бұл пікірді Жәбирден (р.а.) жеткен мәрфуғ риуаят қуаттайды (№136 хадис).

4. Төртінші пікір бойынша, тыйымның күші жойылмаған. Дегенмен «Әбу Қасым» күньясын алу харам саналмайды. Алла елшісіне (с.а.с.) құрмет ретінде бұл күньяны алудан сақтанған жөн. Мұны мәкруһ тәнзиһи деп бағалаған. Мұхаммед ибн Әбу Жәмра осы пікірді қолдаған.

5. Бесінші пікір бойынша, «Әбу Қасым» күньясын алу мүлде харам. Бұл тыйым толық орындалуы үшін балаға Қасым деп ат қоюға да тыйым салу керек. Өйткені баласын Қасым деп атаған әкенің «Әбу Қасым» аталып кетуіне тосқауыл қою қиын. Бұл пікірді бірінші ұстанымды барынша қатаң түсінгендер айтқан. Осы пікірді қолдаған Мәруан ибн Хакам Қасым есімді ұлының атын Абдулмәлик деп өзгерткен.

6. Алтыншы пікір бойынша, «Әбу Қасым» күньясын алуға да, балаға Мұхаммед деп ат қоюға да тыйым салынған. Бұл пікірді ұстанғандар әзірет Омардың (р.а.) «Ешкімге пайғамбарлардың есімін қоймаңдар» деген әміріне сүйенеді. Бұл әмірге Алла елшісінің (с.а.с.) «Балаларыңа Мұхаммед деп ат қоясыңдар да, кейін оларды қарғайсыңдар» деген сөзі негіз болған. Ахмад ибн Ханбал мен Табарани мына оқиғаны риуаят еткен.

«Бірде әзірет Омар (р.а.) біреудің Мұхаммед ибн Абдулхамидке “Уа, Мұхаммед! Алла жаныңды алсын!” деп тіл тигізгенін естиді. Содан кейін Мұхаммед ибн Зәйд ибн Ахтабқа хабар жіберіп, “Сенің кесіріңнен Алла елшісіне тіл тигенін қаламаймын” деп, есімін Абдуррахманға өзгертуді бұйырады. Омар жұрт ұрыс-керіс үстінде Мұхаммед есімді адамға ауыр сөз айтса, мұның өзі Алла елшісіне (с.а.с.) құрметсіздік болады деп есептеген. Сондықтан Мұхаммед есімін қоюға жаппай тыйым салмақ болады. Осы мақсатпен Мұхаммед есімді жеті адамы бар Бәну Талха әулетін шақырып, мәселенің мәнін түсіндіреді. Сонда олардың ішіндегі жасы үлкен Мұхаммед әзірет Омарға (р.а.) былай дейді:

– Аллаға ант етемін, Мұхаммед деген атты маған Алла елшісінің (с.а.с.) өзі қойған. Мұны естіген әзірет Омар (р.а.) оларға:

– Ендеше, бара беріңдер. Ешкім есімдеріңе тиісе алмайды, – дейді».

Бұл риуаят әзірет Омардың (р.а.) Мұхаммед есімін қоюға тыйым салу туралы шешімінен қайтқанын көрсетеді.

7. Соңғы пікір бойынша, Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде оның есімін иеленгендерге «Әбу Қасым» күньясын алуға тыйым салынған. Басқа есім иелері Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғаннан кейін бұл күньяны ала алады.

Ғалымдар «Әбу Қасымнан» өзге күньяларды қолдануға болатынына бірауыздан келіскен.

Бұл пікірлердің бәрі Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабалардан жеткен деректерге сүйенеді.

Бұхаридегі тасаууфқа қатысты риуаяттарға «Бәһжат ән-нуфус» атты түсіндірме жазған Мұхаммед ибн Әбу Жәмраның пікірі мынадай: «Рұқсат беретін үшінші пікір басым болғанымен, бірінші пікірді ұстанған абзал. Сонда адам күмәнді амалдың жауапкершілігінен сақтанады әрі Алла елшісіне (с.а.с.) көбірек құрмет көрсетеді».

  1. 1Бұхари, «Мәнәқиб», 20 (№3537), «Әдеп», 106. Мүслим, «Әдеп», 1 (№2131). Тирмизи, «Әдеп», 68 (№2841, Жанан басылымындағы нөмірі – 2844).
136
Кутуб ситтә, № 136 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Жәбир (р.а.)

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «وُلِدَ لِرَجُلٍ مِنَّا غُلَامٌ فَسَمَّاهُ الْقَاسِمَ، فَقُلْنَا: “لَا نُكَنِّيكَ أَبَا الْقَاسِمِ، وَلَا نُنْعِمُكَ عَيْنًا”. فَأَتَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَذَكَرَ لَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: “أَسْمِ ابْنَكَ عَبْدَ الرَّحْمَنِ”». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ: «تَسَمَّوْا بِاسْمِي وَلَا تَكَنَّوْا بِكُنْيَتِي، فَإِنِّي إِنَّمَا جُعِلْتُ قَاسِمًا أَقْسِمُ بَيْنَكُمْ». وَفِي أُخْرَى لِأَبِي دَاوُدَ قَالَ: «مَنْ تَسَمَّى بِاسْمِي فَلَا يَكْتَنِي بِكُنْيَتِي، وَمَنْ تَكَنَّى بِكُنْيَتِي فَلَا يَتَسَمَّى بِاسْمِي».

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Арамыздағы бір кісі ұлды болып, баласына Қасым деп ат қойды. Біз оған: “Сені Әбу Қасым деп атамаймыз, солай атап көңіліңді де көтермейміз”, – дедік. Ол Алла елшісіне (с.а.с.) барып, мән-жайды баяндады. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Ұлыңның атын Абдуррахман қой”, – деді».

Бір риуаятта мына сөздер де бар: «Менің есімімді алыңдар, бірақ күньямды алмаңдар. Мен араларыңда үлес бөліп беруші болып тағайындалдым».

Әбу Дәуіттің басқа бір нұсқасында: «Кім менің есімімді алса, күньямды алмасын. Кім күньямды алса, менің есімімді алмасын», – делінген1.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 105, 106 (№6189), 109, «Мәнәқиб», 20. Мүслим, «Әдеп», 2 (№2133). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 75 (№4966). Тирмизи, «Әдеп», 68 (№2842, Жанан басылымындағы нөмірі – 2845).
137
Кутуб ситтә, № 137 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша (р.а.)

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ امْرَأَةً قَالَتْ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي وَلَدْتُ غُلَامًا فَسَمَّيْتُهُ مُحَمَّدًا وَكَنَّيْتُهُ أَبَا الْقَاسِمِ، فَذُكِرَ لِي أَنَّكَ تَكْرَهُ ذَلِكَ». فَقَالَ: «مَا الَّذِي أَحَلَّ اسْمِي وَحَرَّمَ كُنْيَتِي؟» أَوْ: «مَا الَّذِي حَرَّمَ كُنْيَتِي وَأَحَلَّ اسْمِي؟». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп:

– Уа, Алла елшісі! Ұл туып, атын Мұхаммед, күньясын Әбу Қасым қойдым. Мұны құптамайтыныңызды естідім, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Есімімді алуды халал, күньямды алуды харам еткен не?” немесе “Күньямды алуды харам, есімімді алуды халал еткен не?” – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) есімі мен күньясын алуға рұқсат берілгені аңғарылады. Хадиске түсіндірме жазған ғалымдар риуаяттың жеткізілу тізбегі әлсіз екенін айтады2.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 76 (№4968).
  2. 2Әбу Дәуіт, «Әдеп», 76 (№4968).
138
Кутуб ситтә, № 138 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ مُحَمَّدِ ابْنِ الْحَنَفِيَّةِ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنْ وُلِدَ لِي مِنْ بَعْدِكَ وَلَدٌ أُسَمِّيهِ بِاسْمِكَ وَأُكْنِيهِ بِكُنْيَتِكَ؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَهَذَا لَفْظُهُ، وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ، وَزَادَ فِيهِ: «قَالَ: فَكَانَتْ رُخْصَةً لِي».

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн әл-Ханафия әкесі әзірет Әлидің (р.а.) былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Сіз дүние салғаннан кейін ұлды болсам, оған сіздің есіміңіз бен күньяңызды берсем бола ма?” – деп сұрадым. Ол кісі: “Иә”, – деді». Тирмизи нұсқасында әзірет Әли (р.а.): «Бұл маған берілген рұқсат еді», – дейді1.

Бұл хадистерге қатысты түсіндірме №135 хадистен кейін берілді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 76 (№4967). Тирмизи, «Әдеп», 68 (№2843, Жанан басылымындағы нөмірі – 2846). Негізгі мәтін Әбу Дәуіттен алынған. Тирмизи хадисті сахих деп бағалаған.
139
Кутуб ситтә, № 139 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ، أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَمَرَ بِتَسْمِيَةِ الْمَوْلُودِ يَوْمَ سَابِعِهِ، وَوَضْعِ الْأَذَى عَنْهُ، وَالْعَقِّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб әкесінен, әкесі атасынан былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәбиге туғанының жетінші күні ат қоюды, үстіндегі кірін кетіруді және ақиқа құрбанын шалуды бұйырды».1

  1. 1Тирмизи, «Әдеп» (№ 2832). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 2/447.
140
Кутуб ситтә, № 140 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Айша (р.а.)

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُؤْتَى بِالصِّبْيَانِ فَيَدْعُو لَهُمْ بِالْبَرَكَةِ وَيُحَنِّكُهُمْ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісіне (с.а.с.) сәбилерді әкелетін. Ол оларға береке тілеп дұға ететін де, таңдайларына жұмсартылған құрма жағатын».1

  1. 1Мүслим, «Әдеп» (№ 2147). Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№ 5106). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 2/447.
141
Кутуб ситтә, № 141 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Рафиғ (р.а.)

وَعَنْ أَبِي رَافِعٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَذَّنَ فِي أُذُنِ الْحَسَنِ بْنِ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ حِينَ وَلَدَتْهُ فَاطِمَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا بِالصَّلَاةِ». وَزَادَ رَزِينٌ: «وَقَرَأَ فِي أُذُنِهِ سُورَةَ الْإِخْلَاصِ، وَحَنَّكَهُ بِتَمْرَةٍ، وَسَمَّاهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Рафиғ (р.а.) былай дейді: «Фатима (р.а.) Әлидің ұлы Хасанды (р.а.) дүниеге әкелгенде, Алла елшісінің (с.а.с.) сәбидің құлағына намаз азанын оқығанын көрдім»1.

Рәзин келтірген қосымшада: «Сәбидің құлағына “Ықылас” сүресін оқыды, таңдайына құрма жақты және атын қойды», – делінген.2

Түсіндірме

Жаңа туған нәрестеге қатысты бірқатар рәсім бар. Солардың маңыздылары №139–141 хадистерде баяндалған. Тахник жайын №124 хадистің түсіндірмесінде сөз еттік. Енді нәрестені жөргекке ораудан бастап, сәби дүниеге келгенде жасалатын рәсімдерге тоқталамыз.

Жөргек

Бірқатар хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ай-күні жеткен қызы Фатимаға (р.а.) ерекше көңіл бөлгені айтылады. Фатима босанарда қасында болған Сәуда бинт Мисрахтың риуаяты нәрестеге жасалған алғашқы істің бірі оны жөргекке орау болғанын көрсетеді. Фатиманың толғағы басталғанда Алла елшісі келіп, қызының халін сұрайды. «Фатима босанғанда маған хабар бермей тұрып, балаға ештеңе істемеңдер!» – деп ескертеді. Фатима босанған соң Сәуда баланың кіндігін кесіп, сары жөргекке орайды. Көп ұзамай Алла елшісі (с.а.с.) келіп, қызының босанған-босанбағанын, халінің қалай екенін сұрайды. Сәуда «Уа, Алла елшісі! Халі жақсы. Ұл туды. Кіндігін кесіп, сары жөргекке орадым» дегенде, ол ренжіп: «Сөзіме құлақ аспапсың», – дейді. Сәуда: «Аллаға және Оның елшісіне қарсы келуден Аллаға сыйынамын, уа, Алла елшісі! Тек кіндігін кестім. Оған мәжбүр болдым», – деп жауап береді. «Баланы маған әкел», – дейді Алла елшісі. Сәби қолына тигенде, сары жөргекті шешіп, орнына ақ жөргек орайды. Содан кейін өз сілекейін сәбидің аузына жағып, жұтқызады. Ақырында Әлиді (р.а.) шақырып, балаға қандай ат қойғанын сұрайды…

Әлиден (р.а.) жеткен бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Фатимаға (р.а.): «Босанған соң баланы емізбей тұрып маған хабар бер. Мен келгенше емізбе!» – деген. Әлидің айтуынша, Фатима Хасанды дүниеге әкелгенде осы сөзді бұлжытпай орындаған. Хұсейн туғанда, Алла елшісі келмей жатып емізіп қойған. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Хасанның аузына өзі білмейтін бір нәрсе салғанын айтқан Әли Хасанның Хұсейннен білімдірек болуын осыған жорыған.

Алғашқы қорек (тахник)

Осы екі риуаяттан Алла елшісінің (с.а.с.) нәрестенің аузына алғаш түсетін нәрсеге мән бергенін аңғарамыз. Ол ана сүтінен өзге нәрсе болған. Мұндай қамқорлықты Алла елшісі өз немерелеріне де, өзге мұсылмандардың балаларына да көрсеткен. Айша анамыздың (р.а.) айтуынша, сахабалар жаңа туған сәбиді Алла елшісіне әкелетін. Ол сәбиге береке тілеп, тахник жасайтын. Әбу Мұсаның ұлы Ибраһим, Мұнзир ибн Әбу Үсәйд, Абдулла ибн Аббас пен Абдулла ибн Зүбәйр де солардың қатарында. Әнәстің айтуынша, анасы Үммү Сүләймнің ай-күні жақындағанда, Алла елшісі (с.а.с.) оған Әнәс арқылы: «Кіндігін кескенде маған хабар бер. Мен келгенше балаға ештеңе берме», – деп сәлем жолдайды. Үммү Сүләйм айтқанын орындайды. Әнәс сәбиді алып келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) бақта отырған еді. Ол сәбиді қолына алып, үш әжуа құрмасын шайнап, баланың таңдайына жағады. Кей еңбектерде тахникке әкелінген сәбилердің Алла елшісінің (с.а.с.) киімін былғап қойғаны да айтылады. Алла елшісінің Фатима мен Үммү Сүләймге балаға өзінен бұрын ештеңе бермеуді тапсыруы осы іске қаншалық мән бергенін көрсетеді. Шарх авторы бұған Әлидің Хасан мен Хұсейн туралы жоғарыдағы сөзін де дәлел етеді. Мұсылман тәрбиешілері осы сүннетті сәбиді дін ғалымына апарып, тахник жасату арқылы жалғастырған.

Дұға

Сәби дүниеге келгенде жасалатын алғашқы істердің бірі – дұға қылып, бата беру. Мүслімнің Айша анамыздан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) тахникке әкелінген балаларға дұға жасағаны айтылады. Әбу Дәуіт келтірген риуаятта да Айша анамыз Пайғамбарымыздың алдына әкелінген сәбилерге береке тілегенін баяндайды. Бұхаридің «Сәбилерге береке тілеп, дұға жасау және басын сипау» деген арнайы тарау арнауы мұның сүннеттегі орнын көрсетеді. Сәбилі болғанда дастархан жаюдың бір мақсаты балаға ізгі кісілердің батасын алу болғанын Мұғауия ибн Қурраның мына сөзінен аңғарамыз. «Ұлым Ияс дүниеге келгенде, бір топ сахабаны қонаққа шақырып, ас бердім. Астан соң олар игі тілек айтып, дұға қылды. Мен оларға “Дұға жасадыңыздар. Алла сол дұғаларыңыз үшін сіздерді берекеге бөлесін. Енді мен ұлыма дұға етейін, сіздер ‘әмин’ деңіздер” дедім. Сосын ұлымның діндар, ақылды болуын тілеп, ұзақ дұға қылдым…» Балаға арналған дұға туған күнгі тахникпен шектелмейді. Алла елшісінің жасы үлкен балаларға да дұға жасағаны мағынасы тәуәтур дәрежесіне жеткен риуаяттарда баяндалады. Мәселен, Алла елшісі Хасан мен Хұсейнге «Әғузу би кәлиматиллаһит-таммәти мин күлли шайтанин уә һаммәтин уә мин күлли ғайнин ләммәтин» деп дұға жасаған. Мағынасы «Алланың кемел сөздеріне әрбір шайтаннан, улы жәндіктен және сұқ көзден қорғанып сыйынамын». Осы дұғамен Ибраһим пайғамбардың (а.с.) да Исмайыл мен Исхаққа Алладан пана тілегенін айтқан (Бұхари, №3371). Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) ансарлардың үйіне жиі барып, халін сұрайтын. Жақындағанын көрген ансар балалары жүгіріп келіп, оны қоршап алатын. Пайғамбарымыз балалармен амандасып, жақсылық тілеп, дұға жасайтын.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бала күнімде Алла елшісі (с.а.с.) мені құшақтап, “Уа, Алла, бұған хикметті үйрете көр!” – деп дұға жасады». Ал Әнәске Алладан мал-мүлкі мен бала-шағасының көп болуын, ұзақ өмір, садақасының қайырлы болуын тілеген. Шархта дұға мүміннің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры деп сипатталады.

Тәлқин (азан мен қамат)

Тәлқин деп нәрестенің құлағына азан мен қамат оқуды айтады. Жоғарыдағы риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) Хасан дүниеге келгенде құлағына намаз азанын оқығаны айтылады. Хұсейн туралы да осындай риуаят жеткен. Тағы бір риуаятта нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқылса, оған Үммү Сыбиян деп аталған жынның зияны тимейтіні баяндалады. Бұл риуаяттың иснады әлсіз деп бағаланған. Ал жоғарыдағы Хасан туралы хадисті Хаким сахих, Тирмизи хасан сахих деп бағалаған. Шарх авторы осы хадистен тілге келмеген сәбидің тәрбиесіне де алғашқы күннен көңіл бөліп, құлағына ізгі сөз сіңірудің мәнін аңғарады. «Тәрбие тал бесіктен басталып, қабірге дейін жалғасады» деген мұсылман тәрбиешілерінің ұстанымын да осындай хадистермен байланыстырады.

Сүйінші

Баланы «жүректің жемісі, көздің нұры» деп сипаттаған Алла елшісі үшін сәбидің дүниеге келуі үлкен қуаныш еді. Ұлы Ибраһим дүниеге келгенде, сүйінші хабар әкелген азаткері Әбу Рафиғқа бір құлды сыйға берген. Сахабалардың амалынан да осы дәстүрдің көрінісін көреміз. Имам Бұхари «Әл-Әдәб әл-муфрад» еңбегінде осы тақырыпқа «Әд-дағуату фил-уәлад» («Бала дүниеге келгенде қонақ шақыру») деген тарау арнаған. Ибн Хажар да сәбилі болғанда қонақ шақырып, ас беруді шариғат құптайтын іс деп түсіндірген. Осы орайда Мұғауия ибн Қурраның ұлы дүниеге келгенде сахабаларды қонақ етіп, олардың балаға дұға жасағанын мысалға келтіреді. Құранда дүниеге келетін перзент туралы хабар сүйінші түрінде берілген. Исмайыл, Исхақ, Яқуб пен Яхияның дүниеге келетіні сүйіншіленген. Нәресте ұл болсын, қыз болсын, оның дүниеге келгенін сүйіншілеп, ата-анасын құттықтау қажет. Ал жаһилия дәуірінде арабтар ата-ананы ұл дүниеге келгенде және қыз қайтыс болғанда құттықтайтын болған.

Жетінші күн

Абдулла ибн Аббастан (р.а.) жеткен бір риуаятта нәресте дүниеге келгеннен кейінгі жетінші күнге қатысты мына істер аталады.

1. Ат қою және сүндетке отырғызу.

2. Нәрестенің денесіндегі қан мен өзге де ласты сүртіп тазалау.

3. Қыз баланың құлағын тесу.

4. Ақиқа құрбанын шалу.

5. Шашын алу.

6. Алынған шаштың салмағындай алтын не күміс садақа беру.

Дихлауи ақиқа мен оған байланысты істердің жетінші күнге қалдырылуын былай түсіндіреді. Алғашқы күндері үй-іші бар уақытын босанған ана мен нәрестеге арнайды. Құрбандыққа мал іздеу секілді істерге кейінірек мұрша табады.

Ат қою

Алла елшісі (с.а.с.) балаға ат қоюға ерекше көңіл бөлген. Бірқатар хадисте оның нәрестеге туған күні ат қойғаны айтылса, енді бір риуаяттарда жетінші күні ат қойғаны баяндалады. Бұхари осы айырмашылықты тарау атауымен аңғартқан. Ол тарауды «Ақиқа шалмайтын кісінің нәрестеге туған күні кешке ат қоюы» деп атаған. Ибн Хажардың айтуынша, осы тарауда аты дүниеге келген күні қойылған нәрестелер үшін ақиқа шалынғаны нақты айтылмайды. Төменде баяндалатын пікір бойынша, ақиқа – ұнамды, ел ұстанып келе жатқан амал. Есімді жетінші күнге дейін қоюға болмайды деуге аят пен хадистен де, қисыннан да негіз табылмайды. Автор осы тұста шетінеген шаранаға да ат қойып жерлеу жөніндегі риуаятты алға тартады. Ат қоярда ең әуелі есімнің жақсы мағыналы, көркем болуына мән беріледі. Алла елшісі (с.а.с.) жақсы есім қоюды әкенің бала алдындағы міндеттерінің бірі деп санаған. Ол: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса, есімдеріңді көркем қойыңдар», – деген. Мағынасы тәуәтур дәрежесінде жеткен көптеген риуаят бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) мағынасы жағымсыз есімдерді көркем есімдерге ауыстырған. Осыған мән берген бірқатар мұсылман ғалымы есімнің адамның кейінгі өміріне ықпалы бар деп санаған.

Ақиқа

Ақиқа – арабтар жаһилия дәуірінде де ұстанған рәсім. Алла елшісі (с.а.с.): «Әрбір сәби ақиқасына байлаулы. Жетінші күні оның атынан ақиқа шалынып, шашы алынады, аты қойылады», – деген. Хадистердің бір тобы ақиқаның уәжіп екенін аңғартса, екінші тобы оны мәндүб, яғни құпталатын амал ретінде көрсетеді. Алла елшісі (с.а.с.) немерелері Хасан мен Хұсейнге бір-бір қошқар шалған. Ақиқа туралы сұрағандарға: «Баласы туған кісі оның атынан құрбан шалғысы келсе, шалсын», – деген. Кейбір ғалым ақиқаны бидғат, енді бірі уәжіп деп бағалаған. Мәликтің «Муаттасында» Ибраһим ибн әл-Харис әт-Тәймидің «Тіпті торғай шалса да, ақиқа шалу мұстахаб» деген сөзі келтіріледі. Сол жинақта Абдулла ибн Омар мен Уруа ибн Зүбәйрдің ұл-қыздарының әрқайсысына бір қойдан ақиқа шалғаны айтылады. Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлық келгеннен кейін өз атынан да ақиқа шалғаны баяндалады. Хадистерде ақиқаны көбіне сәбидің жетінші күні шалу айтылған. Хакимнің Айшадан (р.а.) жеткізген риуаяты бойынша, жетінші күні шалынбаса, он төртінші немесе жиырма бірінші күні шалуға болады. Ибн Хажар ақиқаны жетінші күннен балиғатқа дейін шалуға болады, бала балиғатқа жетсе, бұл міндет түседі дейтін пікірді де келтіреді. Жеті күнге жетпей шетінеген сәби үшін ақиқа шалу міндеті туындамайды деп есептелген. Абдурраззақтың «Мусаннафында» ақиқаның шаш алардан бұрын шалынатыны айтылады. Өзге құрбандықтың еті секілді ақиқаның етін де үй-іші жей алады, өзгелерге де үлестіре алады. Хакимнің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) Хұсейн дүниеге келгенде шалынған ақиқаның бір санын баланы қабылдап алған әйелге беруді тапсырған. Жаһилия заманында ақиқаға қатысты қосалқы салттар да болған. Мәселен, сойылған малдың қанын баланың маңдайына жаққан. Алла елшісі (с.а.с.) бұған тыйым салған. Риуаяттарда оның орнына запыран немесе халуқ қолданылғаны айтылады. Қатададан Хаммам жеткізген хадистегі «қан жағылады» деген нұсқаға Әбу Дәуіттің өзі сын айтқан. Оның түсіндіруінше, Хаммам «есім қойылады» деген юсамма сөзін «қан жағылады» деген юдамма сөзімен шатастырған. Әбу Дәуіт «қан жағылады» деген нұсқамен амал етілмейтінін ескерткен. «Фатх әл-Бариде» Қатаданың бұл сөзді жаһилия әдетін сипаттау үшін айтқан болуы мүмкін деген пікір келтіріледі. Ибн Абдулбаррдың пікірінше, Хаммам сөзді дәл жеткізген күннің өзінде, сол үкім кейін жойылған. Ибн Хажар үкімнің жойылғанын көрсететін өзге риуаяттарды да келтіреді. Сондықтан әдеп пен тәрбие туралы кей еңбектерде ұшырасатын «ақиқаның қаны баланың басына жағылады» деген сөз басқа риуаяттарға қайшы келеді және қолданыстағы үкімді білдірмейді.

Сүндетке отырғызу

«Бес нәрсе фитрадан: сүндетке отыру, шап түгін қыру, мұртты басу, тырнақ алу және қолтық түгін жұлу». Бұл жерде «фитра» деп бұрынғы пайғамбарлар ұстанған әрі шариғат құптаған табиғи тазалық амалдары айтылып отыр. Сүндетке отырғызу (хитан) – ертеден әртүрлі халыққа тараған дәстүр. Сүндет туралы көне деректерде яһудилер мен мысырлықтар аталады. Сүндет жайлы еңбек жазған Пучман бұл рәсімнің көнелігін әсірелеп, оны «адамзатта миллиондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан ең көне салт» деп сипаттаған. Ол ежелгі деректерге сүйеніп, бұл салттың мысырлықтарда, қыптыларда, хабаштарда және басқа да халықтарда болғанын көрсеткен. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген Геродот мысырлықтар бұл рәсімді тазалық үшін жасағанын, тазалықты көріктен жоғары қойғанын жазады («Тарих», II, 37). Кей риуаятта Ибраһим (а.с.) алғаш сүндетке отырған пайғамбар ретінде аталады. Оның сол кездегі жасы туралы деректер әртүрлі. Риуаяттарда сегіз, сексен және жүз жиырма жас аталады. Сүндетті кәлима шаһадат секілді мұсылманның айырым белгісі санаған кей ғалымдар оны уәжіп, тіпті парыз деп бағалаған. Шафиғи ғалымдары баланы балиғатқа дейін сүндетке отырғызуды ата-ананың міндеті деп түсіндірген. Осы мәселеге қатысты бір риуаятта дін қабылдаған адамға бұрынғы күпірлік кезіндегі түгін алып, сүндетке отыру айтылған (Әбу Дәуіт, №356).

Ертедегі кей ғалымдар бұл мәселеге айрықша мән беріп, Исламды қабылдаған қарт адамға қауіп төнген жағдайда да сүндетті міндетті санаған. Сүндетке отырғызу мерзімі туралы да түрлі пікір бар. Кей риуаятта туғаннан кейінгі жетінші күн аталады. Көпшілік ғалым мұны мұстахаб деп түсіндіріп, белгілі бір мерзіммен шектеу де, сәби күнінде міндеттеу де қажет емес деген. Кей ғалымдар баланы намазға баулуға қатысты риуаяттағы жас шегін және сүндеттің ауырсыну әкелетінін ескеріп, балиғатқа дейін сүндеттеуді харам деп бағалаған. Кейінірек сүндеттеген дұрыс дегендер Бұхаридің мына риуаятын алға тартады. «Бірде Ибн Аббастан “Алла елшісі (с.а.с.) дүние салғанда жасың нешеде еді?” деп сұрады. Ол “Ол кезде сүндеттеліп қойған едім” деп жауап берді. Содан соң “Ол заманда ер балаларды есейіп, балиғатқа жеткенше сүндеттемейтін” деді» (Бұхари, №6299). Туғаннан кейінгі жетінші күн, жеті жас, тіс ауысар шақ, жеті мен он жас аралығы, он жас және балиғат шағы деген пікірлерді Мәуарди екі мерзімге жинақтаған.

1. Уәжіп болатын мерзім.

2. Мұстахаб саналатын мерзім.

Мәуардидің түсіндіруінше, уәжіп болатын мерзім – балиғатқа жеткен шақ, мұстахаб саналатын мерзім – оған дейінгі кезең. Ол туғаннан кейінгі жетінші күнді ең қолайлы мерзім деп санаған. Нәуәуи де осы күнді мұстахаб көрген.

Сүндет той

Кей риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) дәуірінде сүндетке арнап дастархан жайылып, қонақ шақырылмағаны айтылады. Ал иснады қуатты деп бағаланған өзге риуаяттарда сахабалардың сүндетке орай шағын той өткізгені баяндалады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) айтуынша, Омар (р.а.) аспаптың үнін естігенде алаңдайтын, ал үйлену тойы немесе сүндет тойы екені анықталса, үндемейтін. Бұхари «Әл-Әдәб әл-муфрад» еңбегінде Абдулла ибн Омардың Сәлім мен Нұғаймды бірге сүндетке отырғызып, бір қошқар сойғанын жазады (№1246). Сол жинақта Айшаның (р.а.) бауырының сүндеттелген қыздарының көңілін көтеруге Ади есімді әншіні шақыртқаны да айтылады (№1247). Ибн Хажар сүндетке орай дастархан жайып, қонақ шақыруды «иғзар» деп атайды. Оның ұлға не қызға қатысты екенін нақтыламаған. Мұхаммед ибн Хаж әл-Мәлики ұл баланың сүндетке отырғанын жұртқа жариялауды сүннет деп санаған.

Құлақ тесу

Жоғарыда келтірілген риуаятта жетінші күнге қатысты істердің бірі ретінде қыз баланың құлағын тесу аталған. Бірқатар ғалым қыз бала сырға таға алуы үшін бұған рұқсат берген, ер баланың құлағын тесуді мәкруһ санаған. Ханбали ғалымдары ауырсыну келтіретіндіктен, оны қыздарға да мәкруһ деп бағалаған. Ханафи ғалымдары бұл салт жаһилиядан келе жатса да, Алла елшісінің (с.а.с.) оған тыйым салғаны жетпегенін негізге алып, рұқсат берген.

Баланы лас нәрселерден тазалау

Нәрестенің жетінші күніне қатысты риуаяттарда баланың ұл не қыз екеніне қарамай, ақиқа шалу және оны ластан тазалау айтылады. Хадистерде қайталанатын «ластан тазалау» тіркесін ғалымдар әрқалай түсіндірген. Көбі мұны шаш алу деп ұққан. Кейбірі жаһилия дәуіріндегідей баланың басына ақиқа қанын жақпау, сүндетке отырғызу немесе туған кезде денесінде қалған ласты сүрту деп түсіндірген. Табаранидің Ибн Аббастан жеткізген риуаятында «Денесіндегі лас тазаланады, шашы алынады» делінген. Ибн Хажар бұл екі істің бөлек аталғанына назар аударып, тазалаудың шаш алудан өзге мағынасы да болуы мүмкін екенін ескерткен. Ол кей риуаятта «әза» сөзінің орнына «ақзар» сөзі келгенін көрсеткенімен, бір ғана мағынаны түпкілікті таңдамаған. Сөздікте «әза» шағын зиян мен кемістікті білдіреді. Хадисте ол жолдағы кедергіге, дене мен киімдегі нәжіске, қажылықта шашқа түскен бит секілді мазасыздыққа, сондай-ақ өзгенің тынышын бұзып, қиындық туғызуға қатысты қолданылады. Құранда да мәні қолданысына қарай түрленеді. Жетінші күнгі істер санамаланған риуаятта шаш алу жеке аталғандықтан, «ластан тазалауды» шаш алумен шектеу қисынсыз. Ибн Әсирдің «Ән-Ниһая» еңбегіндегі түсіндірме тәрізді, оны «баланың шашын алу және дүниеге келгенде денесінде қалған қан секілді ласты сүртіп тазалау» деген кең мағынада ұққан жөн.

Шашын алу

Ақиқа туралы көптеген хадисте нәрестенің шашын алу және шаштың салмағындай алтын не күміс садақа беру айтылады. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) немерелері дүниеге келгенде ақиқаны өзі шалып, қызы Фатимаға (р.а.) сәбилердің шашын алып, салмағындай садақа беруді тапсырғаны баяндалады. Фатима Хасан, Хұсейн, Зейнеп және Үммү Гүлсімнің шашын алып, салмағындай күміс садақа берген. Бір риуаятта Хұсейннің шашы бір дирхам тартқаны айтылады. Дихлауи бұл садақаны баланың құрсақтағы кезеңнен аман өтіп, өмірге келгені үшін ата-ананың білдірген шүкірі деп түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдеп» (№5105). Тирмизи, «Әдаһи», 17 (№1514). Тирмизи хадисті «хасан сахих» деп бағалаған.
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 2/447–448. Рәзин келтірген қосымша.
142
Кутуб ситтә, № 142 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ لِرَجُلٍ: «مَا اسْمُكَ؟» قَالَ: «جَمْرَةُ». قَالَ: «ابْنُ مَنْ؟» قَالَ: «ابْنُ شِهَابٍ». قَالَ: «مِمَّنْ؟» قَالَ: «مِنَ الْحُرَقَةِ». قَالَ: «أَيْنَ مَسْكَنُكَ؟» قَالَ: «بِحَرَّةِ النَّارِ». قَالَ: «بِأَيِّهَا؟» قَالَ: «بِذَاتِ لَظًى». قَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَدْرِكْ أَهْلَكَ فَقَدِ احْتَرَقُوا». فَكَانَ كَمَا قَالَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің жеткізуінше, бірде Омар (р.а.) бір кісіден сұрайды.

– Атың кім?

– Жамра («шоқ»), – деп жауап береді ол.

– Кімнің ұлысың?

– Шиһабтың («аққан жұлдыз») ұлымын.

– Қай рудансың?

– Хурақа («күйген») руынанмын.

– Қайда тұрасың?

– Харрат ән-Нарда («отты тастақта»).

– Оның қай тұсында?

– Зәту Лаза («жалынды») деген тұсында, – дейді әлгі кісі.

– Үй-ішіңе тез жет, оларды өрт шалыпты, – дейді Омар (р.а.). Бәрі Омар айтқандай болып шығады1.

Түсіндірме

Имам Мәлик бұл риуаятты «Мәкруһ есімдер» тарауында келтіреді. Кісінің Жамра есімінен бастап үйі тұрған Зәту Лазаға дейінгі атаулардың бәрі отқа қатысты. Осы себепті мұндай атаулардан сақтану ұсынылған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Исти’зан», 25 (2/973).