وَعَنِ الْعَلَاءِ بْنِ الْحَضْرَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْمُهَاجِرُ يُقِيمُ بِمَكَّةَ بَعْدَ قَضَاءِ نُسُكِهِ ثَلَاثًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Әла ибн әл-Хадрами (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұһажир қажылық рәсімдерін аяқтағаннан кейін Меккеде үш күн қалады”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Мекке алынбай тұрып, одан Мәдинаға һижра жасаған мұһажирлерге Меккеге қайта қоныстануға тыйым салынған. Кейін қажылыққа не умраға келген мұһажирлерге осы рәсімдерді аяқтаған соң Меккеде үш күнге дейін қалуға рұқсат берілген. Ғалымдардың көбі осы хадистерден мұһажирлердің Меккеге қайта қоныстануына тыйым салынған деген үкім шығарған.
Кей ғалымдар бұл тыйымды һижра әр мүмінге уәжіп болған алғашқы кезеңге тән деп түсінген. Сондықтан мұһажирлер кейін Меккеге де, басқа жерге де қоныстана алады деген. Тыйым қажылыққа келген барлық адамға ортақ болмаған. Ол Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында Мәдинаға һижра жасаған мұһажирлерге қатысты еді.
Қажылықтан соң Меккеде үш күн қалған мұһажир жолаушы санатынан шықпайтын. Үш күннен артық қалса, тұрақты тұрғын санатына өтетін. Үш күндік рұқсат осыған байланысты. Алла елшісінің (с.а.с.) бұл мәселедегі ұстанымы Қоштасу қажылығы кезінде мұһажир Сағд ибн Хауланың һижра жасап кеткен Меккесінде қайтыс болғанына қынжылғанынан да көрінеді.
2. Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, қоштасу тауабын қажылық рәсімдерінен бөлек ғибадат санаған. Хадисте «рәсімдерін аяқтағаннан кейін» делінеді. Қоштасу тауабы қажылық рәсімдері орындалып, Меккеде болған мерзім аяқталған соң, қаладан шығарда жасалады. Осыған қарап, оны жеке ғибадат деп түсінген.
- 1Бұхари, «Мәнәқиб әл-ансар», 47; Мүслим, «Хаж» (1352); Тирмизи, «Хаж» (949); Әбу Дәуіт, «Мәнәсик» (2022); Нәсәи, «Тақсир әс-салат», 4 (3/122).