وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَقْبَلَ مِنْ مَكَّةَ، حَتَّىٰ إِذَا كَانَ بِقُدَيْدٍ جَاءَهُ خَبَرٌ مِنَ الْمَدِينَةِ، فَرَجَعَ مَكَّةَ بِغَيْرِ إِحْرَامٍ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) Меккеден шығып, Мәдинаға бет алды. Құдайдқа жеткенде, оған Мәдинадан хабар келді. Ол ихрамға кірместен Меккеге қайтты»1.
Түсіндірме
1. Абдурраззақтың риуаятында Ибн Омардың (р.а.) жолдан кері қайтуына Мәдинадағы бүлік туралы хабар себеп болғаны айтылады. Ибн Омар бүлікке араласудан бойын аулақ ұстаған сахабалардың бірі еді.
2. Ибн Шиһаб, Хасан Басри, Дәуіт Заһири және олардың пікірін ұстанған ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, Меккеге ихрамсыз кіруге рұқсат берген. Олардың пайымдауынша, ихрам қажылық пен умраға қажет, ал өзге жағдайда Алла да, Алла елшісі (с.а.с.) де ихрамды шарт етпеген.
Ғалымдардың көпшілігі бұл мәселеде өзге пікір ұстанған. Имам Мәлік Таиф секілді жақын қалалардан жеміс немесе отын сатуға келгендерге Меккеге ихрамсыз кіруге рұқсат берген. Ғалымдардың көбі де осыны құптаған. Меккеден еліне қарай шығып, жолдан кері қайтқандар да Ибн Омар секілді ихрамсыз кіре алады деген. Ал сырттан сауда, зиярат немесе өзге мақсатпен келетін адам Харам аумағына ихраммен кіруге тиіс деп санаған. Осы пікірге сай, Меккеге баруға ант еткен адамға қажылық не умра ниетімен ихрамға кіру уәжіп болады.
Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған күннен басқа кездері қалаға ихраммен кірген.
3. Құдайд – Меккеге таяу, Мәдинаға баратын жолдағы мекен.
- 1Мәлік, «Муатта», «Хаж», 248 (1/423).