وَعَنِ الْعَبَّاسِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «ذَاقَ طَعْمَ الْإِيمَانِ مَنْ رَضِيَ بِاللَّهِ رَبًّا، وَبِالْإِسْلَامِ دِينًا، وَبِمُحَمَّدٍ رَسُولًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Аббас ибн Абдулмутталиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Алланы Раббы, исламды діні, Мұхаммедті Алланың елшісі деп танып, соған разы болған жан иманның дәмін татады”, – дегенін естідім»1.
Түсіндірме
Имам Нәуауидің түсіндіруінше, араб тіліндегі «разы болдым» деген сөз «соған қанағат еттім, соны жеткілікті көріп, басқаға мұқтаждық сезінбедім» дегенді білдіреді. Хадистің мәні – исламға толық мойынсұнып, оны өмірлік жолы етіп таңдамаған, Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетін тұтастай қабылдамаған адам иманның шынайы ләззатын тата алмайды. Өзін мұсылман санай тұра, діннің кей бұйрығын ұнатпай, сынап-мінейтін, адами пайымын не жеке пікірін алға тартатын адам осы мінезінен арылмайынша, иманның тәттілігін сезіне алмайды.
Қади Ияз хадисті былай түсіндіреді: «Бұл сипаттар бойында бар адамның иманы шынайы, жаны иман ақиқаттарына бекіп, рухы тыныштық табады. Айтылғандарға разы болуы оның соларды анық білгенін, діни мәселелердің мәніне бойлағанын және жүрегіне иман қуанышы ұялағанын аңғартады. Адам бір нәрсеге шын разы болса, сол нәрсе оған жеңіл тиеді. Мүміннің халі де осындай. Иман жүрегіне шын мәнінде орныққанда, Аллаға құлшылық ету оған жеңіл әрі ләззатты болады».
- 1Мүслим, «Иман», 56 (№ 34). Тирмизи, «Иман», 10 (№ 2623, Ибраһим Жанан басылымында № 2625).