Хадис

Кутуб ситтә, № 1566

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
201. Харам аймағында қару алып жүру
Нөмірі
№ 1566 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1566
Кутуб ситтә, № 1566 · тараудағы реті: 1

عَنِ ابْنِ جُرَيْجٍ قَالَ: «أَصَابَ ابْنَ عُمَرَ سِنَانُ رُمْحٍ فِي أَخْمَصِ قَدَمِهِ بِمِنًى، فَجَاءَ الْحَجَّاجُ يَعُودُهُ فَقَالَ: لَوْ نَعْلَمُ مَنْ أَصَابَكَ. فَقَالَ: أَنْتَ أَصَبْتَنِي. فَقَالَ: وَكَيْفَ؟ قَالَ: حَمَلْتَ السِّلَاحَ فِي يَوْمٍ لَمْ يَكُنْ يُحْمَلُ فِيهِ، وَأَدْخَلْتَ السِّلَاحَ الْحَرَمَ، وَلَمْ يَكُنِ السِّلَاحُ يُدْخَلُ الْحَرَمَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Журәйж былай дейді: «Минада Ибн Омардың (р.а.) табанына найзаның ұшы қадалды. Хажжаж көңілін сұрай келіп: “Сені жаралаған адамды білсек қой!” – деді. Ибн Омар: “Мені сен жараладың”, – деп жауап берді. Хажжаж: “Қалайша?” – деді. Сонда Ибн Омар: “Қару алып жүрмейтін күні қару ұстадың. Қару кіргізілмейтін Харам аймағына қару кіргіздің”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Автордың баяндауынша, Ибн Омар (р.а.) «Мені сен жараладың» деп, жарақат салуды Хажжаж тапсырғанын меңзеген. Абдулла ибн Зубәйір қаза тапқаннан кейін, халифа Абдулмәлик Хижаз әкімі Хажжажға хат жазып, Абдулла ибн Омарға (р.а.) еш мәселеде қарсы шықпауды бұйырған. Бұл бұйрықты ауыр қабылдаған Хажжаж оны өлтіруге бел буып, бір адамына улы найза жұмсауды тапсырған делінеді. Сол адам қалың жұрттың арасында түйе үстінде отырған Ибн Омардың аяғына найза қадаған. Ибн Омар удың әсерінен науқастанып, көп ұзамай дүние салған. Бұл оқиға һижраның 74-жылы болған.

2. Осы түсіндірме бойынша, хадистегі «Қару алып жүрдің» деген сөз «Қару алып жүруге сен бұйырдың» дегенді білдіреді.

3. Сахаба «қару алып жүруге тыйым салынған күні» деп, кімнің тыйым салғанын атамаған. Ғалымдар мұны Алла елшісінен (с.а.с.) жеткен үкім, яғни марфуғ хабар деп қабылдаған. Осылайша айт күні қару алып жүруге Пайғамбардың (с.а.с.) өзі тыйым салған деген тұжырым жасалған. Абдурраззақ жеткізген мүрсәл риуаятта да айт күні қару алып шығуға Алла елшісі (с.а.с.) тыйым салғаны айтылады. Ибн Мәжадағы өзге риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) дұшпанмен бетпе-бет келмейінше, екі айтта да мұсылман елдерінде қару алып жүруге тыйым салған», – делінген. Мүслимдегі риуаятта Меккеде қару алып жүруге тыйым салынғаны айтылады.

  1. 1Бұхари, «Идайн», 9 (966–967). Жинақта оқиғаны Сағид ибн Жубәйір және Сағид ибн Амр жеткізген нұсқалар берілген.