وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ الْمُحَبَّقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَضَى فِي رَجُلٍ وَقَعَ عَلَى جَارِيَةِ امْرَأَتِهِ: إِنْ كَانَ اسْتَكْرَهَهَا فَهِيَ حُرَّةٌ، وَعَلَيْهِ لِسَيِّدَتِهَا مِثْلُهَا، فَإِنْ كَانَتْ طَاوَعَتْهُ فَهِيَ لَهُ، وَعَلَيْهِ لِسَيِّدَتِهَا مِثْلُهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Сәләмә ибн Мухаббақтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) әйелінің күңімен қатынас жасаған ер адамға мынадай үкім берген: «Егер ол күңді мәжбүрлеген болса, күң азат етіледі. Ер адам күңнің иесіне соған тең өтем беруге міндетті. Ал күң өз еркімен келіскен болса, ер адамға қалады, бірақ ол бұрынғы иесіне соған тең өтем беруге міндетті»1.
Түсіндірме
Бұл риуаяттың үкімі алдыңғы хадистегіден өзгеше. Ол жерде хадд талқыланса, мұнда өтем белгіленген. Хаттаби: «Осы хадиске сүйеніп, пәтуа берген бірде-бір фиқыһ ғалымын кездестірмедім. Бұл риуаяттың үкімі жойылған болуы керек», – деген. Бәйхақи «Сунәнінде»: «Фиқыһ ғалымдарының өздерінен бұрынғы табиғиндер секілді бұл риуаятты басшылыққа алмауы және осыған келісуі оның үкімі худуд туралы үкіммен жойылғанын көрсетеді», – деген. Одан кейін Әшғастың بَلَغَنِي أَنَّ هَذَا كَانَ قَبْلَ الْحُدُودِ («Маған жеткен хабарға қарағанда, бұл үкім худуд белгіленбей тұрып қолданылған») деген сөзін келтірген.
- 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 28 (4460–4461). Нәсәи, «Никах», 70 (7/124). Ибн Мәжа, «Худуд», 8 (2553).