Хадис

Кутуб ситтә, № 1604

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
206. Мүртәд, қарақшы және бүлікші туралы талдау
Нөмірі
№ 1604 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 16
1604
Кутуб ситтә, № 1604 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ رَجُلًا مِنْ بَكْرِ بْنِ لَيْثٍ أَتَى النَّبِيَّ ﷺ فَأَقَرَّ أَنَّهُ زَنَى بِامْرَأَةٍ أَرْبَعَ مَرَّاتٍ، فَجَلَدَهُ مِائَةً وَكَانَ بِكْرًا، ثُمَّ سَأَلَهُ الْبَيِّنَةَ عَلَى الْمَرْأَةِ، فَقَالَتْ: كَذَبَ وَاللَّهِ يَا رَسُولَ اللَّهِ، فَجَلَدَهُ حَدَّ الْفِرْيَةِ ثَمَانِينَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бәкр ибн Ләйс тайпасынан бір адам Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, бір әйелмен зина жасағанын төрт рет мойындады. Ол бойдақ болғандықтан, Алла елшісі оған жүз дүре соқтырды. Содан кейін әйелге таққан айыбына дәлел сұрады. Әйел: “Уа, Алланың елшісі! Аллаға ант етемін, ол өтірік айтты”, – деді. Сонда Алла елшісі әлгі адамға жала жапқаны үшін сексен дүре жазасын белгіледі»1.

Түсіндірме

1. Алдыңғы хадисте Алла елшісі (с.а.с.) зина жасағанын мойындаған кісіге зинаға белгіленген хадд жазасын қолданған. Бұл риуаятта зина үшін де, жала үшін де жаза қолданылған.

2. Ғалымдар бұл мәселеде әртүрлі үкім айтқан. Сәһл ибн Сағдтың (р.а.) риуаятын негізге алған имам Мәлік пен имам Шафиғи белгілі бір әйелмен зина жасағанын мойындаған адамға зина жазасы қолданылатынын айтқан.

Әбу Ханифа мен Әузағидың пікірінше, әйелдің мойындамауы зина хаддын қолдануға кедергі болатын күмән туғызады. Сондықтан жала хадды ғана қолданылады. Бұл пікірге қарсы «әйелдің теріске шығаруы ер адамның өз мойындауын жарамсыз ете алмайды» деген уәж айтылған.

Имам Мұхаммед имам Шафиғи мен өзге бір фақиһтан да осыған қатысты пікір жеткізген. Оның пайымынша, зина мен жала жазасы қатар қолданылады. Бұл пікірді ұстанғандар жоғарыдағы Ибн Аббас хадисін дәлелге келтіреді.

Шәукани имам Мұхаммедтің пікірін қолдайды. Оның айтуынша, хадистің сыртқы мағынасы бұл тұжырымды екі тұрғыдан қуаттайды:

а) «Сәһл риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) әлгі адамға жала жазасын қолданбаған. Алайда бұдан жала жазасы міндетті түрде түсіріледі деген қорытынды шықпайды. Әйел мұндай талап қоймаған болуы ықтимал. Немесе Сәһл риуаятындағы оқиғада жала жазасын түсіретін өзге бір себеп болған шығар. Ибн Аббас хадисінде болса, әлгі адамға жала жазасы қолданылғаны айтылады.

б) Жалаға қатысты дәлелдердің сыртқы мағынасы үкімнің жалпыға ортақ екенін білдіреді. Мұндай үкімнен нақты дәлелмен ғана ерекшелік жасалады. Алла елшісі осы жағдайдағы кісіні жала жапқан деп танып, хадд жазасын қолданған».

Жаза қолдану – мемлекеттің құзыреті

Алла елшісінің (с.а.с.) бүкіл сүннеті – адамзатқа рақым. Оның мемлекет басшысы ретінде атқарған істерін мемлекеттің өкілетті тұлғалары мен мекемелері жүзеге асырады. Мұны білмеген адам теріс әрекетке баруы мүмкін. Жеке адамның қылмысқа өз бетінше жаза тағайындауға ұмтылуы дін атынан жасалатын аса қауіпті іске айналады. Мұның жөнсіздігін жеткізуге «анархия» деген сөздің өзі аздық етеді.

Шариғат үкімдері қолданыста жоқ жерде жаза қолдануға кімнің құзыреті барын жете білмеген кейбір дін жанашырлары жаңсақ әрекетке баруы мүмкін. Осыған орай мына түсіндірмені келтірейік:

«Қылмыстық жаза бірнеше сатыдан кейін қолданылады:

а) Қылмыстың жасалғанын анықтау;

ә) Қылмысқа сай жаза тағайындау;

б) Үкімді орындау.

Ислам діні бұл істерді ресми тағайындалған қазыға, өкілетті басшыға немесе оның өкіліне тапсырады. Кейбір ауыр қылмыстарға берілетін жазаның түрі мен мөлшері насстарда бекітілген. Олар худуд деп аталады. Мемлекет басшысы да, қазы да мұндай жазаны жеңілдете алмайды, ауырлата алмайды немесе басқа жазамен алмастыра алмайды. Қысас пен диятқа қатысты жәбірленушінің немесе оның уәлиінің кешіруге құқығы бар.

Хадд жазасы қарастырылған істерде жәбірленушінің талап қойған-қоймағанына қарамастан, жазаны мемлекет орындайды.

Жазаны мемлекет басшысы немесе оның өкілі орындауға тиіс дегенге фақиһтардың бәрі келіскен. Алла елшісінің (с.а.с.) және төрт әділетті халифаның тұсында олардың рұқсатынсыз хадд жазасы қолданылмаған.

Осы арада мынадай сұрақ туады. Қысас пен диятқа қатысты құқық жәбірленушіге немесе оның уәлиіне тиесілі. Айталық, біреу екінші адамның қолын кесіпті. Жәбірленуші осы құқыққа сүйеніп, қазы үкім шығармай тұрып өз бетінше қысас қолданса, іс қалай қаралады?

Мұндай жағдайда алғашқы қылмыс дәлелденсе, жәбірленуші қол кесу қылмысымен айыпталмайды, өйткені қысасқа құқығы болған. Алайда ол асығыстық жасап, өз құқығын мерзімінен бұрын пайдаланғаны және қысасты орындауға өкілетті мемлекеттік органдарға бағынбағаны үшін тағзир жазасына тартылады.

Қазы қысас туралы үкім шығармай тұрып өз бетінше әрекет еткен кісі алғашқы қылмысты дәлелдей алмаса, ол жасаған ісі үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Мысалы, бір кісі “ұлымды өлтірді” деп басқа адамды өлтіріп, кейін айыбы нақты дәлелдермен расталмаса, өзі қасақана кісі өлтіргені үшін жазаланады. Осы екі мысалда қол кесу немесе кісі өлтіру туралы айыптың өзі жала болуы ықтимал. Қол жазатайым кесілуі, бала абайсызда қайтыс болуы мүмкін. Біреу осындай оқиғаны пайдаланып, дұшпанына жала жауып, одан кек алмақ болуы да ғажап емес. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін Ислам діні қылмысты анықтау мен үкім шығару ісін қазыға тапсырған.

Бұл қағида мұртадқа да қатысты. “Мұртадты басшының рұқсатынсыз өлтірген адамға шариғат бойынша жөнге салу жазасы қолданылады”. Қарақшыларды жазалау да басшының немесе оның өкілінің құзыретінде. Қарақшылықтан жапа шеккен адам да, қаза тапқан адамның уәлиі де жазаны өз бетінше орындай алмайды. Бұл жөнінде: “Қарақшылық айыбымен қамалған адамды, қылмысы дәлелденбей тұрып, марқұмның уәлиінен басқа біреу әдейі өлтірсе, оған қысас қолданылады. Қамалған адамның қылмысы кейін дәлелденсе де, қазы оның өліміне үкім шығармайынша, айыптаудың өзі оның өміріне қол сұғуға құқық бермейді”, – делінген».

Автордың пайымынша, жаза тағайындау ісін мемлекеттің құзыретіне беру қоғамдағы теріс пиғылдар мен солардан өршитін бүліктің алдын алады. Өз бетінше сот құру, қан дауы мен кекшілдік шынайы мүміндерге жат әрекет саналады.

Жаза тағайындау мемлекетке тиесілі екенін Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіндегі мына оқиға да аңғартады. Ибн Аббастан жеткен риуаят бойынша «Ары таза әйелдерге зина қылды деп, жала жапқаннан кейін сөзін растайтын төрт бірдей куә әкеле алмағандарға сексен дүре соғыңдар. Содан кейін олардың куәлігін әсте қабылдамаңдар. Олар азғындардың нақ өзі.»2 деген аят түскенде, қызғаншақтығымен танылған Сағд ибн Убада: «Аят осылай дей ме? Әйелімді бір еркекпен бірге үстінен түссем, төрт куәгер әкелгенше оған тиіспей, сол күйінде қалдыруым керек пе? Аллаға ант етемін, мен төрт куәгер әкелгенше, ол ісін бітіріп, кетіп қалады ғой. Әйелімнің жанынан бөгде еркекті көрсем, қылышыммен ұрар едім», – дейді. Сонда Алла елшісі жамағатқа: «Сағдтың қызғанышына таңырқайсыңдар ма? Мен одан да қызғаншақпын, Алланың қызғанышы менен де артық. Сондықтан Алла ашық та, жасырын да арсыз істерге тыйым салған. Тәубе мен өкінішті Алладан артық ұнататын ешкім жоқ. Сол себепті Ол тозақтан сақтандыратын, жаннатпен сүйіншілейтін пайғамбарлар жіберген», – дейді.3

Сағд сонда: «Уа, Алланың елшісі! Айтқаныңыз – ақиқат, ол Алладан келген. Бірақ алғаш естігенде тосылып қалдым», – дейді.

Түсіндірмеде Алла елшісінің (с.а.с.) Сағд ибн Убадаға айтқан сөзі былай ұғынылады: «Алланың қызғанышы сенікінен артық болса да, Ол тәубе мен өкінішті жақсы көреді. Дәлел анықталғанда ғана жауапқа тартады. Ендеше, неге кісі өлтіруге ұмтыласың?»

Имам Шафиғи осы риуаятқа сүйеніп, әйелімен зина үстінде ұстадым деп басқа адамды өлтірген ер кісі сөзін дәлелдей алмаса, өлім жазасына кесіледі деген.

Алла елшісі (с.а.с.) қылмыс нақты дәлелдермен расталмайынша, жеке пайымына сүйеніп жаза кеспеген. Ибн Мәжа келтірген, кей тұсы Бұхариде де кездесетін риуаятта былай делінген:

لَوْ كُنْتُ رَاجِمًا أَحَدًا بِغَيْرِ بَيِّنَةٍ لَرَجَمْتُ فُلَانَةَ، فَقَدْ ظَهَرَ فِيهَا الرِّيبَةُ فِي مَنْطِقِهَا وَهَيْئَتِهَا وَمَنْ يَدْخُلُ عَلَيْهَا.

«Біреуге дәлелсіз ражм жазасын қолданар болсам, пәлен әйелге қолданар едім. Оның сөзі, сыртқы қалпы және оған кіріп жүрген кісілер ол туралы күдікті қуаттайды».4

Нәуәуидің түсіндіруінше, бұл жерде зинаға нақты дәлел келтірілмеген, әйел де айыбын мойындамаған. Дегенмен әйелге қатысты жаман хабарды көп адам естіген. Хадисте сол хабар меңзеледі. Жаман хабардың кең тарауы хадд жазасын қолдануға негіз бола алмайды. Нақты дәлел қажет.

Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта бір адамның өз күңін арсыздық жасады деп айыптап, отқа күйдіргені айтылады. Мұны естіген әзірет Омар (р.а.) әлгі адамды шақыртып алып, сұраққа тартады:

– Оның арсыздық жасағанын өз көзіңмен көрдің бе?

– Жоқ.

– Өзі мойындады ма?

– Жоқ.

Сонда әзірет Омар әлгі адамды жазалап: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Қожайынға құлы үшін қысас қолданылмайды” дегенін естімегенімде, саған қысас қолданар едім», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 31 (4467).
  2. 2«Нұр» сүресі, 4-аят.
  3. 3Оқиғаның параллель нұсқасы Муғирадан жеткен: Бұхари, «Худуд» (6846), «Тәухид» (7416); Мүслим, «Лиған» (1499).
  4. 4Ибн Мәжа, «Худуд» (2559); Бұхари, «Талақ» (5310).