وَعَنْ مَالِكٍ قَالَ: «بَلَغَنِي أَنَّ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أُتِيَ بِامْرَأَةٍ وَلَدَتْ فِي سِتَّةِ أَشْهُرٍ، فَأَمَرَ بِرَجْمِهَا. فَقَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: لَيْسَ ذَلِكَ عَلَيْهَا، إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَقُولُ: ﴿وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْرًا﴾، وَقَالَ: ﴿وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلَادَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَنْ يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ﴾، فَالْحَمْلُ يَكُونُ سِتَّةَ أَشْهُرٍ، فَلَا رَجْمَ عَلَيْهَا. فَبَعَثَ عُثْمَانُ فِي أَثَرِهَا فَوَجَدَهَا قَدْ رُجِمَتْ».
Имам Мәлік былай дейді: «Маған жеткен хабарға қарағанда, әзірет Османға (р.а.) тұрмыс құрғанына алты ай болғанда босанған бір әйелді әкелді. Ол ражм жазасына үкім етті. Сонда әзірет Әли (р.а.): “Бұл әйелге мұндай жаза қолданылмайды. Алла тағала Құранда ﴿وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْرًا﴾ ‘Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы отыз айға созылады’1 дейді. Басқа аятта ﴿وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلَادَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَنْ يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ﴾ ‘Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін. Бұл баланы толық әрі жақсылап емізгісі келгендер үшін’2 деп бұйырған. Олай болса, жүктілік мерзімі алты ай болуы мүмкін, оған ражм қолданылмайды”, – деді. Осман әйелдің соңынан адам жіберді. Алайда үкім орындалып қойған еді»3.
Түсіндірме
Әзірет Осман (р.а.) некенің алтыншы айында босанған әйел туралы үкімін жүктілік әдетте тоғыз айға созылады деген түсінікке сүйеніп шығарған. Алла елшісі (с.а.с.) «ілім шаһарының есігі» деп атаған әзірет Әли (р.а.) Құран аяттарының мағынасына үңіліп, алты айда да босануға болатынын түсіндіріп, Османды осыған иландырған. Автор мұндай жағдай сирек кездесетінін ескерткен. Алайда бұл кезде әйелге қатысты үкім орындалып қойған еді. Ибн Әбу Хатим жеткізген риуаяттың соңында Әлидің түсіндірмесін құптаған Османның мына сөзі айтылады:
وَاللَّهِ مَا فَطَنْتُ لِهَذَا
Осман (р.а.): «Аллаға ант етемін, мұны аңғармаппын», – деген.
Абдурраззақ келтірген риуаятта осыған ұқсас іс Османнан бұрын әзірет Омардың алдына келгені айтылады. Омар сахабалармен кеңескенде, мәселенің шешімін әзірет Әли жоғарыдағыдай түсіндірген.
Бұл риуаятқа қарағанда, әзірет Осман Омардың тұсындағы оқиғадан хабарсыз болған. Автор бұл оқиғалардан Құран аяттарының терең мағынасын ұғуда әзірет Әлидің (р.а.) Омар мен Осман секілді алдыңғы қатарлы сахабалар арасында айрықша орны болғанын аңғартады. Риуаяттың мәні де осында.