وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا سَرَقَ الْعَبْدُ فَبِيعُوهُ وَلَوْ بِنَشٍّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Құл ұрлық жасаса, бір нәшшке болса да, сатыңдар”, – деді»1.
النَّشُّ: النِّصْفُ مِنْ كُلِّ شَيْءٍ.
Түсіндірме
1. Ұрлық құлдың бағасын түсіретін кемшілік саналған. Сатқанда осы кемшілігін айту қажет болған.
2. Мәтіндегі «нәшш» сөзінің түпкі мағынасы – «жарты». Қырық дирхамдық салмақтың жартысын да нәшш деген, бұл жиырма дирхамдық салмаққа тең. Автор бұл тұста сөз нақты бағаны білдірмей, «мейлінше арзанға болса да» деген мағынада жұмсалғанын айтады.
Әли әл-Қари «Шархус-сүннадан» мына мағлұматты келтіреді: «Ғалымдар құлдың қашып жүрген-жүрмегеніне қарамастан, ұрлық жасаса, қол кесу жазасы қолданылатынын айтқан. Ибн Омардан жеткен риуаятта оның бір құлы қашып жүргенде ұрлық жасағаны айтылады. Ибн Омар оны Сағид ибн әл-Асқа жіберіп, қолын кесуді талап етті. Сағид “Қашып жүрген құлдың ұрлығы үшін қолы кесілмейді” деп бас тартты. Абдулла ибн Омар (р.а.): “Бұл үкімді қай кітаптан көрдің?” – деп, қолын кесуге әмір етті. Сөйтіп, жаза орындалды».
Омар ибн Абдулазиздің де ұрлық жасаған құлдың қолын кестіргені риуаят етіледі. Имам Мәлік, имам Шафиғи және фақиһтардың көбі осы пікірді ұстанған.
- 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 22 (4412), Нәсәи, «Сариқ», 16 (8/91).