وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: مَنْ شَرِبَ الْخَمْرَ فَاجْلِدُوهُ إِلَى الرَّابِعَةِ فَاقْتُلُوهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَلِأَبِي دَاوُدَ عَنْ قَبِيصَةَ بْنِ ذُؤَيْبٍ: «فَأُتِيَ بِرَجُلٍ قَدْ شَرِبَ فَجَلَدَهُ، ثُمَّ أُتِيَ بِهِ فَجَلَدَهُ، ثُمَّ أُتِيَ بِهِ فَجَلَدَهُ، ثُمَّ أُتِيَ بِهِ فَجَلَدَهُ، وَرَفَعَ الْقَتْلَ فَكَانَتْ رُخْصَةً».
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Хамр ішкен адамға дүре соғыңдар. Төртінші рет ішсе, өлтіріңдер”, – деді»1.
Әбу Дәуіт Қабиса ибн Зуәйбтен мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісіне (с.а.с.) хамр ішкен бір адам әкелініп, оған дүре соғылды. Екінші рет әкелінгенде де дүре соғылды. Үшінші, төртінші рет әкелінгенде де сол жаза қолданылды. Өлтіру жазасы алынып тасталды. Сөйтіп, жеңілдік жасалды».
Түсіндірме
Бұл хадистің бірнеше нұсқасы бар. Оларда алғашқы үш жолы дүре, төртінші жолы өлім жазасы туралы айтылған. Тирмизи Бұхариден жеткізген түсіндірмеге қарағанда, бұл әмір хамрға тыйым салынған алғашқы кезеңге тән. Кейін оның күші жойылған. Көпшілік ғалым осы пікірді ұстанған. Бұл пікір бойынша, адам хамрды төрт түгіл он рет ішсе де, сол себепті өлім жазасына кесілмейді.
Тирмизидің түсіндіруінше, бұл хадистің үкімімен амал еткен фақиһ болмаған. Сөйтіп, осы үкімді қолданбау жөнінде ижмағ қалыптасқан. Кей ғалымдар үкімнің күші жойылғанын сол ижмағпен негіздеген.
Тирмизи ішімдік ішудің өзі өлім жазасына негіз болмайтынын қуаттайтын риуаятты келтіреді: «Алладан басқа тәңір жоқтығына куәлік еткен мұсылманның қаны үш жағдайда ғана халал болады: жанға жан қысасы, некеде болған адамның зина жасауы, дінін тастап, жамағаттан бөлінуі».
Кей ғалымдар хадистегі «өлтіру» сөзімен ауыр дүре меңзелген деп түсіндірген.
Кейінгі ғалымдардың бір бөлігі осы хадистің үкімімен амал ету керек деген. Суюти мен Синди де солардың қатарында. Суюти Тирмизиге жазған шәрхінде төртінші ретке қатысты өлім жазасы айтылған оннан астам сахих әрі анық риуаят келтірген. Ол хадистің үкімі жойылды дегендердің нақты дәлел келтірмегенін айтқан.
- 1Нәсәи, «Әшриба» (5661), Ибн Омар және бірнеше сахабаның риуаяты. Мағыналас нұсқалар: Әбу Дәуіт (4482), Тирмизи (1444), Мұғауияның риуаяты. Жазаның жойылғаны жөніндегі Қабиса ибн Зуәйбтің риуаяты: Әбу Дәуіт (4485).