Хадис

Кутуб ситтә, № 1662

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
214. Анықтамасы:
Нөмірі
№ 1662 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1662
Кутуб ситтә, № 1662 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا حَسَدَ إِلَّا فِي اثْنَتَيْنِ: رَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ الْحِكْمَةَ فَهُوَ يَقْضِي بِهَا وَيُعَلِّمُهَا، وَرَجُلٌ آتَاهُ اللَّهُ مَالًا فَسَلَّطَهُ عَلَى هَلَكَتِهِ فِي الْحَقِّ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғудтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Екі кісіге ғана ғибта етуге болады. Бірі – Алла берген даналықпен үкім шығарып, оны өзгелерге үйреткен кісі. Екіншісі – Алла дәулет нәсіп етіп, сол дәулетін хақ жолында түгесілгенше жұмсай алған кісі».1

Түсіндірме

1. Хадисті түсіну үшін «хасад» пен «ғибтаны» ажыратып алған жөн. Араб тіліндегі «хасад» күншілдік, іштарлық, көре алмаушылық дегенді білдіреді. Күншіл кісі өзгенің нығметтен айырылып, оған тек өзі ие болғанын тілейді. Сол нығметті иесінен тартып алу үшін қылмысқа дейін баруы мүмкін. Шариғат қызғаныштың бұл түріне тыйым салады.

«Ғибта» – өзгенің нығметіне ізгі ниетпен қызығу. Кісі өзгенің қолындағы нығметті көріп, «Шіркін, маған да сондай нығмет бұйырса ғой» деп тілеуі мүмкін. Сол адамның қолындағысынан айырылуын қаламаса, бұл – ғибта. Ал хасадта өзіне сондай нығмет тілеумен бірге, оның өзгеден кетуін де қалау бар.

Ғибта шариғатта құпталады, өйткені ол адамды жақсылықта жарысуға ынталандырады. Дінде мұны «мұнафаса», яғни «өзара жарысу» деп атайды. Жақсылық пен құлшылықта жарысу – мақтаулы іс. Алла Тағала Құранда ﴿وَفِي ذَٰلِكَ فَلْيَتَنَافَسِ الْمُتَنَافِسُونَ﴾ «Ендеше, өзара жарысатындар осынау мәңгілік жаннат мекен үшін жарыссын!»2 деп баяндайды. Шариғат жақсылықта жарысуға рұқсат етеді, күнә істеуде жарысуға тыйым салады.

2. Бұл хадисте «хасад» сөзі «ғибта» мағынасында қолданылған. Аталған екі нығмет – даналық пен мал-мүлік. Екеуі де Алла жолына жұмсалғанда мақтауға және қызығуға лайық. Нәпсінің қалауы мен жамандыққа жұмсалған дүние мен ілім адамға ауыр жауапкершілік жүктейді. Алла елшісі (с.а.с.) ондайға қызығуды құптамаған.

3. Алла елшісінің қызығуды аталмыш екі нығметпен шектеуіндегі хикмет – Алла тағалаға бойсұну тәнмен және дүние-мүлікпен жүзеге асатынын көрсету. Хадисте тәнмен бойсұну ретінде даналық және сол даналықты өзгеге үйрету мәселесі мысалға келтірілген. Абдулла ибн Омардан жеткен хадисте: «Алла Тағала Құран ілімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқитын һәм ондағы үкімдермен амал ететін ғалым» деп келеді. Ғұламалар бұл хадисті: «Құранды намазда тұрғанда және намаздың сыртында оқитын және онымен амал ететін, оны басқаға үйретіп, Құранмен үкім шығаратын адам», – деп түсіндірген.

4. Хадистің басқа сахабалар тарапынан риуаят етілген нұсқаларында қосымша сөздер бар. Бұл қосымшаларға қарасақ, Пайғамбарымыз осы хадисін айтқан кезде, араларынан бір адам: «Шіркін, маған да пәленшеге берілген мал-мүлік беріліп, ол секілді мен де жақсы амалдар жасағанымда ғой», – деп армандайды. Сонда Пайғамбарымыз, өзіне берілген нығметті пайдаланып, Алла жолында жақсы амал жасаған адаммен, өзіне ондай нығмет берілмесе де Алла жолында сондай амал жасауды шын жүрегімен тілеген адамның сауабы бірдей болатынын айтып, былай деген: عَبْدٌ رَزَقَهُ اللَّهُ عِلْمًا وَلَمْ يَرْزُقْهُ مَالًا فَهُوَ صَادِقُ النِّيَّةِ يَقُولُ لَوْ أَنَّ لِي مَالًا لَعَمَلْتُ مِثْلَ مَا يَعْمَلُ فُلَانٌ فَأَجْرُهُمَا سَوَاء. «Кімге Алла тағала білім нәсіп етіп, бірақ мал-дүниені нәсіп етпесе, әлгі адам шынайы ниетімен: “Маған да мал-дүние нәсіп болғанда, бәленше секілді мен де ол дүниені Алла жолында жұмсар едім”, – деп тілейтін болса, екеуі де сауап тұрғысынан тең болады»3, – деген.

Сондай-ақ басқа бір хадисте: اَلطَّاعِمُ الشَّاكِرُ كَالصَّائِمِ الصَّابِرِ. «Тамақты шүкір етіп жейтін адам сауап тұрғысынан ораза ұстағанда сабыр ететін адам секілді», – деген.

  1. 1Бұхари, «Ілім», 15, № 73, «Зекет», 5, «Ахкам», 3, «Иғтисам», 13. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 268, № 816.
  2. 2«Мұтаффифин» сүресі, 83:26.
  3. 3Тирмизи, «Зүһд», № 2325.